Астана қаласында «Түзеу мекемелеріндегі сотталушылармен профилактикалық түсіндірме жұмысы бойынша тәжірибе алмасу» атты халықаралық конференция өтті.
Аталмыш конференцияға Қазақстан тарапынан ҚМДБ-ның наиб мүфтиі Наурызбай қажы Өтпенов, бас мүфти кеңесшісі Қуат Раев, ҚР ДІ және АҚ Министрлігінің сарапшысы М.Келесов, ҚР ІІМ ҚАЖК-нің бөлім бастығы Д.Адембаевтар қатысты.
Сонымен қатар, Ресей Федерациясы тарапынан да қонақтар қатысты. Дәлірек айтқанда, ҚР-дағы РФ-ның елшісінің кеңесшісі М.Кобзарь, РФ Әділет Министрілігінің қызметкері Ф.Ручкина, ФСИН қызметкері полиция майоры С.Гуров және Қазақстан мен Астана қаласындағы Митрополит Александр қатысты.
Кездесу барысында ресейлік қонақтар ҚМДБ-ның түзеу мекемелеріндегі сотталушылармен жүргізіліп жатқан түсіндірме жұмысының әдіс-тәсілімен, бағыттарымен таныса отырып, мұндай жобаның жалпы ТМД елдері бойынша әлі ешқандай жерлерде жоқ екендігін айтып, алдағы уақытта бір ізділікке қойылған методиканы өздері алғысы келетіндіктерін сөз етті.
Сонымен қатар, ресейлік құқық қорғау органдары алдағы уақытта бұл жүйені енгізу үшін Ислам бағытындағы ұйымдардың қызметкерлерін ҚМДБ-на тәжірибе алмасуға жолдауды қолға алу керектігін тілге тиек етті.
Кездесу соңында қатысушы қонақтар тарапынан жат ағымдармен күресу бағытында алдағы уақытта бірлесіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізу туралы хаттама толтырылды.
ҚМДБ баспасөз қызметі