25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Ұядан діни тәрбие алған Бауыржан Момышұлы

Ұлы тұлғалар
Жарнама

Баукең ержүректігі тұрғысынан кешегі ел қорғаған Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақұлы Жәнібек сынды батырлардың заңды жалғасы секілді. Ал шыншылдығы мен ақиқатты ту еткен адалдығы, әділдігі тұрғысынан мұсылмандардың екінші халифі әділетті Омар ибн Хаттабқа (р.а.) ұқсайды. Артында “Өтіріктің балын жеп тірі жүргенше, шындықтың уын ішіп өлген артық” деген қанатты сөздерді айтып қана кетпей, оны өз өмірінің қағидасына айналдырған батыр Бауыржанға мұндай ар ілімі қайдан келді, кімнен сіңді?

Осы сұрақтарға жауап іздеп көріп едік, әдеттегідей “Ұшқан ұяға” тіреліп, Бауыржанның тұлға болып қалыптасу жолында шыққан тегінің, отбасында алған діни тәрбиенің үлкен рөлі бар екенін байқадық. 

Имаш ақсақалдың немересі Бауыржанға жасаған дұғасының қабыл болуы 

Бауыржан Момышұлы 1910 жылдың 24-желтоқсанында Жуалы ауданының Мыңбұлақ атты ауылында дүниеге келген. Батырға дейін төрт қыз көрген ата-анасы ол туғанда қатты қуаныпты. Атасы Имаш жан-жаққа кісі шаптырып, ұлан-асыр той жасайды. Шілдехана тойында Имаш ақсақал немересін көтеріп шығып, ел қарияларынан бата сұраса, олар: “Төл немерең, бел немерең ғой. Бата жөні де өзіңдікі” десіпті. Сонда атасы: 

Алатаудың қыраны мол еді – 

Қырағы болсын, құлыным. 

Қойнауы суға мол еді – 

Бұлағы болсын, құлыным. 

Елінің тілегі зор еді – 

Шырағы болсын, құлыным. 

Ата тілегі оң еді – 

Құмары болсын құлыным. 

Бұл жер батырлар төрі еді – 

Сыңары болсын, құлыным! – деп бата беріпті. Қазақ ежелден сөзге, оның құдіретіне ерекше мән берген халық қой.Көптің тілеуінің орындалатынын білген.Өзіміз де алақан жайып, дұға жасаған қолды Алла тағаланың бос қайтармайтынын да жиі айтамыз.Имаш ақсақалдың да ауылдың небір аузы дуалы ақсақалдарын жинап балаға бата сұрауы жақсы ниет, тілектің қабыл болатындығына сенгендігінен. Батырдың өзі “Ұшқан ұя” атты өмірбаяндық кітабында: “Жарық дүниеге келгеніме екі-үш ай болғанда, шешем мені күн көзіне шығарып, Имаш атамның алдына әкеліпті. Атам ерте көктем алдында ағаш отырғызып жүр екен. 

– Атасының қолын ұзартып, қолғабыс беруге келді, – депті шешем ізетпен иіліп. Атам еміреніп, мені алақанына алыпты. Қолыма жас бұтақ ұстатып: 

Құрық деп берсем – құл болма, 

Шыбық деп берсем – шіл болма. 

Бәрінен де, шырағым, 

Баяны жоқ ұл болма, – деп келініне мені қайтарып берген екен. Атасымен алғашқы дидарласуының құрметіне деп, алғашқы өсиет өмірлік өнеге болсын деп әкем сол күні кешке мал сойып, ауыл ақсақалдарының басын қайта қосыпты”, – деп жазады. Осыншалық тілек, ниеттің үстінде туған ұлға жасалған дұғаның қабыл болғанын Бауыржанның әлем таныған батырға айналғанында барша халықтың көзі жетті.Ата берген бата солай қабыл болды. 

