25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Кәпірлерден Түркістанды қорғаған батырдың діндарлығы

Кәпірлерден Түркістанды қорғаған батырдың діндарлығы

Ұлы тұлғалар
Жарнама

Қазақтың соңғы ханы Кенесарының жанына еріп, тәуелсіздік жолында аяусыз күрескен батырлар көп еді. Олардың ішінде ерліктері ел аузында сақталып, тарихи жырларға қосылып отырған Ағыбай, Бұқарбай, Иман, Шәкір, Жауке, Төлебай, Жанайдар, Бұғыбай батырлар бар. Ал солардың арасында Кенесарының оң қолы, Наурызбай (Науан) батырға ақылшы болған, есімі ұранға айналған, шұбыртпалы руынан шыққан Ағыбай батырдың орны ерекше болатын.

Ел ішіндегі аңыздар Хан Кенеден айырылғаннан кейін де Ағыбай батырдың жорықтарға қатысқанын айтады.  Мұхамеджан Рүстемовтің “Ер Ағыбай мен ақын Нартай” атты мақаласында осы хабар былай суреттеледі:” Ағыбай батырға Сыздық төреден де хабар келеді.

- Ақжолтай аға, “Әзірет сұлтан жатқан кесенені бұзамыз” деп Түркістанды жау қоршап жаты. Сыздық төре: “Орыстың айла-амалын біледі, жиналған қазақ, өзбек тобына ақылшы болсын”, деп сізді шақырып жатыр, - дейді хабаршы жігіт.

Ағыбай батыр ойланып отырып:

- Кәпірлер Қожа Ахмет бабамызға да жеткен бе? Алла жар болсын. Сыздық балама айт, әлі атқа мініп, мылтық қолға ұстайтын мұрша бар, - дейді. Шу бойында отырған Ағыбай бастаған шұбыртпалылар Созақ арқылы Түркістанға суыт жүріп отырып, бір күнде жеткен. Бетпақдала жағынан шабуыл күтпеген орыс әскерлері бытырап, жеңіліске ұшырайды. Олжалы болған Ағыбай әскері бір зеңбірегі, жиырма шақты мылтықтарымен Сыздық төре мен Әлімқұл ханның жасағына қосылады. Қожа Ахмет бабасының кесенесіне зиярат етіп, Қаз дауысты Қазыбек бабасының, Хана би тусының басында Құран оқиды”.

Солай Кенесары ғана емес, оның әкесі Қасым, баласы Сыздық төренің кезінде аттан түспеген Ағыбай батырдың тұтастай өмірі тәуелсіздік үшін күрес жолында өтті.

Ағыбай батыр Түркістан сапарында түс көріпті деседі. Түсінде аян беріліп: “Батырлығыңның біткен жері осы, енді қолыңа Құран ал” деген дауысты естиді. Еліне қайтқан батыр дін жолына түсіп, би Айжігіт қалпенің соғынан ереді. Айжігіт қалпе сопы болған адам екен. Қалмаққырылған тауының етегінде, Бетпақсудың бойында Айжігіт қалпенің жердің астында қазып салдырған мешіті болыпты. Жиырмасыншы жылдардағы аласапыранда бұл мешіт ойылып, шұңқырға айналып кетіпті.

Ал өмірден өтерінде Ағыбай батыр балаларына үш өкінішін айтыпты.

Бұл туралы Хамит Жаманұлы шығарған “Үш өкініш” деген жыр-толғау бар екен. Сонда Ағыбай батыр: “Уа, дүние-ай! Мұнша жасарымды білсем, Талас өзенінің арғы жағында “Ағекем-ай! Мені шынымен-ақ қырғызға тастап кеткенің бе?” – деп Наурызбай түнімен айқайлағанда, барып құтқарып алар едім-ау”, - деген екен. Өзінің де шайқасқа шығып, батырлармен бірге өлмегеніне өкініші өмірбойы жанын жеген секілді. Кенесары: “Сарыарқадай жер қайда, Ағыбайдай ер қайда?” деп әспеттеген батыр да солай дүниеден көшті. Ал зираты Жезқазған облысы, Ақадыр ауданында тұр.

Өмірбойы орыспен жағаласып өткен батырдың ұрпақтары бабаларының сол әрекеті үшін Кеңес кезінде орыстан талай таяқ жеді. Бүгінгі белгілі ғалым, Ағыбай батырдың ұрпағы Айгүл Ісімақова бабасы туралы еңбегінде әкесінің мынандай сөзін келтіреді: “Мен Ағыбай тегімін” деп ешқашан мақтанбаңдар, оның Ақжолтай аты – бүкіл қазақ елінің абыройы, қолдан келсе, осыны естен шығармай, бұл атақты ұятқа қалдырмаңдар. Ағыбай Алланың ерекше мейірімі түскен құлы болып өтті. Дер кезде осыны түсініп, өзіне жіберілген нәсібін ақтап кетті. Қазақта қаншама батыр болса да, Ақжолтай деп елі Ағыбайды атады. Сондықтан аруаққа емес, Аллаға табыну – бізге парыз. Тек Алла жолында ғана адам баласы пендешіліктен көтеріліп, таза ақ істердің басында көбірек болары анық. Атамның қазаққа белгілі абыройын есте сақтап, оның батырлық, кісілік істерін үлгі етіп, оның Алла жолындағы тақуалығын, таухидтығын, Кенесарыға, еліне деген адалдығын, қан майдан жолдастарына деген парасаттылығын, осының бәрінің арқасында тұрған тектілігін естен шығармаңдар. Ешқашан бос мақтануға жол бермеңдер. Ағыбайдың өмірі оңай серуен болған жоқ”, - дейтін әкем. Осы ата тегі үшін талай таяқ жегенін бізден жасырып жүріпті. “Орысқа қарсы шыққан батырдың тұқымысың” деген жала тағылған кезде, әке-шешем Арқаның аязды қысқы бір түнінде үш сәбиін құшақтап, бұрынғы Ульяновск мекенін тастап, қашуға мәжбүр болған екен”.  

Ұлт бостандығы үшін "ереуіл атқа ер салмай", "толарсақтан саз кешкен" батырларымыздың жаны жәннатта болғай!

материал «Тұлғалар өміріндегі Ислам» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: