Діни тәрбие беру ісі әр адамның жүрегіне дейін жеткізілуі қажет. ҚР Үкіметінің селекторлық режимдегі отырысында дін саласындағы мемлекеттік саясаттың 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасын талқылау барысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев осылай деп айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.
Үкімет басшысының айтуынша, бұл тұжырымдама жалпы қоғам мен қоғамдық сананың тұрақты және үйлесімді дамуына, эволюциялық жаңғыруына ықпал етуі керек. «Мемлекет басшысы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдерімен кездесу барысында жас буынның діни сауатының төмендігіне айрықша назар аударған болатын. Сондықтан діни салада дұрыс тәрбиелік және ағартушылық жұмыстар жүргізуде күш-жігерді шоғырландыруымыз, барлық тұжырымдамалардың бейбіт жүзеге асырылуына септесіп, келісімді нығайтуға жәрдемдесуіміз қажет. Халық даналығы: «Алланы өз жүректеріңізден іздеңіздер. Оны одан басқа еш жерден таба алмайсыздар», дейді. Сондықтан сіздер мен біздің мақсатымыз - әрбір адамның жүрегіне дейін жету» деп атап өтті Премьер-Министр. Айта кетейік, ҚР Үкіметінің селекторлық режимдегі отырысында дін саласындағы мемлекеттік саясат тұжырымдамасы талқыланды.
ummet.kz-ақпарат