Молда Момыштың баласы 

Ата-анасы туралы батырдың өзі өмірбаяндық “Ұшқан ұя” кітабында былай деп жазады: “Менің бабам Имаш мың да тоғыз жүз он бірінші жылы 92 жасында дүние салған. Ортай бойлы, орақ мұрын, от жанарлы сол шымыр шалдың төртінші перзенті – менің әкем Момыналы екен. Оны жұрт Момыш деп кеткен. Әкем айтыс қуып, әндетіп жүре-жүре 33 жасында Байтана руынан Әбдірахманның Рәзия атты қызына үйленіпті. Ол менің шешем еді. Ол кісі мен үш жасқа толар-толмаста қайтыс болған”. Анадан ерте жетім қалған Бауыржан әжесі Қызтумастың бауырында өседі. Кейінірекке дейін әжесі келіні туралы “Жатқан жерің жәннат болсын, маңдайыма сыймай кеткен періштем Рәзия” деп мұңайып отырады екен. Осы сөздің өзінен Баукеңнің әжесінің діннен хабары бар адам екенін байқауға болады. Ал әкесі Момыш болса, өлең шығарып, жиын-тойда айтысқа қатысып жүрсе, кейін өз бетімен сауатын ашып, ел ішінің дау-дамайына бітімге жүрген кісі екен. Баукең өз жазбаларында әкесін жеңгелерінің “Молда бала” атағанын айтады. Соған қарағанда, әкесінің діни сауаты да аз болмаса керек. Тек Кеңес саясатына байланысты батырдың өзі оны кітаптарында атап көрсетпеген болуы мүмкін. Ал өмірінің ақырына дейін “Тура Момыш” атаныпты. Оған талай жыл ауыл старшыны болса да, ешкімге қиянат жасамас адалдығы, ақтығы себеп болған деседі. Әрине, осындай әкеден туған ұлдың басқаша болуы мүмкін бе еді? 

Кішкентай Бауыржанның сәлемдесуді үйренуі 

Адамға тәрбие тал бесіктен сіңеді.Ең аяғы сәлемдесудің өзін балаға ата-ана үйретеді.Пайғамбарымыздың (с.а.с.) да сәлем жаюға үндеген хадистері баршылық. Ал Баукең болса, сәлем беруді қалай үйренгенін былай есіне алады: “Киіз үйдің төрінде бір топ ауыл ақсақалдары жамбастай жайғасып баппен қымыз ішіп отыр екен. Әкем дастархан шетінде қымыз құйып отыр. Ол мені ымдап шақырды да құлағыма: “Аталарыңа сәлем беруді ұмытпа дегенім қайда?” – деп сыбырлады. Мен қатты қызарақтап, үйден шыға жөнелдім.Сыртта біраз тұрдым да, нық басып үйге қайта кірдім. Көпшілікке қол қусырып тұрып: “Ассалямуалейкум, аталар!” деп әр сөзді қадап-қадап айттым. Бұған әрине бәрі күлісіп жатыр. Әйткенмен мені араз етіп алмау үшін бәрі де бірауыздан: “әләйкүм салам!” десті. Сонан соң әрқайсысы маңдайымнан сипап мақтайды. Жақсы сөзге мәз болып мен әкемнің тізесін ала жайғасамын. Ол басымнан сипап отырып: “Жарайсың, балам! Үйге кіргенде әрқашан үлкендерге сәлем беруді ұмытпа. Әдепті бала сүйтеді” – дейтін”. Міне, әке үйреткен осы сәлемді Баукең кейін өз ұрпақтарына да өсиет еткенін батырдың келіні Зейнеп апамыздың “Бабалар өсиеті” кітабынан біз де талай оқыдық. Оқыдық та, адамдар арасына “сәлем” жаюды осы кітап арқылы Зейнеп апаның бізге аманаттағанын ұғындық. 

Ақырзаманнан қорқу 

Баукең қаймағы бұзылмаған, дінді берік ұстанған ауылда өсті. Оны батырдың балалық шағын еске алған естеліктерінен де байқауға болады. Кітабында: “Соғыс” деген сөзді қашан естігенім жадымда жоқ. 1916 жылдың оқиғаларын дәлме-дәл елестете алмаймын. Әйтеуір әйелдердің жас төккені, ерлердің үрейлі жүзі, күннің тұтылғаны көз алдымда. 

– Ақырзаман! Ақырзаман келді! – десіп, ел қорқынышпен күбірлеседі. Бір шеттен молда шығып, азан шақыра бастады: 

– Аллаху акбар, Аллаху акбар! Лә иләхә илләАлла, лә иләхә илләАлла! Мұхаммед расулалла. Мұхаммед расулалла. Аллаху акбар! Аллаху акбар! Лә иләхә илләАлла! – деп күңірентіп ала жөнелді. 

Азан уақытында жұрттың бәрі сілтідей тынып, іштей дұға қайырып отырды.Мен әлдебір беймәлім кесапаттың келгенін жүрегіммен сезгендей шошынып, әжемнің етегінен жармасып алдым. 

– Бисмиллә де! Бисмиллә де! – дейді әжем менің сұп-сұр өңіме үңіліп. Жұрт ес жиып, өзді-өздеріне келгенше күн бетіндегі қара дақ қайтып та қалған еді. Мұны көргенде бәрі шу ете түсті. 

