Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб мүфтиі, «Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Өтпенов бастаған дін қызметкерлері Ұлы Отан соғысының, тылдың және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің ардагері Маусымбаев Қабен ақсақалдың шаңырағын зиярат етті. Қарт майдангерді Жеңіс күні мерекесімен құттықтап, арнайы сый-сияпат жасады.
Қабен қария дін қызметкерлерін құшақ жая қарсы алып, дастарқан басында өткен жылдардың отты өткелдері мен қысылтаяң шақтарын әңгімелеп берді. «Еліміздің ертеңі, ұрпақтың азаттығы үшін кешегі қан майданда от кешкен жылдар бүгінгі буын – біздің, халықтың жадынан еш өшпейді. Алла Тағала дендеріңіздің саулығын беріп, қарттық шақтарыңыздың қайырлы, берекелі болуын үзбегей. Сіздермен өмір берекелі, лайым осылай ортамызды толтыра беріңіздер» деді наиб мүфти Н.Тағанұлы. Майдангер Қабен ақсақал өз кезегінде бүгінгі буынның ардагерлерді ұмытпай, құрмет көрсетіп отырғанына ризалық танытып, ақ батасын беріп, дұға етті.
«Нұр Астана» орталық
мешітінің баспасөз қызметі