25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Кішкентай шал

Кішкентай шал

Ұлы тұлғалар
Жарнама

Жәнібек қайтыс болғаннан кейін 2001 жылы естеліктер жи­на­ғы шықты. Оны құрастырған – Тұрсын Жұртбай мен жолдасы Тоты.

Жәнібек екеуміз бір өңір­дің, Абай ауылының тумасымыз. 1949 жылдың ақпан айында туғанбыз. Ол кездері дәл туған күніңді көрсетпейді ғой. Қай күні құжат аласың, сол күнді белгілеп береді. Жәкеңнің туған күні құжат бойынша 22 наурыз деп естіген едік. Екеуімізде поли­гон­мен таласып туған ұрпақпыз.

Бала кезінде Жәнібекті «кіш­кентай шал» деп атайды екен. Ол менен он күндей кіші болғанымен, өзін он жастай «ересек» сезінетін еді.

Ол Абай ауданының орталығы Қарауылда оқыды. Айымыз да, жылымыз да бір болғанымен, екеуміздің білім алған мектебіміз екі бөлек. Туғаннан бір-бірімізді білеміз десек, өтірік болар, Жә­нібекті алғаш көргенім жетінші сыныпта ғана. Жәнібектің ұстазы Кәмен Оразалин деген атақты жазушы. Ол кісі Мейірғали Ыбы­раев дейтін талантты ақынның да алғашқы ұстазы. Роллан Сей­сенбаев дейтін атақты жазушы бар. Кітаптары шет елдерге де таралған. Мейірғали – ақын, Роллан – жазушы. Осындай бір шоқ жастар өсіп шықты. Алды – 41-42 жылғылар.

Жәнібек жас­тайынан алғыр болды. Ауданда «Абай ұрпақтары» атты журнал шығады. Мұхтар Әуезовтің баста­масымен жарық көрген қолжазба журнал. Қолжазба журналдың негізгі жетекшісі Кәмен Оразалин болғанымен, оң қолы – Жәнібек.

Оның екі қыры бар: біріншісі – әншілік болса, екіншісі – жазу­шылық қабілеті. Он екі-он үш жастағы бала болса да, оның екі қабілетін де бірден аңғардық. Кәмен аға оған Кененнің әндерін айтқызды. Кенен Әзірбаев «Бозторғай» әнін он бір жасында шығарған екен. Жәнібек те ол әнді он бір жасынан бастап орын­даған. Жәнібектің әнін тыңда­ғанда аузымыз ашылып, көзіміз жұмылып қалады.

Ол кезде ән айтумен бірге, әңгіме де жазып жүрген. Ең алғашқы әңгімесі «Ақылбайдың әні» деп аталады. Ақылбай – Абайдың ұлы. Одан қалып отырған – бір ғана ән. Оны жеткізуші – Жәнібек. Оның қаламгерлігіне келер болсақ, өнер тақырыбын көбірек жазған. Өнер адамдары туралы көбірек толғады. Көзі тірісінде үш кітабы шықты. Алғашқысы – «Ақылбайдың әні», екіншісі – «Ғашықтың тілі», үшінші кітабы – «Махаббат әні». Бес жасында айтқан алғашқы әні – әнші, сазгер Манарбек Ержановтың «Қойшының әні».

Жәнібектің әнге, сөзге бейім болатын себебі, анасы Мағрипа сөзге шешен, тапқыр кісі бо­лыпты. Өзінен екі жас үлкен Бану дейтін апайы да керемет әнші болған. Кенжегүл қарындасының да сөзге шешендігі, әншілігі бар. 14-15 жасында «Ақылбайдың әнін» жазады.

1966 жылы Алма­тыға барып, әншілердің байқауына қатысады. Онда Жә­нібектің жасы – 17-де. Сол жолы атақты өнертанушы, ғалым Ахмет Жұбановтың назарына ілігеді. Сонда Ахаң: «Қарауылдан кере­мет, дауысы өзгеше бір бала кел­ді», - деп Жүсекеңе айтады. Ара­да бір ай өткенде Сапарғали Бе­галин жетпіске толып, қасында Жүсіпбек Елебеков бар, Абай ауданына келеді. Ауданның бі­рінші хатшысы – Кәрім Нұрғораев. Кәмен Оразалин Алматыдан келген қонақтарға таныстыру үшін Жәнібекті арнайы алып барады. Алғашқы кезде жолдан қатты шаршаған болуы керек, онша мән бере қоймайды. Сол күні кешкісін Сапарғали Бега­линнің 70 жылдығына орай Қара­уылда үлкен кеш өтеді. Кеште сах­наға домбырасын алып, Жә­нібек те шығады. Сонда Жүсекең елең ете қалып: «Әмі­ренің жал­ғасын Қарауылдан тап­тым», - дейді. Ауданның бі­рінші хатшысы да Елебековке «осы баланы Ал­матыға ала кет­сеңіздер» деп, өтініш айтады. Сөйтіп, Жәнібек 17 жасында Алматыға келіп, Қа­зақконцертке қабылданады. Жү­секеңнің қа­сында жүріп, бір жыл бойы ел аралайды.

Ол қай өңірге барса да, сол өңірдің ту­масы екен деп ой­лайтын көрінеді. Өйткені оның айрықша қасиеті – халық ән­ші­лерінің өмір тарихын жетік біл­ген. Жәнібек Алматыға кел­ген­нен кейін, Жүсекең оқуға тү­­сірді. 20 жасында алғашқы пәте­ріне қол жеткізді.

Жәнібектің аса танылған ке­зі – өткен ғасырдың 70-жылдары. «Асыл мұра» атты бағдарлама жүргізді. Оны көрнекті жазушы Ақселеу Сейдімбек екеуі бірге жасады. Өкінішке қарай, ол хабардың көбі сақталған жоқ.

1984 жылы Жәнібекке Ленин комсомолы сыйлығы берілді. 1985 жылы Мәскеуде өткен Жас­тар мен студенттердің ХІІ фес­тиваліне қатысты. Сол жылы Құр­манғазы атындағы консерва­торияның жаңадан ашылған дәстүрлі ән кафедрасының бас­тауында болды. Сөйтіп, атақ-даң­қы шыққан Жәкеңе 1990 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген артисі атағы берілді.

Жастайынан өтірікке жаны төзбейтін, шын­шыл адам еді. Айналдырған үш-төрт-ақ жылда шет елдерді ара­лап, ән шырқады. 1990 жылы «Өнер» баспасынан «Халық ән­дері мен халық композитор­ла­рының әндері» деген екі томдық антология шығарды.

1992 жылы 43 жасында өмірден озды. Жә­ні­бек­­сіз таңды атырғанымызға 25 жылдан асыпты. Жәнібек ту­ралы кітап, пьеса жаза қоямын деп ойлаған емеспін. Негізгі ма­мандығым – журналист. Жәні­бектің 70 жылдығына орай деректі дүние жазсам деп ойладым. Оның қаламгерлік, әншілік, ұстаздық қырын көрсеткім келді. Ол әнші-қаламгер ғана емес, ұстаз бола­тын. Бекболат Тілеухан, Әділет Мұса – Жәнібектің төл шәкірт­тері. Кітап жазбас бұрын «Жәні­бек ән салады» деген пьеса жаз­дым. Кітапты да, пьесаны жазар алдында Тұрсын Жұртбаймен ақылдасып, кеңесіп алдым.

Пье­саның атауын «Жәнібек ән са­лады» деп неге атадым? Ақын Жарасқан Әбдіраштың «Жәнібек ән салады, Ақселеу тамсанады» деген сөзі елдің арасында афо­ризмге айналып кеткен. Соған байланысты «Жәнібек ән салады» деп қойдым. Пьесаны облыстық драма театры қойды. Семейде қойған спектакльді Жәнібектің жолдасы Тоты келіп, тамашалады. Бір пьесада Кәрменовтің бүкіл өмірін қамти алдық деп айта алмаймыз. Ол бар-жоғы 25 беттік шығарма ғана. Оның студияда оқыған кездегі қиындықтары, автоклуб меңгерушісі болып қыз­мет атқарған кездері, ел аралаған тұстарын толық қамту мүмкін емес. Сондықтан Жәнібектің аты ұмытылмасын, есімі ел аузында айтыла берсін деген мақсатта сах­наға шығардық. Өнерге қызмет еткен аяулы жанның ұлтына жа­саған жақсылығы ұмытылмайды деген ойдамын.

Дәулет Сейсенұлының естелігі

Г.Бектастың «Жәнібек салған ән қандай» мақаласынан

aikyn.kz

Бөлісу: