Бүгін Түркияда білім жетілдіретін республикамыздың әр өңірінен жиылған 30 имам Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының қабылдауында болды, деп хабарлайды Muftyat.kz.
Қазақстандық дін қызметкерлері Болу қаласында Имамдардың білімін жетілдіру орталығындағы 2 айлық курста дәріс тыңдайтын болады.
Айта кетейік, еліміздің имамдарын Түркияда оқыту жұмысы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Түркия Дін істері басқармасының ортақ келісімі аясында жүзеге асуда. Атап айтқанда, Қазақстан имамдары 2002 жылдан бастап Түркияда 2 айлық арнайы курстан өтіп, білімін жетілдіріп келеді.
«Әрбір сәттеріңізді ғылымға арнаңыздар. Уақытты дұрыс пайдаланып, тәжірибе жинақтап келіңіздер. Елге келгенде білім мен тәжірибелеріңізді асыл дініміздің өркендеуіне жұмсайтын боласыздар. Сондықтан, әуелі сабаққа ден қойып, ұстазды мұқият тыңдаңыздар» деді бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы.
ummet.kz-ақпарат