11 қараша. Нұр-Сұлтан. Ummet.kz Нұр-Сұлтан қаласындағы республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің әйел жамағаты үшін кеше арнайы кулинариялық мастер класс ұйымдастырылды, деп хабарлайды muslim.kz сайтына сілтеме жасаған ummet.kz тілшісі.
«Инабат» қыз-келіншектер клубының бастамасымен бұл жолы кездесуге әлеуметтік желіде өз аспаздық шеберлігімен танылған Балжан Мұхитдинқызы шақырылған болатын.
Түрлі тәттілер мен торттарды, небір тағам түрлерін үй жағдайында қалай дайындауға болатынын көрсетіп берген Балжан Мұхитдинқызы өзінің құпия рецептерімен де бөлісті. Ас үйдегі белсенділіктерін арттыруға тырысқан қыз-келіншектер тобы танымал маманның әр айтқанын қатысушылар қойын дәптерлеріне түртіп алып отырды.
Бұдан кейін барлық қатысушылар жаңа дайындалған тәтті тортпен шай ішіп, дастархан басындағы келелі отырысқа жалғасты. Кеш соңында Балжан Мұхитдинқызына «Әзірет Сұлтан» мешітінің атынан арнайы «Алғыс хат» беріліп, қасиетті Құран кітабы тарту етілді.