25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Құрбан айтқа дейін тырнақ пен шашты алмау керек пе?

Құрбан айтқа дейін тырнақ пен шашты алмау керек пе?

Құрбан Айт
Жарнама

«Сахих  Мүслімде»  келтірілген  бір  хадисте  былай  делінеді: «(Зүл-хиджа айының) Он күні кіргенде, құрбан шалғысы келген әлдекім  шашына  және  тырнағына  тимесін».[1]. 

Алайда, бұл хадистен мәзхаб ғұламалары үш түрлі үкім шығарған:

1)  Шәфиғи мәзхабы: Зүл-хиджа айы кіргеннен кейін он күн бойы Құрбан шалғысы келген кісінің тырнағы мен шашын алмауы парыз емес, сүннет. Тырнағын немесе шашын алған жағдайда мәкруһ болады.

2)  Ханбәли мәзхабы: Аталмыш он күн ішінде құрбан шалғысы келген кісінің тырнағы мен шашын алуы ‒ харам.

3) Ханафи мәзхабы мен Мәлики мәзхабы: Зүл-хиджа айының он күнінде құрбан шалғысы келген кісінің шашын және тырнағын алмауының үкімі ‒ мұстахаб (сүннет емес). Осы күндері әдемі киініп,  әтір себіну қалай тыйым салынбаған болса, дәл солай шаш немесе тырнақ алу да харам емес. Ихрамнан шыққан адамның жағдайы секілді ‒ дейді олар[2].  

Үшінші топ ғалымдарының сүйенген дәлелі  мынадай: Зәйд ибн Әби Суфиян деген кісі Айша анамызға хат жолдады. Хатында былай  дейді: «Сахаба Абдулла ибн Аббастың айтуы  бойынша, кім  Меккеге құрбандық  жіберсе,  құрбандығы шалынғанға  шейін, (қажылық  парызын өтеушілерге)  ихрамға  кіргенде  не нәрсе тыйым салынатын болса,  оған  да тыйым салынады  екен», ‒ деп,  бұл мәселе  жайында Айша анамыздың пікірін сұрайды. Сонда Айша анамыз (р.а.) оған жауап ретінде: «Бұл мәселе ‒ Ибн Аббастың айтқанындай емес. (Хижреттің тоғызыншы  жылы) Пайғамбарымыздың құрбандығына  арқанды  мына екі қолыммен өзім  өргенмін. Пайғамбарымыз  (с.а.у.)  құрбандық  малын  өз қолымен  байлады. Сосын ол құрбандықты әкем Әбу  Бәкірмен бірге, Меккеге аттандырды. Сол кезде  Пайғамбарымызға (с.а.у.) Алланың халал еткен нәрселерінің еш қайсысы харам етілмеген еді. Тіпті  құрбандары шалынғанға  дейін  де»,  ‒  дейді[3]. 

Осы  хадиске үңіліп қарайтын болсақ, Меккедегі қажылық парызын орындаушы мұсылмандарға, ихрамға кіргендерінде тыйым салынатын тырнақ алу, шаш  алу сияқты әрекеттер, Мединедегі  Пайғамбарымызға (с.а.у.) тыйым салынбағанын  байқаймыз.  Бұл  дегеніміз  ‒  Құрбан шалғысы келген кісілердің құрбан айтқа  дейін  тырнақтары  мен шаштарын ала беруге болады деген сөз. Ең дұрысы ‒ Аллаға мәлім.

[1] Сахих Муслим – Китабул Адахи - №1977.

[2] Ихрам дегеніміз ‒ қажылық, умра немесе екеуін бірге жасау ниетімен, басқа уақытта істеуіне рұқсат кейбір іс-әрекеттерді қажылық парызын орындау барысында немесе умраны орындау барысында өзіне харам қылу. Мысалы, шаш алу, тырнақ алу, әтір себіну. Шашты алғызу немесе қысқарту арқылы ихрамнан шығады. Яғни, ихрамды уақытта харам етілген әтірлену, шаш, сақал бояу сияқты барлық нәрселер қайтадан халал болады.

[3] Сахих Муслим – Китабул хадж- №2348 хадис.

материал «Заман тудырған сұрақтар» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: