«Әбу Насыр әл-Фараби» мешітіндегі Құрбан айт мерекесінің жалғасы дәстүрлі спорттық шараларға ұласты.
Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан сайысқа мешіт жамағаты әдеттегідей белсене атсалысты. Мешітке мерекелік мінәжат үшін келген қала қонақтары қызықты өткен тартысты тамашалап, қатысушыларға қолдау білдірді. Халқымыздың қанына сіңген ұлттық ойындарды жаңғырту мақсатында мешіт ауласына жиылған жамағат арасында «Арқан тарту», «Қол күресі», «Асық ату», «Гір тасын көтеру» бойынша өзара сайыс өтті.
Айт намазына келген елордалық жұртшылық әрбір аталымға жұмыла қатысып, Құрбан айт мерекесінің мерейін асырды. Мерекелік сайыс нәтижесінде «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шыққан үздік жеңімпаздарға бірінші, екінші және үшінші дәрежелі дипломдар мен мешіт ұжымы атынан арнайы әзірленген сый-сияпаттар табысталды. Осылайша, Құрбан айт мейрамының құрметіне өткізілген ұлттық спорт сайысы мешіт жамағаты арасындағы ауызбірлік пен сыйластықты арттырып, өзара ынтымақты күшейтуге тағы бір себеп болды.
ummet.kz