25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Құрбан айт пен ораза айттың айырмашылығы қандай?

Құрбан айт пен ораза айттың айырмашылығы қандай?

Құрбан Айт
Жарнама

Барша мұсылман қауымы үшін ең қасиетті, ең қуанышты екі ұлы мейрам бар екенін білеміз. Оның бірі - Ораза айт болса, екіншісі - келіп жеткен Құрбан айт мерекесі. Жалпы "айттау", "айтшылау" ұғымы қазаққа бұрыннан таныс. Алайда, бұл екі айттың әр қайсысына тән өту ерекшеліктері бар екендігін біріміз білсек, біріміз білмей жатамыз.

Құрбан шалу

Әрине құрбан айтты құрбандықсыз елестетудің өзі ерсі. Бұл – осы күні жасалатын ең үлкен құлшылықтардың бірі. Рамазан айынан кейін, Ораза айтта, аузымыздың ашық екенін білдіріп, айт намазынан кейін адамдар бірден айттап, мейрамдайтын болса, Құрбан айттың айт намазынан кейін ең бірінші орындалатын абзал амал - құрбан шалу. Сондай-ақ, Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сүннетіне сай өзің шалған құрбандықтан ауыз тию.

Құрбан айтта ташриқ күндері бар

Екі айтта бір күн тойланатындығына қарамастан Құрбан айт күнінен бөлек тағы 3 күн ташарих күні бар. Ташриқ күндері дегеніміз - Құрбан айт күнінен кейінгі үш күнді айтады. Алла Тағаланың Құран Кәрімдегі: "Санаулы ташриқ күндері Алланы еске алыңдар",- деген ("Бақара" сүресі, 203-аят) сөзі осы күндерді білдіреді. Бұл күндердің ташриқ деп аталу себебі, ол күндері адамдар құрбандыққа шалған малдарының еттерін күнге кептіретін болған. Ташриқ күндерінің ерекшелігі, бұл күндерде парыз намаздарынан кейін ташриқ тәкбірлері айтылады, құрбан шалынады, нәпіл ораза ұстамаған абзал.

Ташриқ күндерінің тәкбірін айту

Ораза айт күні де, Құрбан айт күні де Алла Тағаланы ұлықтайтын мерекелік тәкбірлерді айту шариғатта құпталатын амал. Бірақ, дәл Құрбан айт кезінде айтылатын тәкбірдің арнайы бекітілген де уақыттары бар. Оны - ташриқ күндерінің тәкбірі дейді.

Ташриқ күндерінің тәкбірі дегеніміз - зүлхижжаның 9-күнгі таңғы намазынан кейін айтылып басталатын, содан әрі парыз намазының соңында айтылуы зүлхижжаның 13-күнгі екінді намазының соңына дейін жалғасатын

«Аллаөу Акбар, Аллаһу Акбар, Лә иләха илләЛлаһу, уаЛлаһу Акбар, Аллаһу Акбар уә лиЛләхиль-хәмд».

(Алла бәрінен де ұлық, Алла бәрінен де ұлық. Алладан басқа тәңір жоқ, және Алла бәрінен де ұлық. Алла бәрінен де ұлық және барлық мақтау-мадақ Аллаға ғана лайық) сөзі.

Дұғалар кері қайтарылмайтын күн – арафа

Арафа – зул-хижжа айының тоғызыншы күні әрі қасиетті Құрбан айт мейрамының алдындағы күн. «Арафа» сөзі «танысу», «білу» деген мағынаны береді. Яғни бағзы заманда Меккеден 20 шақырымдай жердегі Арафат жазығында адамзаттың атасы Адам (оған Алланың сәлемі болсын) мен Хауа табысып, танысқан. Бұл күні қажылық рәсімнің ең басты шарты – Аллаға ғибадат етілетін қасиетті орын саналатын Арафат жазығында тұру парызы атқарылады.

Ал Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Қажылық дегеніміз – Арафат. Кімде-кім Арафатқа үлгерсе, қажылыққа үлгерген болады», - деген. (Әбу Дәуд, Тирмизи)

Айт намазына шығарда ештеңе жемей шығу

Сүннет бойынша, мұсылман Ораза айтының намазына шығарда бір нәрсе жеп шығады, ал Құрбан айт намазына шығудан бұрын қайтып келгенше еш нәрсе жемейді.

Құрбан айтта үлкен қажылық рәсімі орындалады

Жылына бір-ақ рет келетін үлкен Қажылық маусымы дәл осы Құрбан айт кезінде орындалады. Ол - Ислам дінінің бесінші тірегі. Хаж (қажылық) араб тілінде «құрметті орынды зиярат ету» деген мағынаны береді. Ал бұл сөздің шариғаттағы мәні – белгілі орындарды белгіленген уақытта, белгіленген амалдарды орындау арқылы зиярат ету немесе діннің бір тірегін орындау мақсатында Қағбаны зиярат ету.

Құрбан айт пен ораза айттың уақыттары

Қасиетті Рамазан айының парыз етілген отыз күн оразасынан кейін Ораза айт болса, арада тура 70 күн уақыт өткеннен кейін Құрбан айт мерекесі болады. Яғни  Зүлхижжа айының 10-жұлдызында.

ummet.kz

Бөлісу: