27
Жұма,
Желтоқсан

һижри

Наурызбай қажы Тағанұлы: «Шетелде білім алу үшін ҚМДБ рұқсатын алу міндеттеледі»

Ел іші
Жарнама

Енді елімізден дін білімін игеруге шетел асатын азаматтарға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының рұқсатын алуы міндеттеледі. Бұл жайында бүгін шетелдік діни оқу орындарында оқып жатқан қазақстандық студенттердің діни білімі мен көзқарасын қадағалау мәселелеріне арналған дөңгелек үстел отырысында ҚМДБ наиб мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы мәлім етті.

Басқосуға наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, бас мүфти кеңесшісі Қуат Раев, ҚР Сыртқы істер министрлігі консулдық департаментінің басқарма бастығы Мұхтар Кәрібаев, Білім және ғылым министрлігінің бас сарапшысы Нұршат Айтбаева, Дін істері комитетінің басқарма бастығы Бауыржан Бәкіров, «Нұр Мүбәрак» университетінің оқу-ағарту бөлімінің меңгерушісі Али Рауфұлы қатысты.

Дөңгелек үстелде шетелде білім алып жатқан студенттердің бүгінгі жағдайы, көрініс тапқан мәселелер, оларды радикалды ағымдардың идеологиясынан сақтандыру, елімізде діни білім алудың артықшылығы, т.б. мәселелер талқыланды.

«Теологиялық мамандық бойынша шетелде оқып жатқан қазақстандықтарды бақылау мақсатында ҚМДБ және Дін істері комитетінің мамандарынан құралған делегация үстіміздегі жылдың сәуір, мамыр айларында бірнеше елде болып, онда білім алып жатқан теолог мамандарымен кездесулер ұйымдастырды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Мысыр мүфтияты арасында ресми келісім жасалып, қазақстандық студенттерді ҚМДБ-ның жолдамасымен барған жағдайда ғана ондағы оқу орындарына қабылданатын болды. Сондай-ақ, осындай келісімдер Ресей және Түркиямен де жасалды. Алдағы уақытта Сауд Арабиясымен де келісімге келмекпіз» деп атап өтті наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.


ummet.kz-ақпарат

Бөлісу: