Бүгін «Нұр Астана» мешітінің ұжымы мен мешіт жамағатының атсалысуымен қайырымдылық шарасы өтті.
«Оразаның қайырымдылық сыйлығы» акциясы аясында мұқтаж отбасыларға қуаныш сыйлаған қайырымдылық шарасы мұсылмандардың ұлық мерекесі – Ораза айт күні қарсаңында ұйымдастырылды. Шараға Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Дін істері басқармасының басшысы Нұрдәулет Иманәліұлы және Нұр-Сұлтан қаласының өкіл имамы, «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Ерболат Жүсіпов қатысты.
Игі шара қаламыздағы 350 отбасыны қамтып, арнайы азық-түлік сөмкелері үйлеріне жеткізіліп берілді. Қаламыздағы көп балалы және асыраушысынан айырылған, тұрмысы төмен мұқтаж жандарды қамтыған қайырымдылық шарасы осымен бірнеше рет өтіп отыр, яғни мұқтаж жандарға қамқорлық таныту «Нұр Астана» мешітінің дәстүрлі үрдісіне айналып кетті.
Екі-үш сөмкеден таратылған азық-түлікті табыстап алған отбасылар мешіт ұжымына зор ризашылықтарын білдірді. Осылайша сауапты шараның ойдағыдай өтуіне белсене атсалысқан мешіт жамағаты, мұқтаж отбасыларға жәрдемімен қатар мейірім, жылы лебіздерін де білдіріп қайтты.
ummet.kz