25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Төле би неліктен Ташкентте жатыр?

Төле би неліктен Ташкентте жатыр?

Ұлы тұлғалар
Жарнама

Қазақтың үш айтулы биінің екеуінің сүйегі өзбек жерінде жатыр. Әйтеке би Өзбекстанның Науаи облысында жерленген болса, Төле биге топырақ дәл осы Ташкенттен бұйырыпты.

 Төле бидің «Қарлығаш әулие» атануы

«Төле бидің қабірі қайда?» десең, өзбектер түсінбейді, тіпті сұрағаныңды анықтап көрсетіп те бере алмайды. Ал «Калдырғаш бидің кесенесі» десең, түсіне қояды. Бірден қала орталығындағы шешеннің қабірі орналасқан жерге бастай жөнеледі. Біз де іздеп жүріп, Төле би бабамыздың кесенесін Ташкенттегі Ислам университетінің ауласынан таптық.

Төленің «Қалдырғаш би» атануының себебін өздеріңіз де сезіп отырған шығарсыздар. Қазақтар оны «Қарлығаш әулие» дейді. Ел ішінде бидің бұлай аталу себебі жөнінде мынандай аңыз бар: «Бір жаугершілік кезде елге жоңғарлар шауып, ауыл адамдары үйлерін тастай қашқан. Осы уақытта тек Төле би ғана түтінін бұзбастан орнында отыра беріпті. Ауылға басып кірген жоңғар қонтайшысы түтінін тұтатқан жалғыз үйді көреді. Ел үдере көшкенде, өзінен қорықпай отырған адамның кім екенін білмекке кісі жібереді. Баса көктеп үйге енген жоңғарлар жөн сұраспастан, бірден жауап алмаққа дүрсе қоя береді. Сонда Төле би жоңғарларға амандықсыз сөз бастағанын айтып, бір тықыртса, көшпеуінің себебін айтып, екінші тықыртқан екен. Жұртпен бірге бас сауғалап, үйін тастамағанының себебін би былай түсіндіріпті: "Биыл шаңырағыма қарлығаш ұя салған екен. Балапандары қанаттанғанша үйімді бұзбайын деп шештім. Жау жағадан алды екен деп ұясын бұзып, балапандарды шырылдатқым келмеді. Сендердің де үйлеріңді ойран етіп, бала-шағаларыңды шырылдатса, өздеріңе жақсы болар ма еді?" Төле бидің жауабын естіген жоңғар қонтайшысы Төле биді әулие деп танып, әскеріне би шаңырағына да, ол отырған ауылға да шаппауын бұйырады. Содан бері Төле би «Қарлығаш әулие» атанып кеткен екен».

Ташкентті билеген Төле би 

Төле бидің қай жерде дүниеге келгені туралы нақты дерек жоқтың қасы. Журналист Жанәлі Ырысметов 1990 жылы жарияланған «Төле би һәм оның заманы» атты мақаласында өзінің «Өгіз баян» шежіресін пайдаланғанын, Төле бидің бүгінгі Оңтүстік Қазақстан облысы Ленгір ауданындағы Қазығұрт тауына жақын, Бадам өзенінің сол жағындағы Бәйтік деген елді мекенде дүниеге келгенін жазады. Ал Қазыбек бек Тауасарұлы «Түп-тұқияннан өзіме шейін» атты кітабында Төле бидің Алакөлде, Көктұма деген кішкентай өзеннің тұныққа құяр сағасында туғаны айтылады. Ал төлебитанушы тарихшы Әсет Кенбаев Төле бабамыздың Шу бойында жерленгеніне сенімді. Ол тарихи құжаттарға сүйене отырып: «Төле бабамыздың қазіргі Шу өңірі, Жайсаң жайлауында дүниеге келгені жөнінде тарихшылардың зерттеу еңбектерінде атап көрсетіледі. Соңғы мұрағат зерттеулерімен толықтырып айтсам, Аққайнар бастауының бойында туған. Аққайнарда туғандығына дәлелім бар. Мен 1991-1993 жылдары Шу өңірінде бірнеше рет болып, көнекөз қариялармен кездестім. Аққайнардың басына ауыл қарттарымен бірге бардым. Қариялардың деректеріне сенбеске лажың жоқ. Бабамызды Шу атырабының дәл Аққайнарында туған деп нақтылап айтар болсақ, Төле бидің туған жеріне деген құрмет те ерекше болар еді. Көнекөздердің айтуынша, Аққайнарда 50-60-қа жуық үй болған. Ауылдарды ірілендіру кезінде көрші үлкен ауылға көшіріп жіберген. Қазір ешкім тұрмайды. Төле баба Шу өңірінен Қазығұрт тауының баурайына аумалы-төкпелі заманда қоныс аударған болуы керек. Қазығұрт пен Алатаудың аралығын ұрпақтары жайлап отыр.  Ол өмірінің соңғы жылдарында Төлеби ауданында өмір сүрген. Ордақонған-Ақбұрқан деген жерде қайтыс болған. Дүние салған соң Шейхантаурге өз аманаты бойынша жерленген. Мен мұның бәрін 40-қа жуық тарихи еңбектерді, мұрағат деректерін негіз етіп алып отырмын».