– Ә, Құдай! Ә, Тәңірім, жар бола гөр! 

Әйелдер енді қуаныштан жылап жүр. Сол кештен бастап ел бір апта бойы құрбандық шалып, құдайы таратумен болды”, – деп жазды. “Бауыржан, шошқаның етін жеме, орыс құдайына табынба!” Бауыржан 7-8 жасқа келгенде, әкесі оның сауатын үйде аша бастайды. Арабша, орысша жазуды үйретіп, есеп шығаруды түсіндіреді. Бірақ арыдан ойлаған Момыш жалғыз ұлына орыс оқуын оқытпай көсегесі көгермейтінін жақсы түсінеді. Заманның орыстарға қарай ауып бара жатқанын байқайды. Маңайындағылармен ақылдасып, олардың қарсы болғанына қарамастан “Жұрт сөзіне еріп қайтеміз. Бауыржан, Құдайға шүкір, мұсылманша көзі ашық емес пе? Орысша оқыдым деп діннен безе қоймас. Қазіргі заман ағымы да осы оқуды қалайтын сияқты” деп, Бауыржанды өзінің егінді бірге егетін Гончаров Кузьма атты орыс тамырының үйінде жатқызып, сол ауылда орысша оқытпақ болады. Бауыржанның өзі алғаш орыстың үйіне барған кезін былай есіне алады: “Ішке кіргенде бұрышта қаптаған икондарға бірден назарым ауды. Көзімді алмай қараппын да қалыппын. Суреттің жиек темірлері жалт-жұлт етеді. Мұнда қабасақал ата құдай бейнеленіпті. Оның оң жағында сәби көтерген ана құдай. Сол жағында Айса пайғамбар. Бәрінен төменіректе басы салбырап, қолы қадаға керілген біреудің суреті: жантүршігер азапқа түсіп тұрғаны жүзінен аңғарылады. Дәл соның түбінен балауыз шам жағып қойыпты. Көмескі жарық осынау күңгірт бұрышқа еміс-еміс сәуле шашады. Әр суреттің жиегін дала гүлімен көмкеріпті. Менің шектен тыс таңырқап отырғанымды сезген әкем, егжейлеп түсіндіре бастады: 

– Мұның бәрі орыс құдайларының бейнесі, – деді әкем суреттерді нұсқап. – Осы суреттерге бәрі табынады. Анау ақсақалды шалы – ата құдай, мына сұлу әйел – Айса пайғамбардың шешесі, қолындағы көтергені пайғамбардың сәби кезі. Ал мына сол пайғамбардың есейген шағы. Төмендегісі Айсаны дінсіздердің азаптағаны ғой… – Әкем біраз ойланып отырды да, сөзін жалғады. – Әрине, орыстар жаңсақ діннің жолында жүр. Әйтпесе өздері салған суретке өздері табынар ма еді? Адамды Құдай жаратты, Құдайды адам жаратқан емес, – деп бітірді. 

Әкем мен Кузьма шал шаруа жайын әңгімелеп отырғанда да мен икондардан көз алмадым. Бұл кезде дастархан да жайылып еді. Гончаровтар құдайларының қасына барып шоқынды да, асқа келді. Шал әкемді дәмге шақырып ишарат етті. Тишко бұл сөзді аударып берді: 

– Әкем мына дастарханның үстінде шошқа атаулының исі араласқан тағам жоқ дейді. Міне нан, мынау шекер, мынау картоп, жеміс бәрімізге ортақ.Қазандағы құстың еті.Сондықтан Момыш тартынбай, жиіркенбей, сескенбей өз үйіңдей отырып, тамақтансын, – деп отыр әкем”.Бауыржан дәл сол сәттері кейінгі өмірінің көп бөлігі орыстармен байланысты болатынын, Мәскеу түбінде талай орысты басқарып, атойлаған соғыс жүргізетінін, әрине, сол уақытта білген жоқ. Тек көкейінде орыстың үйінде қалдырып бара жатып әкесі мен көкесінің: “Әдепті бол, ұқыпты бол. Бұзықтармен дос болма.Сабағыңа көбірек көңіл бөл. Шошқаның етін жеп жүрме.Орыс құдайына табынып жүрме” дегендері мәңгілікке ұялап қалды. 

Келінін ашық-шашық күйде көргісі келмеген Баукең 

Ұядан осындай тәрбие алған Баукең атағы аспандаған кезде де баяғы әке өсиетіне адалдығынан айныған жоқ. Қартайғанында да қадірлі қария бола білді.Алла тағала оған Зейеп апамыздай өнегелі келінді жолықтырды. Атасы өмірден өткеннен кейін күнделіктерін “Шуақты күндер” атты кітапқа айналдырған апамыз “қазақтың біртуар марқасқа батыр ұлының қолына су құйып, шайын қайнатып жүргенім – Алланың маған тартқан ерекше бір сыйы болды” дей келіп, атасымен алғашқы кездесуін былай суреттейді: “Мезгіл түске таяп қалған. Газ плитасына шай қойып, қайнағанша бүгінгі газеттерді қарап отыр едім, есік сынып кетердей тарсылдады.Үйде жалғыз отырған соң әрі әдеттегіден тыс мына тарсылдың өзгешелігі шошытып жіберді. Тапа-тал түс болса да, есікке келіп: 

– Бұл кім? – дедім. 

– Мен! Атаңмын!

Бар, киін! – деді күркірегендей гүрілдеген үн есіктің сыртынан. Алғашқы қорыққаным қорыққан ба, зәрем ұшты.“Бар, киін” деген сөздің байыбын бірден ұға алмай, үйде киіп жүретін халатымның түймесін бір салып, бір ағыттым.Киім салатын шкафқа жүгірдім, сасқалақтап, киімдерімді жұлмалап әлекке түстім де қалдым.Дегенмен өзіме-өзім “сабыр-сабырлап” үстіме жеңі ұзын көйлек, басыма орамал, аяғыма шұлық тауып кидім. Барып есік ашып, ата-бабамның салтымен иіліп сәлем істедім. 

– Бақытты бол, балам! – деп, қолын басыма болар-болмас тигізіп, бөлмеге кірді. Ата жалғыз емес, қасында бір кісі бар, өң-түсінің қандай екенін көргем жоқ, бірден басымды көтеруге батылым жетпеді. 

Жасыратыны жоқ, үйде жеңіл болсын деп кеудесі ашық халат киіп, жалаңаяқ, шашымыз қобырап жүре береміз. Содан бара-бара әдетке айналады. Үйге біреу келе қалса да, сол күйі қабылдай береміз. “Көшеде емес, өз үйімде жүрмін ғой”, – деп өзімізді өзіміз жұбата салатын әдетіміз бар. Атам мені осындай келісімсіз, ашық-шашық күйде көргісі келмеді. Мен өзім де аңқайған киімге жақын емеспін. Өз әкем де ондайға жаны қас еді”. Міне, демалыста шетте болып, ұлының тойына қатыса алмай, кейін баласының шаңырағына келгенде келінімен осылай көріседі. Қаланың қызы болып, алдымнан жеңіл-желпі киіммен шыға сала ма деген күдік батырда да болса керек. Исламда да, қазақы тәрбиеде де қыз бала ер адамның етек-жеңін жинап жүруі тиіс. Соны білген батыр алғаш кездескен күні-ақ келініне есік сыртында тұрып ескерту жасайды. Ата өсиетін құлағына құйып алған, ұлағатты келін осыдан былай қарай бұл қағиданы бұзбай, бүгінде өзінен кейінгі қыз-келіншектерге насихаттап келеді. 

Құпия жазбаларын араб әрпімен жазған батыр 

Баукең талай құпия жазбаларды, дінге, сенімге, ұлтқа қатысты дүниелерді орысша емес, араб әрпімен жазып отырыпты. Ол туралы деректі келіні Зейнеп апа да растайды: “Мен шай мәзірін салған ыдысымды көтеріп, атаның бөлмесіне бардым. Аласа үстелдің үстіндегі темекі қалдықтарына толып қалған күлсалғышты ала бергенімде, ашық жатқан дәптердің бетіне ірі араб әріптерімен жазылған қысқа үш жолға көзім түсті, бірақ оқымадым. Күлсалғышты тазартып алып келсем, атам дәптерін әлі алмапты. Сол күйі жатыр. Дастарханға керекті дәмдерді орналастырмақшы болып дәптерді бір шетке қарай ығыстырдым. Тағы да жазуға еріксіз көзім түсті, шыдамымды тежемей оқып үлгердім. 

Найзаның ұшына қарамағын, 

Оның тұтқасын ұстаған 

Қолдың күшіне қарағын, – деген жолдар екен. 

– Көзіме тура қара!

– Оқыстан шыққан дауыстан жүрегім зырқ етті. 

–Шыныңды айт, араб әріптерін оқи аласың ба? 

– И-и-ә, – дедім, неге екенін, аяқ астынан кекештеніп, 

– Шекем қызған екен! – Маңдайын алақанымен сарт еткізді. 

Мен сасқалақтап қалдым. 

– Сорым қайнаған екен! Құпияларымды жазғанда осы әріпті пайдаланушы едім, енді қайттім? – дегенде амалым таусылып жүзіне қарасам, атам мұртынан күліп отыр. Әзіл екеніне көзім жеткен соң: 

– Кешіріңіз, бақырайып тұрса... еріксіз оқыдым, – деп шынымды айттым. 

– Балам, егер сөздің жөніне көшсек, бұл әріпті білгенің өте жақсы екен. Менің жазбаларымның әжептәуір бөлігі араб әрпімен жазылған.Бала кезімде сауатымды осы жазумен ашқанға ма, қол оңай жүгіреді.Кейін Бақытжан қолжазбаларымды өзгенің көмегінсіз оқи алмайды-ау деп ойлаушы едім, енді қарасам сен бар екенсің, – деді кесесін қолына алып”. Батырдың араб әрпімен жазған көп жазбалары әлі де толықтай баспа бетін көрмесе керек. Өйткені бауыржантанушы ғалым Мекемтас Мырзахметов батырдың 30 томдық шығармалар жинағы жарияланғанда, әлі де 15 томдай мұра қалғанын тілге тиек еткен болатын. 

Батырдың ішімдік туралы насихаты 

Жаны, жүрегі дінге жақын болған батыр өмірінің соңында балаларына ішімдікті дастарханға жолатпауды насихаттайды. Ол туралы Зейнеп апа: “Жақсы араласып жүрген бір жолдасымыздың әкесі қайтыс болды. Сол кісінің жетісіне барып келгенімде атам: 

– Иә, балам, қалай барып қайттың? – деп әңгіме сұрады. Мен кісілердің көп келгенін, дастархандарының мол болғанын, үй иесіне жұрттың риза екенін айтып бердім. 

– Адам өлген соң көмусіз қалмайды, әйтеуір жүзі жабылады. Дегенмен, “орнында бар оңалар” дегендей, баласы артында қалып, жөн-жоралғысымен жақсылап жөнелткені дұрыс болған екен. Шындап келгенде марқұм үшін енді бәрібір, бұның барлығы тірілер үшін жасалатын нәрселер ғой, – дейді. 
Кейде өзі күтпеген тосын нәрсені топ еткізіп айта салатын әдетін білсем де, өлім туралы салқынқандылықпен жайбарақат сөйлеп отырғаны біртүрлі денемді түршіктіргендей болды, бірақ үндемедім. 

– Дастархандары таза болды ма? – деді атам. 

– Иә, өңкей аппақ крахмалданған дастархан жауыпты, – дедім сөзді тура мағынасында түсініп, әрі неге олай сұрағанына таңданып қалдым. 

– Ақымақтанба! Нені сұрағанымды білесің, – деді, көзінің оты жарқ етіп. 

– Кешіріңіз, ата, шынымен түсінбей қалдым. 

– Дастарханда ішімдік болды ма деп отырмын. 

– Е-е, болды. Неше түрлісі болды, – дедім, сөз мәнісін енді түсініп. 
Атам ештеңе демеді, әңгіме осымен бітіп қалды ма деп ойладым. Бірақ меніңше, атам жайдан-жай, текке әңгіме болсын деп бас-аяғы жоқ сөзді қозғамайды. Бастаған екен, қайткенде бір түйін түйіліп жатады. Атамды әрі қарай сөйлетпекші болып: 

– Қазір молшылық кезі ғой, елдің бәрі осылай істейді, дәстүр болып кеткен, – дедім атам ондайды көрмей жүргендей білгішсініп. 

– Дәстүр дейсің бе? Қай жеті атаңнан қалған мұра еді бұл дәстүрің? – деп дауысы ызғарланып шыға келгенде тілімді тістедім.

– Дәстүр дейді ғой, дәстүр емес – жұқпалы ауру, егер түсінсең. Өлім – жаратылыстың бұлтартпай бұғаулайтын тұзағы. Біреуге ерте, біреуге кеш келеді. Уақыт шіркін, мидың ине көзіндей тесігінен құмсағаттай сырғып өте шығады. Смерть – это приговор природы, не подлежащий обжалованию! Соны анық біле жүріп өмір сүру – адамзаттың ұлылығы. Қалай десең де, өлімнің аты ызғарлы.

Бөлісу: