25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Ахмет бабамыздың төте жазуы - Құранның жемісі.

Ұлы тұлғалар
Жарнама

Биылғы жыл қазақ тілінің негізін қалаушы, Алаш көсемі - Ахмет Байтұрсынұлы бабамыздың 145 жылдық мерейтойын атап өтетін жыл  болып танылды. Осы орайда 15.03.17 жылы Алматыда Ұлттық кітапханада зиялы қауым, ғалымдар, ұлт, тіл  жанашырлары бас қосқан конференция болып өтті. Ғалым бабамыздың жарық көрмеген көптеген еңбектері жөнінде сөз болды. Мысыр елінен қатысқан доктор Юнус Сабри А.Байтұрсынұлы еңбектерін араб тіліне аударуға ниетті екенін де білдірді.

Бұл бастама ағымдағы жылы барлық жерлерде қолдау табады деп ойлаймыз. Себебі осы  мерейтой -  "Алаш қозғалысының 100 жылдығымен" сәйкес келіп отыр.

Сонымен бірге әр жыл сайын да  еліміз бойынша "Ахмет оқуларын" өткізіп тұрса нұр үстіне нұр болар еді. Кезінде Кеңес өкіметі қазақ халқын 2 - ақ пайыз сауатты деп яғни, кириллицаны таныған халықты ғана есепке алып, ал араб әріпін танып, оқитын қауымды есепке алмауында да "бұратана" халықтарға жасаған шовинистік саясаттың бір әрекеті болатын. Ал, негізінде атам қазақ ислам дінін қабылдағаннан бастап осы араб әріпімен хат танып, сауат ашқаны баршаға аян.

Ахмет Байтұрсынұлы еңбектерінің ең бірегейі - ескі қадим жазуды жаңа төте жазуға өзгертіп, жеңілдетуі болып табылады. Бұл әліпби қазақ тілінің барлық тілдік заңдылықтарын сақтап, оқуға - жазуға ең ыңғайлы болды. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін оннан артық жыл қолданыста болып, "Қазақ", "Еңбекші қазақ", т.б газеттер осы әліпбимен шығып тарады.

Әлі күнге дейін шетелдегі, әсіресе Қытай, Ауған, Иран, Түркиядағы қандастарымыз осы жазуды оқи алады. Бұл әліпбимен "Шалқар" газеті сонау кеңес заманынан бері елімізде шығып, шетелдегі қазақтарға тарап тұрады. Өзі құрастырған жазу жүйесін сынға алғандардан барынша қорғаштаған А.Байтұрсынұлы Кеңес үкіметінің «араб жазуынан айы­ру арқылы тұтас бір халыққа өткенін ұмыттырып, ұлттық игіліктерді саналарынан өшіру» әрекетін жасап отырғанын жақсы түсінді. Сөз қозғап отырған "төте жазу"  әліпбиін үйретуді ҚМДБ да қолға алып, мешіт жанындағы сауаташу курстары, медресе, жоғары діни оқу орындарында да оқу бағдарламасына кіргізсе, "жоғалғанымыз табылғандай" болары сөзсіз. Себебі Ахмет Байтұрсынұлы төте жазуы- Құраннан нәр алған жазу.

Ғұлама бабамыз: "Қазақта әйел адам ұршықты оңнан солға  қарай иіреді.Сондықтан, жазу үшін қолымызға  оңнан солға қарай жазуға  ыңғайлы болады ",-деп айтқан екен. Расында, қазақ халқын оншақты жылдың ішінде екі әліпбиге: латын, кириллицаға ауыстыру саясатының кесірінен, бұрынғы бабалар еңбектерінен жырақ қалдық. Ал, білім іздеуші талапкер бұл "төте" жазуды меңгерсе,  ескі "қадим" жазуын, "османи" жазуын, "шағатай" жазуын игеруге де оңай болып, ол арқылы  шәкірт ата - баба мұрасына да барып, сусындай алары анық. Керек десеңіз, Құран әліппесінен бұрын осы жазуды меңгерсе, Құранға келу - одан да жеңіл де ұғынықты болады. 

Алла Тағала бабамыздың асыл мұрасының дамуын нәсіп етсін! 

 

 

Нұр – Мубарак университетінің докторанты

Қуат Қабдолда 

Бөлісу: