25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Анадан кіндігі кесіліп, сүндеттеліп туған Әлихан

Анадан кіндігі кесіліп, сүндеттеліп туған Әлихан

Ұлы тұлғалар
Жарнама

Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан – Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошыдан тарайтын төре тұқымы. Арғы атасы атақты – Сұлтан Барақ. Бабасы Бөкей – қазақтың соңғы хандарының бірі. Ал әкесі Нұрмұхамед ел ішіне сыйлы, қадірлі адамдардың бірі болыпты. Анасы Бекжан (Бегім) – тобықты, Құнанбаймен туысады.

Әлихан тумысынан ерекше бала болыпты. Құрсақтан сүндеттеліп, кіндігі кесіліп туылған. Інісі Смахан төре ағасы туралы естелігінде: “Алты жасқа дейін тілі шықпаған. Бала болып ойнағанда қос тігіп ойнайды екен. Балуан, аусар, теріс бұтақ, қисық, көнбейтін. Бақсы, балгер, құмалақшыны «Өтірік айтасың» деп, «Орны қане? Тырп етші, жының қайда?» – дегенде, бақсы айтады екен: «Әлихан келсе, жын қашады», – деп. Жас күнінде асықты көп ойнайды екен. Асығын ұтқан балаға асығын береді екен. Жасы үлкен, зорлықшыл баланы сабайды екен. Алтыбақан тепкенде, әйгөлек ойнағанда, зорлық қылған қыз-келіншек, бозбаланы «тыныш отыр!» деп жайғастырып қояды екен. Ел көшкенде түйесі ауған балалы қатындардың түйесін басып береді екен. Шаңырағын көтере алмай жатқан жесір кемпірлердің шаңырағын көтеріп береді екен. Оқудан келгенде таңертең түйеге, одан кейін қозыға, бұзауға су құяды екен. Ботаны жібереді. Қозы бағып, күн қызғанда ауылға әкеп, суарып, иелеріне тапсырады екен. Күндіз құлын суарады, ел көшкенде, ат ұстағанда көршілеріне, нашар жетім-жесірлерге ұстап береді екен. Ат жетпегенде міңгестіріп алады екен. Ауыл қонғанда құдық қазады екен; жылқыға барса, ұйықтамайды екен”, - деп жазады.

Смахан төренің дерегінше, әкесі Әлиханды жеті жасқа толғанда Қарқаралыдағы ноғай Зариев моллаға мұсылманша оқуға беріпті. Ал тоғыз жаста Қами Бекметов деген кісінің үйіне жатқызып, интернаттан орысша оқытыпты. Сонда оқып жүргенде князь генерал-губернатор Колпаковский Қарқаралыға келіп, интернатқа түсіп, балаларға: “Омбы мен Қарқаралының арасы 760 шақырым, арбаның дөңгелегі неше рет айналып келді?” – деп сұрақ қойыпты. Сонда беліндегі қайыс белбеуін шешіп, отыра қалып, сонымен дөңгелектің диаметрін өлшеп, есептің жауабын Әлихан берген деседі. Мұны әлихантанушыларға інісі Әзімханның ұлы Райымжан Бөкейхан әңгімелеп берген. Риза болған Колпаковский Әлиханды Омбыға жіберіп, техникалық мектепке оқуға түсіртіпті. Оны бітірген жас талапкер оқу іздеп Петербургке аттанған.

Қоғам қайраткері Әлімхан Ермеков Әлихан туралы: «Ол кісі Санкт-Петербордың Орман Институтының экономика факультетін тәмамдаған. Заң факультетіне Ленинмен қоса экстернат болып емтихан тапсырған. Терең, дария-мұхит білімді ғалым болатын. Шетелдердің тоғыз тілінде еркін сөйлеп, жаза білетін. Біз онымыздың ақыл-ойымыз Тоқырауын өзеніндей еді де, Әлекең Балқаш көліндей дария еді ғой», - деп еске алады. Ал алаштанушы ғалым Айгүл Ісмақова оның Орман институтында христиан дініне қатысты сабақтан ғана бас тартып, әлем саясаты, экономикасы, мәдениеті, әдебиетін өте жетік меңгеріп шыққанын тілге тиек етеді.

материал «Тұлғалар өміріндегі мұсылмандар» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: