Діни басқарма өкілдері «Тауаф» қажылық компаниясының пайда табуды көздемейтінін айтып отыр. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жанынан биыл «Тауаф»қажылық компаниясы ашылып отыр. Туристік фирма биылғы жылы 300 адамды қажылыққа апармақ.
«Қажылық саласындағы түрлі туристік компаниялардың ұлы қажылықты, ғибадатты туристік сапарға немесе бизнес көзіне айналдырып жібергені баршамызға аян. Осы мақсатта діни басқарма көп жылдан бері ниет еткен туристік компания биыл құрылды. Мақсатымыз бизнеске, туристік сапарға айналған ұлы құлшылық сапарын өз деңгейінде халыққа паш ету. Жалпы, қажылыққа ниет еткен азаматтардың құлшылығын өз деңгейінде атқаруға көмектесу», – дейді «Тауаф» қажылық компаниясының директоры Жәнділла Бекжігітов.
Жалпы, биыл елімізде 2,5 мың адам қажылыққа бармақ. Оның 300-ін діни басқарма жанынан құрылған туристік компания апаруды көздеп отыр.
«Екі қызмет пакетін ұсынамыз. Біріншісі – «Эконом», құны – 3800 доллар. Екіншісі – «Стандарт», бағасы 4200 доллар. Діни басқарманың қажылық компаниясы болғаннан кейін тек қажыға кететін шығынды шығарып алуды ұйғарып отырмыз. Ұшуы, жататын жері, жүріп- тұруы, тамағы – осылардың шығыны шығарылып алады. Онымен бірге топ басшысы имамдар барады, олардың шығыны қосылады. «Эконом» мен «Стандарттың» айырмашылығы қонақүйде ғана болады», – дейді ол.
Бұдан бөлек, туристік компанияның имамдары қажылыққа ниет еткен адамдарды ұлы рухани сапарға дайындайтын болады. Діни басқарма өкілдері «Тауаф» қажылық компаниясының пайда табуды көздемейтінін айтып отыр. Ол алдағы уақытта қажылық сапары үшін арзан баға ұсынатын, халыққа ыңғайлы жағдай жасайтын фирмаға айналады деген пікірде. Биыл Сауд Арабиясына қазақстандықтар 22-26 тамыз аралығында тасымалданатын болады. Елге қажылар 6-10 қыркүйекте оралады.
Айта кетсек, биыл қажылыққа ниет еткендер Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан тікелей Мекке, Мәдина және Жидда қалаларына жету мүмкіндігіне ие болып отыр.
ummet.kz