Ақтөбе облысының тұрғыны Рамазан айында қалалықтарға тегін нан таратып, сауапты ісімен елдің сүйіспеншілігіне бөленуде деп хабарлайды Nur.kz.
Сауапты істерге құлшындыратын құрметті де қадірлі ай – Рамазан, расымен де, мұсылманды рухани кемелдендіретін, ізгі амалдарға үндейтін ұстаз секілді. Осынау берекелі айдың мол сыйынан кенде қалғысы келмеген әрбір мұсылман көптеген жақсы істерге ұйытқы болып, бұл айда бұрыннан да бетер мәрт әрі мейірімді бола түседі.
Қала тұрғыны Қайрат Қалдыбаев – Рамазанды әр жыл сайын асыға күтетін жандардың қатарынан. Биыл да қасиетті аймен қайта қауыштырғаны үшін Жаратқанға сан мың шүкіршілік еткен ол сағынышын сауапты іспен дәлелдеуде.
Бас Мүфти жолдаған Үндеуге үн қосқан жеке кәсіпкер Рамазан айында тұрғындарды тегін нанмен қамтамасыз ету ісін қолға алып, бірер күннің өзінде-ақ 100-ге жуық нан таратып үлгерген.
Өзі тұратын Рауан елдімекеніндегі «Аружан» дүкенінің иесі Төреғали мырзамен сөйлесіп, барлық шығынды толықтай өзі төлейтін болып келіскен ол рауандық тұрғындарға осындай тосын сый тарту етті. Жергілікті тұрғын болмаса да, дүкенге жолай жолы түскендер де тегін нанды еш тарықпай ала алады, себебі нан санына шектеу қойылмаған. Сауапты іс ай соңына дейін жалғаса бермек.
Көңілі кең кәсіпкердің бұл – бір ғана қайырымды ісі. Жалғыз кәсіп көзіне айналған – «Ақсу» атты қоғамдық моншасы бар азамат енді арнайы күн белгілеп, мұнда да келушілерге тегін қызмет көрсетуді жоспарлап отыр. Игі іс алдағы уақытта жүзеге асырылмақ.
Күнтізбеде қызылмен белгіленбесе де, Рамазан мұсылмандар үшін өзге он бір айлардан да үстем ұлық ай. Осынау қастерлі айдың қадір-қасиетін паш етіп, мұсылманның мәрттік сипатымен сүйсіндірмек болған кәсіпкер ағамыз өз ісі үшін өзгеден өтем күтпейді. Алланың ғана разылығын алсам дейді.
"Қаладағы «Сүлеймен ата» мешітіне жұма, парыз намаздарына барып тұрамын, мешіттің тұрақты жамағатымын. Қасиетті айда Алла разылығын қалап, ауыз да бекіттік. Рамазанның мұсылманды мейірбан болуға үндейтін хикметі сол, күнұзақ аш құрсақ жүргеніңде ас-суға мұқтаж өзге бауырларыңның жағдайын жақсы түсіне бастайсың. Сол сәт шүкірің толысып, барыңды бағалауды үйренесің. Ал дұғалар қайтарусыз қабыл болатын сәт – ауызашар уақытындағы қуанышыңды сөзбен жеткізіп айту тіптен мүмкін емес.
Осынау берекелі айдың кереметін, қадір-қасиетін өгелер де білсе ғой, сезінсе ғой дейсің. Сауаптар сан еселенетін Рамазан айында оң бастаманы қолға алуымның себебі де – қасиетті айда мұсылманның мейірімділігін паш ету болатын", - дейді Қайрат Зекенұлы.
Отбасында екі қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірген әке бүгінде 2 немере сүйіп, ата атанып үлгерген. Екі қызын құтты орнына қондырған оның енді оқудағы кенже ұлының тілеуін тілеп, Алла береке кіргізген кәсібін дөңгелетіп отыр.
ummet.kz-ақпарат