Ал Төле бидің Ташкентке қалай барғаны жөнінде мынандай тарихи деректер бар. 1718 жылы Тәуке хан өмірден өткен соң Қазақ еліндегі хандық билік бөлшектене бастайды. Ел арасы әлсіреп, қалмақтар қазақтың көп жерін басып алады. Дәл осы кездері тарих сахнасына Төле би шығады. Ташкент қаласын қалмақтардан босату үшін 1726-1727 жылдары Төле би бастаған халық қозғалысының тарихи маңызы зор. Орыс тарихшысы А.Левшин өзінің қазақтар туралы еңбегінде Жолбарыс хан өлген соң Төле бидің Ташкентті алты жыл басқарғанын айтады. Кей деректер 12 жыл делінеді.

Төле бидің Ташкенттке қалай келгені белгілі болды. Ал қабірінің қалай анықталғаны жөнінде тарихшы-этнолог, түркітанушы ғалым Мұхитхан Миразов мынандай пікір айтады: «Төле би басқа, Қарлығаш би басқа» деген дау-дамайды алғаш Өзбекстандағы Қазақ мәдени орталығының бір-екі белсенді кісілері де айтқан. Олар арнайы үнпарақтар да таратқан. 1982 жылы ғұлама ғалым Ә.Марғұлан шәкірті Самат Өтениязовқа Ташкенттегі М.Массонға бір хат тапсыруды жүктеген. Мен бұл хатты Өзбекстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағатынан таптым. Онда Ә.Марғұлан Төле бидің Шейхантаурда жерленгенін нақтылаған. 1972 жылдың 18 ақпанында археологтер Қарлығаш би кесенесінде зерттеу жұмыстарын бастаған. Антрополог Т.Юнусовтың анықтауы бойынша, бас сүйектердің санына қарай онда үш еркек және екі әйел жерленген. Зерттеулер барысында ескерткіштің нақты қай кезеңге тән екені анықталмаған. Осы зерттеулерге қарап, «Төле бабаның бір әйелі өзбек болғандықтан, ол қайтыс болған соң сонда жерленуі мүмкін ғой» деген ой да оралады.Сосын үлкен орданың астанасы да, хан тағы да Ташкент шаһары болған. Сондықтан қазақтың көптеген айтулы азаматтары осындағы мазарларда жерленген. Оны мынадай құжаттық жазбалар барынша растай түседі:«...Қаладағы (Ташкентті айтып отыр) үкіметті бұрын шаһар тұрғындары ұстап тұрған екен, бірақ кейін оларға Ұлы орданың қазақтары үстемдік құратын болған. Бұл орданың хандары көбіне осы қалаға қоныстанады». Бұл – XVIII ғасырдағы патша шенеунігі П.И.Рычковтың берген мәліметі. Мына бір дерекке де көңіл қоялық: «...Один из знаменитейших биев киргизского народа Толебий Алибеков (дулат, отделение жаныс) фактически повелевавший Старшей Ордой, жил у самого Ташкента...» Ташкент қаласын көп зерттеген патшаның тағы бір офицері Александр Семенов «Бұл жерде XVIII ғасырдың бірінші жартысында Ташкентті басқарған атақты қазы Төле бидің сүйегі жатыр» деген дерек қалдырған. Орыс деректерін қытай деректері негіздеп, нақтылай түседі. Қазақта сақталған ескерткіштердің басым көпшілігінің күмбезді болып келетіні, ал күмбездің белгілі бір дәрежеде киіз үйдің қаңқасына ұқсайтыны белгілі. Төле би кесенесін зерттеу ісінде бұл да ерекше маңызға ие».

Төле өзбектердің қазаққа қимайтынын біз де байқадық. Бірақ біздің ғалымдардың дәлеліне нақты қарсы құжаттары болмағаннан кейін амалсыз мойындаған секілді. Өйткені, ешбір өзбек ғалымы мұнда Қарлығаш бидің (өзбекше Қалдиргоч) жатқанын нақтылай алмаған.  Ал 1993 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев пен Өзбекстан Республикасының Президенті И.Каримов Төле бидің басына арнайы келіп, зиярат жасап, Құран оқытып кетеді. Сол кезден бастап 26-мамыр  Төле биді еске алу күніне айналыпты. Ал Назарбаев арнайы жаздырған «Тәңірім қазаққа елдікті де, ерлікті де, даналықты да берген» мұнда келген әр қазақтың рухын тасытып, мерейін үстем етері анық. 

материал “Тұлғалар өміріндегі Ислам” кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: