Бүгін Алматыда Ғұламалар кеңесінің ХVI отырысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамасымен «Пәтуалар жинағы» кітабының орыс тіліндегі аудармасының тұсаукесер рәсімі өтті.
Мол мәлімет алуға мүмкіндік беретін кітаптың алғы сөзін Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы жазып, кіріспе бөлімінде пәтуа берудің ережелері мен шарттарына байланысты түсініктеме берілген.
ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы жаңа кітабтың құндылығына тоқталып өтті. Бас мүфти кітапта Ғұламалар кеңесінде талқыланып, мақұлданған пәтуалар қамтылғанын айтты.
«Пәуалар – Құран Кәрімді, Пайғамбар хадисін, сүнниттік бағыттағы Әбу Ханифа мәзһабы және имам Матуриди ақидасы ілімін, Қазақтан Республикасының Конституциясын, заңдарын, ҚМДБ жарғысын, сондай-ақ Кеңес ережесін басшылыққа ала отырып мақұлданып, бекітілді. Кітапта өткен жылы талқыланып, қабылданған 20 пәтуаның толық мәтіні топтастырылған. Түсік жасатудың үкімі, этил спирті бар дәріні пайдалану, Исламдағы педофилдің үкімі, қыз алып қашудың үкімі сияқты әлеуметтік, шариғи, медицина, отбасы мәселелері жан-жақты талқыланып, қамтылған», – деді Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы.
Кітаптың тұсаукесеріне жиналған «Нұр-Мүбарак» университетінің проректоры Шамшәдин Керім, ҚМДБ-ның Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Мухаммед қажы Алсабеков сөз сөйлеп, жаңа кітап туралы толғаныстарын білдірді.
ҚМДБ баспасөз қызметі