02
Сенбі,
Қараша

һижри

Күлтөбе қалашығында әртүрлі этникалық топтардың өмір сүргені зерттелуде

Күлтөбе қалашығында әртүрлі этникалық топтардың өмір сүргені зерттелуде

Ел іші
Жарнама

14 қаңтар. Нұр-Сұлтан. Ummet.kz – Күлтөбе қалашығын антропологиялық зерттеу барысында табылған тың мәліметтер Ұлы даладағы аса ірі әрі маңызды мәдени орталықтардың бірі – ежелгі Ясының (Түркістан) тарихи ландшафтын кеңейте түседі. Аталған аумақты зерттеуге қатысты қазақстандық ғалымдар осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасаған деп ummet.kz тілшісі.

Былтырғы археологиялық маусымда табылған остеологиялық материалды антропологиялық талдау Түркістан агломерациясының этникалық және мәдени бағытын зерттеуде жаңа ғылыми міндеттерді айқындаған. Айта кетейік, «Күлтөбе қалашығының тарихи нысандарын реставрациялау» атты ауқымды жобаны Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты «ERG» компаниясының қолдауымен жүзеге асыруда. Ал антропологиялық зерттеулерді «Anthropos» ЖШС жүргізіп келеді.

Қазба барысында табылған бас сүйек, бет-жақ қаңқалары, бөлек-бөлек табылған сүйек фрагменттері секілді ежелгі антропологиялық материалдар әртүрлі дәрежеде сақталған. Бұл материалдардың хронологиялық датасы шамамен XII-XVI ғасырлар арасына келеді. Айта кетерлігі, Күлтөбе қалашығында мұндай адам сүйектерінің қалдықтары алғаш рет жүйелі түрде зерттелуде. Бұған дейін Ясының ең ежелгі бөлігі ретіндегі Күлтөбе тұрғындарының этникалық құрамы мен басқа да антропологиялық көрсеткіштері ғылыми ізденістердің нысанына айналмаған еді.

Палеоантропологиялық зерттеулер 130-дан астам жекелеген адам бөлшектерін қамтиды. «Мыңдаған жылдар бұрын өмір сүрген адамдарға тиесілі бұл қалдықтар Күлтөбеде әртүрлі этникалық топтардың өмір сүріп отырғанын аңғартады: еуропалықтан бастап моңғолоидқа дейінгі кескін келбеттер кездеседі», - дейді Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті Республикалық физикалық антропология зертханасының меңгерушісі Амангелді Сайыпов.

Күлтөбе қалашығындағы табылған заттардың антропологиялық зерттеулері Қазақстанның әйгілі антропологы, қазақ антропология мектебінің негізін қалаушы ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Оразақ Смағұловтың басшылығымен жүргізілген. Ғалымдардың атап өтуінше, адам қаңқасы қалдықтарымен жұмыс барысында сүйектер мен олардың бөлшектерін антропологиялық реставрациялау оңайға соқпаған. Әйтсе де тынымсыз еңбек өз нәтижесін бере бастады.

«Біз шынымен де бірегей көрініске қол жеткіздік: Күлтөбе қалашығында әртүрлі нәсілдік комплексі бар, соның ішінде аларас антропологиялық түрдегі адамдар да өмір сүрген. Бұл жалпы алғанда өңірдегі этномәдени қоғамдастықтардың тұтастай даму концепциясына келіңкірейді», - дейді Оразақ Смағұлов.

Ғалымдардың айтуынша, Күлтөбе қалашығындағы остеологиялық материалдарға антропологиялық зерттеу еліміздің антропологиялық ғылымының фактологиялық базасын айтарлықтай толықтырып, кеңейтіп отыр.

«Сонымен қатар, жерленген жерлерден ғана емес, тіршілік кешкен орындардан табылған ежелгі адамдардың сүйек қалдықтарын одан да мұқият әрі жан-жақты зерттеу арқылы бірқатар маңызды құпиялардың бетін ашуға болады. Бұл жерде тек антропологиялық, археологиялық қана емес, сонымен қоса, тұтастай алғанда өткен тарихи дәуірлердегі табиғи-тарихи, тарихи-мәдени проблемаларды да қарастыра зерттеу қажет», - дейді антрополог Айнагүл Исмағұлова.

Сарапшылар пікірінше, антропологтардың зерттеулері археология, тарих, мәдениеттану, өнертану секілді гуманитарлық ғылымның да өрісін кеңейте түседі. Өйткені, бұның өзі Күлтөбенің ежелгі тұрғындары өмірінің мәдени, этномәдени, әлеуметтік-экономикалық және басқа да қырларының дәуірлер сабақтастығы туралы қазіргі түсінікті қалыптастырады.

 

Бөлісу: