25 қазан. Нұр-Сұлтан. Ummet.kz – Әлемді аралап ислам дінінің бейбіт бейнесін паш етуші америкалық имам Мұхаммад Башар Арафат бүгін Нұр-Мүбарак университетіне арнайы ат басын тіреді, деп хабарлайды nmu.kz сайтына сілтеме жасаған ummet.kz тілшісі.
Студенттермен кездесуге асыққан шетелдік құрметті қонақты алдымен ректор, профессор Мұхаммад әш-Шаххат әл-Жинди қабылдады. Жиһангез имамның мақсаты студенттерді білімге ұмтылдырып, әлемнің қай түкпірінде болса да уағыз жүргізе алатын әмбебап имам болуға жол көрсету. Себебі өзіне осыдан 30 жыл бұрын «Америка халқы су мен ауаға мұқтаж секілді исламға өте мұқтаж. Егер мен ағылшын тілін білсем, исламның кереметін әлемге паш етер едім» деген ұстазының арманын Мұхаммад Башар Арафат ақиқатқа айналдыруды көздеген. Міне содан бері Шам өлкесінің тумасы мұхиттың ар жағында ақиқат дінді насихаттап келеді:
АҚШ-та ислам екі кезеңге бөлінеді 2001 жылғы 11 қыркүйекке дейін және кейін. Күйреген қос мұнара оқиғасынан кейін халық екіге жарылды, бірі ислам дінін қаралаушылар, екіншісі нағыз исламды жақтаушылар,-дейді Мұхаммад Башар.
Ал Нұр-Мүбарак университеті жайлы Америкаға сапарлаған қазақ имамдарынан естіген жиһангез қазақ еліне келудің жолдарын қарастырған. Ол әлемнің түкпір-түкпірін аралап, ислам дінінің бейбітсүйгіш бейнесін насихаттап қана қоймай, елді білім-ғылымға үндеп келеді екен. Енді «Жібек жолындағы ислам» деген екі апталық жоба арқылы америкалықтарды Орта Азия елдерімен таныстыруды көздеп отыр. Сол сияқты Нұр-Мүбарак университетінің өкілдеріне арнап мұхиттың ар жағына сапар ұйымдастыру да ойында бар көрінеді. Себебі бүгінгі имамдар тек өз елімен шектелмей, әлемге уағыз айта алатын дәрежеде болуы үшін қолынан келгенше ат салысу.
Қадірлі қонаққа студенттер де ағылшын, араб тілдерінде өз сауалдарын қойып жатты. АҚШ-та білім алу жағы да жастардың назарында бар екені аңғарылады. Студенттердің ынтасына риза болған Башар Арафат олардың сұрақтарына жеке-жеке жауап беріп, естелік суретке түсті.