25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

«Риялы ораза, намазбен, Өзіңді өзің алдама!»

«Риялы ораза, намазбен, Өзіңді өзің алдама!»

Ұлы тұлғалар
Жарнама

Абайдың дін жайлы дұрыс білім алуына әкесі Құнанбадың зор ықпалы болғаны анық. Бұл жайлы Мұхтар Әуезов «Абай он жасқа келгенде әкесі Семей қаласына әкеліп оқуға берген. Бұдан бұрын қырда да біраз оқыған болады.

Семейдегі алғашқы берген молдасы Ғабдұлжаппар деген татар. Артынан бұдан шығарып, Ахмет Риза молдаға тапсырған. Екеуі де мешітте имамдық қылады. Және сол мешіттердің жанында медресе болған. Оқушы шәкірттің көбі сол медреседе жатып оқиды» деп жазады. Абайдың Ахмет Риза медресесінен алған діни білімі оның осы бағыттағы ізденісін қамшылай түскен еді.

Кәкітай Ысқақұлы естелігінде Құнанбайдың ұлы Абайдың да Рамазан айында құлшылығын арттырып, ораза ұстағаны жайлы жазады. «...Рамазан айында ораза ұстап, намазды сонда үзбей оқушы еді. Ол оқыған кезінде, өзгелерді «асығыс отырып, сендер көңілді алаң қыласыңдар» деп, өзі жеке асықпай оқып отырып алушы еді» дейді. Кәкітайдың жазуынша, Абай «Құдайға шын көңілмен ғибадат қылған кісі құпия қылады деп» сыртымен тақуасынған адамдарды аса жақтырмағанын атап өтеді. Бұл пікірді Көкбай Жанатайұлы да қуаттаған. Көкбай естелігінде «Абай шын мағынасында мұсылман еді. Бірақ мұсылманшылығы молда-қожа айтып жүрген сырты сопы мұсылмандық емес, үлкен сынмен, терең оймен, өз жүрегімен тапқан мұсылмандық болатын» деп жазады.

Абайдың, одан бертіндегі қазақ ақындарының (Сұлтанмахмұт Торайғыров, Мағжан Жұмабаев т.б) өлеңдерінде дін жайлы жағымсыз жолдар жоқ емес. Бұл олардың дін Исламды мойындамағаны немесе күпірлікке салынғанынан емес, сол замандағы сәлде таққанын бәлсініп, құлшылығына рия қосып, жалаңаш жұрттың хақын жеп, дінді жек көрінішті көрсеткен дүмше молдалардың ісіне күйінгенінен еді.

Абай өзінің «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген өлеңінде:

Руза, намаз, зекет, хаж – талассыз іс,
Жақсы болсаң, жақсы тұт бәрін тегіс. 
Бастапқы үшін бекітпей, соңғы төртті 
Қылғанменен татымды бермес жеміс, – дейді.

Ақынның бастапқы үші деп отырғаны АЛЛАНЫ, АДАМЗАТТЫ және ӘДІЛЕТТІ сүю болатын. Міне, осы үш «ИМАНИ ГҮЛ» кеудесінде бүр жарған адамның ғана соңғы төртеу – ОРАЗА, НАМАЗ, ЗЕКЕТ, ҚАЖЫЛЫҒЫ қабыл болатынын алға тартады. Абай құлшылыққа рия араластырмауға шақырады. Мағжан Жұмабаевтың «Риялы ораза, намазбен, Өзіңді өзің алдама!» деп жазатыны да содан.

Абай Құнанбайұлы – дінді ғылым арқылы түсінуді құптаған адам. Мұны ақын өзінің оныншы қара сөзінде «Ғылымсыз ахирет те жоқ, дүние де жоқ. Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан ораза, қылған хаж, ешбір ғибадат орнына бармайды» деп нақтылай түседі.

дереккөз: muftyat.kz

Бөлісу: