05
Сейсенбі,
Қараша

һижри

Маңызды бастама мақұлданды (ФОТО)

Ел іші
Жарнама

Дін – жанның дауасы. Бұл ықылым заманнан адам түйсігінде қалыптасқан қағида-тын. Алайда, қазіргі қоғам діннің затынан бұрын атынан үркетін уақытқа жетті. Жаһанға жайылған терроризм толқыны халықаралық қауымдастықтың күн тәртібінен түспейтін тақырыпқа айналды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Нью-Йоркте өткен БҰҰ Бас ассамблеясының 70-сессиясында діни экстремизм мен терроризмге тойтарыс берудің өзіндік әдіс-тәсілін ұсынып, пікірін ортаға салған еді. Елбасы көтерген мәселе  бүгін Рухани келісім күніне орай өткен конференция тақырыбына арқау болды.

Бейбітшілік және келісім сарайында «БҰҰ Бас ассамблеясының 70-сессиясында Мемлекет басшысының жасаған баяндамасы аясында діни экстремизмге қарсы тұру механизмдерін әзірлеу» атауымен алқалы жиын өтіп, оған бас қаладағы діни бірлестіктердің өкілдері қатысты. Конференция жұмысын Астана қаласы Дін істері басқармасының басшысы Төлеген Зікіриянов ашып, қонақтар баяндама жасады. Бұл қатарда Астана әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев, Дін істері комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин, Қазақстан Халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Анатолий Башмаков, ҚР Евангелистік-лютерандық шіркеуінің эпископы Юрий Новгородов сөз сөйледі.

Басқосу шымылдығын ашқан Ермек Аманшин бас қаланың төл мәдениетін қалыптастыру арқылы қоғамның тыныштығын сақтап, діни радикализмнің алдын алуға мүмкіндік боларын алға тарса, Дін істері комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың терроримзге қарсы тұжырымы негізінде қазақстандық қоғамның қауқары арта түсетінін атап кетті.

Ал, Евангелистік-лютерандық шіркеуінің эпископы Юрий Новгородов жат ағымнан жастарды қорғау мәселесі олармен бейресми тығыз байланыс орнатумен келеді деген ойда. «Радикалды топтарға жастар көп ұрынады. Дін адамдары студенттермен, оқушылармен кездесу форматын өзгерту керек. Аудиторияны студенттерге толтырып, ұзын-сонар баяндама оқудың уақыты өтті. Жастарға жақын, етене қарым-қатынас орнатып, олардың пікір айтуына, ойларын ортаға салып, ашық әңгіме құруына жағдай жасасақ теріс пиғылды топтарға қарсы күрестің тиімді бір тәсілі де осы болар» деді ол.

Жиында ислам әлеміне һәм адамзат өркениетіне қиянат әкелген экстремистік ұйымдарға берілер анықтаманы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб мүфтиі, «Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы дөп басып айтты. «Қадырменді конференцияға қатысушылар. Біз ең алдымен ислам дінінің терроризммен, терроризмнің ислам дінімен ешбір байланысы жоқ екенін ақ пен қараны ажыратқандай алшақтап алғанымыз дұрыс. Әлемдік БАҚ бетінде ислам мен терроризмді қосақтап айту қоғамның теріс пікірін қалыптастырып келеді. Мұның да зиянын бүтін мұсылман қауымы ғана көреді. Ислам адамзаттың баянды болашағын, кемел келешегін ғана көздейді. Дінімізде бір адамның қанын төгу күллі адамзатты өлтірумен тең деп сипатталады. Ислам бір ғана ұғымды береді. Ол – бейбітшілік» деді Наурызбай қажы Тағанұлы. Наиб мүфти өз баяндамасында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың күні кеше ТМД мемлекет басшыларымен болған басқосуында ұсынған «Ислам терроризмге қарсы» форумына Қазақстан мұсылмандары да қолдау білдіретінін жеткізді. Сондай-ақ,  барша қоғамды осы бастама аясында терроризмге қарсы күрес жүргізуге шақырды.

Конференция жұмысында дін саласына қатысты осындай салмақты ұсыныс-пікірлер айтылып, тараптар тақырып түйінін шешудің жолдарын қарастырды. Мәжіліс маңыз қойған Елбасы бастамасына баршасы бірауыздан қолдау көрсетіп, ортақ тұжырымға келді.


ummet.kz-ақпарат

Бөлісу: