16 желтоқсан – Қазақстан халқы үшін аса айрықша мейрам. Биыл ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бірқатар қызметкерлері ел дамуы мен руханиятына қосқан үлестері үшін арнайы марапаттарға ие болды.
ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінде өткен марапаттау рәсімінде министр Нұрлан Ермекбаев пен вице-министр Берік Арын ведомства қызметкерлерін, діни бірлестік жетекшілері мен бірқатар дін мамандарын «Құрмет» орденімен, мерекелік медальдармен және алғыс хаттарымен марапаттады.
Атап айтсақ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб мүфтиі, «Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы «Құрмет» орденімен және «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалімен, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб мүфтиі, «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Серікбай қажы Ораз «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалімен, ҚМДБ Аппарат басшысы Ғилымбек Мәжиев ҚР Дін және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаевтың «Алғыс хатымен» марапатталды.
Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалі ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі, Ғұламалар кеңесінің хатшысы Ершат Оңғаровқа, ҚМДБ Кадр бөлімінің меңгерушісі Байұзақ Бекмұратовқа, ҚМДБ Іс басқарушысы Ербосын Орынға, ҚМДБ Халал өнімдерін стандарттау және қажылық бөлімінің меңгерушісі Бейбіт Мырзагелдиевке, ҚМДБ Діни білім және ғылым бөлімінің меңгерушісі Бақтыбай Бейсенбаевқа, «Иман» журналының редакторы Оңғар Өмірбекке, ҚМДБ Діни істер бөлімінің меңгерушісі Камалжан Тұрдыбаевқа және ҚМДБ Жалпы және жастар ісі бөлімінің меңгерушісі Алтынбек Ұтысханұлына берілді.
«Нұр Астана» орталық
мешітінің баспасөз қызметі