24
Сейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Хусамуддин әс-Сығнақи – Ханафи мәзһабының белді ғалымы

Хусамуддин әс-Сығнақи – Ханафи мәзһабының белді ғалымы

Ұлы тұлғалар
Жарнама

Сығнақ үлкен білім орталығы болған. Оның топырағынан сан қилы ғалымдар, ақындар, қолбасшылар шыққан. Соның бірі Һисамиддин Сығнақи, Дәруіш Әли ас-Сығнақи, Хусам ад-Дин ас-Сығнақи, Молла имам ас-Сығнақи, Камал ад-Дин ас-Сығнақи, Шайдай шайқы Сығнақи сияқты біртуар ұлдар кезінде Сыр бойының мақтанышына айналды. Сыр бойындағы Сығнақ қаласында дүниеге келген Һисамиддин Сығнақи Сунақата 1132-1199 жылдары өмір сүрген. Отырар қаласындағы кітапхананы басқарған Һисамиддин Сығнақи Сунақата ғұлама ғалымның атақты діни шығармалары «Нихая» мен «Хидая» кітаптарын осы қалада жазған. Бұл еңбектерге оның немересі ғұлама ғалым, әрі ақын шайыр екендігін айта келіп, мұсылман ілімінің заң ғылымы бойынша маманданған, сонымен қатар хадистанушы, философ, тарих, тіл мен әдебиет саласында таланты діннің қылышы атанған Хусамуддин әс-Сығанақи талдау жасаған.

Ғалымның ұстаздары мен замандастары және Хусамуддинді зерделегендердің барлығы да, әсіресе, оның жас кезінен-ақ аса қабілетті, әрі білімге жақын болғандықтан ғылымның жоғарғы сатысына көтерілгенін айтады. Осыған қарағанда оның зиялы отбасында дүниеге келгені, ғылыми ортада өскені байқалады. Жерлесіміздің дін саласын таңдағаны балалық шағынан діни тәрбие алғанында деп ойлаймыз. Өмірдерек¬шілердің айтуынша, ұстазы Орта Азиядан шыққан оқымысты, имам Хафиз ад-Дин әл-Бұхари (1218-1293) оның ғылымға деген қабілетін жас кезінен-ақ байқаған. Осы жерде қырымдық орта ғасыр ғалымы Махмұд бин Сүлейман әл-Кафауидің «Катаиб әл-Кафауи» – «Әл-Кафауидің жазбаша құжаттары» атты еңбегіндегі деректеріне қарағанда, жерлесіміздің алғашқы білімді өз отанында алғаны байқалады. «Хұсам ад-Дин әл-Хұсейн бин Әли бин Хажжаж бин Әли әс-Сығнақи, – дейді автор, – «Ниһайа фи шарх әл-Һидаяның» авторы.

Ас-Сығнақи Түркістан (уалаятындағы – Ә.Д.) кішкентай қала. Ясы шаһарына жақын жерде. Ол Түркістан патшасының мекені. Бұған қарағанда Хұсам ад-Дин араб елдеріне аттанбас бұрын Түркістанда оқыған болып шығады. Сонда бұл кезде Сығанақ перзентін отыздарда деуге болатын сияқты. Содан кейін Бұхара, Самарқанд... Одан әрі Бағдад шаһарына жол тартқан-тын. Ас-Сығанақи өз отаны және мұсылман Шығысында да аламанасыр кезеңде өмір сүрді. Отырар мен Сығнақ, Хорезм мен Бұхараны да отқа ораған моңғолдар Таяу және Орта Шығыс жұртына да жетіп еді. Соның салдарынан XІІІ ғасырдың екінші жартысында бес ғасыр бойы дара билік жүргізген Аббас халифаты құлады және ол ислам тарихында қасіретті із қалдырды. Бұл бірде-бір дінді мойындамайтын моңғол басқыншыларын бастаған Хұлағу ханның 200 мың әскермен Машрық жерлерінің біразын және 1258 жылы Бағдатқа да ту тігіп үлгерген шақ-ты. Мысырлықтар мен кресшілер арасында да бітіспес шайқастар жалғасып жатты. Бірақ, Тұраншаһ ибн Мәлік Салих Аййубтың ерлігі және елді жақсы басқаруы арқасында кресшілер талқандалды. Арасында көптеген ірі тұлғалар мен әскербасылары бар кресшілер өлтіріліп, 20 мыңнан астамы тұтқынға алынды, қолға көп олжа түсті. Осындай толассыз атыс-шабыс, талас-тартыс, яғни саяси тұрақсыздық діни құндылықтардың төмендеуіне, әлеуметтік әділетсіздіктің орын алуына, экономикалық жағдайдың құлдырауына соқтырмай қоймады. Қоғамда бей-берекеттік орын алды. Оның тағы бір себебін араб тарихшылары: «Моңғол және кресшілерден бұрын да жұрттың шариғат жолымен жүрмей, одан алшақтауы, мұсылмандар арасына жік түсіп, ынтымақ, бірліктен айрылуынан», – дейді.

