Бүгін «Нұр Астана» мешітінде «Мейірімділік мекені» атты дәстүрлі қайырымдылық шарасы өтті.
Бірнеше жылдан бері желісі үзілмей жалғасып келе жатқан бұл шара аясында мұқтаж отбасыларға бір айлық азық-түлік қорын таратылды. Елордамыздағы көп балалы және асыраушысынан айырылған, тұрмысы төмен мұқтаж жандарды қамтыған қайырымдылық шарасының шарапаты бұл жолы 40 жанұяға жетті. Шара барысында «Нұр Астана» мешітінің наиб имамы Нариман Исенов бастаған мешіт қызметкерлері жамағатпен жүздесіп, рухани қолдау танытты.
Айта кетейік, мешіт ұжымының ұйытқы болуымен тұрақты түрде ұйымдастырылып жүрген ізгі шараның өтуіне «Сауап» белсенділер тобы атсалысты. «Сауап» белсенділер тобының жанашыр да қамқор азаматтары мешіт қабырғасында өтетін көптеген қайырымдылықтардың басы-қасынан табылып, әрдайым игі істерге қолдау көрсетіп келеді. «Мейірімділік мекені» қайырымдылық шарасында риза болған ата-аналар «Сауап» тобы мүшелеріне, мешіт әкімшілігіне алғысын білдірді.
Алла Тағала Құранда: «Қайырдан не істесеңдер де, күдіксіз Алла оны біледі» («Бақара» сүресі, 215-аят), «Сонда кім заттың ең кішкентай бөлшегінің салмағындай жақсылық істеген болса, ол оны көреді» («Зілзала» сүресі, 7-аят) - дейді. Әрдайым жақсылық жасауда үлгі болып жүретін мешіт ұжымына Алла разы болсын!
ummet.kz