Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы белгілі қоғам қайраткері Мақсұт Сұлтанұлы Нәрікбаевтың қазасына байланысты марқұмның отбасына, туған-туыстарына көңіл айтты, деп хабарлайды ҚМДБ баспасөз қызметі.
«Соңғы жылдары Мақсұт Сұлтанұлы Діни басқарманың салауатты һәм сауапты жұмыстарына белсене араласты. Ол Елордамыздағы еңселі мешіт – «Әзірет Сұлтанның» ақылдастар алқасының мүшесі ретінде асыл дінімізге жанашырлық танытып, мүфтияттың игі бастамалары мен ізгі істеріне азаматтық қолдау көрсетті. Өзі басқарған Қазақ гуманитарлық заң университетінің студенттерін елді, жерді сүюге үндеп, иманды азамат болып қалыптасуға шақырды. Алла Тағала алдынан жарылқап, рақымына бөлеп, жанын жәннатта етсін. Марқұмның отбасына, туған-туыстарына көңіл айтамын. Қазаның арты қайырлы болсын» делінген бас мүфти жолдаған жеделхатта.
Мақсұт Сұлтанұлы 1940 жылы 30 наурызда Алматы облысы, Талдықорған ауданы, Еркін аулында дүниеге келген. 1958-59 жж. Украин КСР Днепродзержинск қаласының №8 техникалық училищесінде оқыды. 1963-66 жж Совет Армиясының қатарында әскери борышын өтеді.
1974 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетті заңгер мамандығы бойынша бітіріп шықты (қазір - әл-Фараби атындағы ҚазҰУ). Заң ғылымдарының докторы (1998), құқықтану профессоры (2001), Халықаралық жоғары мектеп академиясының академигі (2001 жылдан бастап). М.Нәрікбаев жоғары класты білікті судья еді.