Хусамуддин мұсылман Шығысы әлемі ойранға ұшыраған осындай ауыр кезде ғұмыр кешті. Дейтұрғанмен, ол ел аралай жүріп, халықты ғылым мен білімге шақырды, ілім, білімге деген ынта-ықыласын оятты. Ол кейбіреулер секілді ел басына түскен қасіреттен құса болып, өмірден үмітін үзген жоқ. Торығуға ұшырамады. Бұл кездердегі ахуал бір көтеріліп, бір басылатын теңіз толқындарын еске түсіретін. Толассыз соғыстар салдарынан мешіттер қирап жатты, сол себепті рухани өмірдің белсенділігі төмендеді. Бірақ ХІІІ ғасырдың аяғына таман жаулар талқандалып, елден қуылғаннан соң мәдени, рухани өмір жандана бастады. Әсіресе, сұлтан Бейбарыс билік еткен мәмлүктер тұсында ғылым қайта гүлдеп, мектептердің негізі қаланды. Кітапханалар салынып, мешіттерге халық жинала бастады. Иран мен Ирактан қашып келген ғалымдар мен көзі ашық көкірегі ояуларды мәмлүктер қолдап, көтермелегендіктен Мысыр мен Шамда ғылым өркендеуге бет алды. Осындай кезеңде Сығнақтан келген Хусамуддин ғылымға жақындығымен ерекшеленді. Шығармаларын жазып, өзгелерге тағылым бере білген ол шенеуніктік лауазымдарға қызықпады. Қызметтік міндеттерді атқару немесе әмір болу дегенді білмеді, мақсаты – ғылымға қызмет ету болды. Ол ислам дінін беріле сүйді. Құрметтеді, өзі тағылым ала жүріп, шәкірттер даярлауға да мол үлес қосты. Ал тағылым алған ұстаздары сол заманның нағыз ойшылдары-тын. Олар оған мұсылман құқығы, фиқһтан дәріс берді.

Әс-Сығнақи «ал-Уафи» атты кітабының соңғы жағында өзін ұстаздарының қатты мақтайтынын жазған. Бірақ еңбектерінде олардың өмірбаяндары және еңбектері жайында аз айтады. Орта Азиядан шыққан ойшылдар. Хұсам ад-Дин осындай ғалымдар мен ой қуушылардан әуелі Түркістан, сонан соң Бұхара мен Самарқанд, Хорезм, одан кейін араб Шығысының орталықтарында түрлі даналармен кездесті, олардан тағылым алды, үйренді, үйретті де. Дамаскіге, Халабқа (Алеппоға) зиярат жасады. Сонда біраз тұрды. Онда шариғат құқығы бойынша үлкен қазы Әл-Қади Насыр ад-Дин бин Мұхаммед бин Камал ад-Дин Әбу Хафс Омар бин әл-Әдиммен (1289-1350) ұшырасты. Оған өз қолымен жазған «Әл-һидаййа» түсіндірмесінің бір данасын және ұстаздары мен тәлімгерлері жайлы туындатқан шығармасын табыс етті. Сонымен Хусамуддин ас-Сығнақидың атағы әуелі дін ғылымының Орта Азиядан шыққан көрнекті мамандардың еңбектеріне түсіндірме жазумен шыққан. Бұл ретте Әбу Насыр әл-Фарабидің (870-950) Аристотель шығармаларына түсіндірме жасауымен даңқы алысқа кеткенін еске алуға болады. Аристотель еңбектеріне Әбу Насырдан басқа да ғалымдар түсіндірме жасаған. Бірақ ғалым ойын дұрыс түсін-бегендіктен, олар жеріне жеткізе аудара әрі айта алмаған. Ал, Фараби бабамыздың жөні бөлек. Ғажап қасиетімен талдап, жіктеп берген. Сол секілді ас-Сығнақидың да Орта Азия халқы және араб жұрты үшін мұсылмандық жайлы еңбектерге жеріне жеткізе түсіндірме жасауды мақсат етуі әбден мүмкін.

Әс-Сығнақи бірте-бірте Ханафи мазһабының атақты ғалымы дәрежесіне жетті. Маула Тақи ад-Дин бин Абд әл-Қадр ат-Тамими ад-Дари әл-Ғүззи әл-Мысри әл-Ханафи оны: «Даңқты ғалым, имам, мұсылман фиқһының білгірі, грамматиканы өте жақсы білген және зеректігімен ерекшеленген», – десе, ибн Тагриберди: «Ірі дін ғалымы, тәпсірші, ғылымды жүйелеуші, «әл-Һидаяның» түсіндірушісі», – дейді. Иә, оның атақты болғандығында күмән жоқ. Ол тек мұсылман фиқһы ғана емес, әріптестері арасында ғылымды жүйелеуде, сабақ, діни-құқықтық сұрақтарға жауап беруде, пікірталастарда зеректігімен ерекшеленген. Осындай ойлар бізге оның шығармаларымен танысқаннан кейін келді. Ханафилік фиқһ мәселелеріне арналған «Ан-Ниһаийа шарх ал-Һидаийа» – «Әл-Һидаяға түсіндірменің соңы» атты еңбегі әс-Сығнақи үлкен атақ-даңқ әкелді. Ол 10 кітаптан тұратын күрделі туынды. Хусамуддиннің қолжазбалары. Ғұлама еңбектерінің қолжазба нұсқаларын әлемнің түкпір-түкпіріндегі кітапханалардан ұшыратуға болады.

материал «Хусамуддин әс-Сығнақи еңбектеріндегі

«Усул әл-фиқһ» ілімі» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: