25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Мұсылманға айналған католик (әйгілі баскетболшының тарихы)

Мұсылманға айналған католик (әйгілі баскетболшының тарихы)

Ұлы тұлғалар
Жарнама

Кәрім Әбду-Жаппар – американдық кәсіби баскетболшы. Күллі баскетбол тарихында жинаған ұпай саны жөнінен күні бүгінге дейін оны әлі ешкім басып оза алған жоқ. Ол Ұлттық Баскетбол Ассоциациясының шешімі бойынша алты мәрте үздік ойыншы саналған.  

42 жасында баскетболмен қош айтысқан Кәрім Әбду-Жаппардың есімі бұл кезде Гиннестің рекордтар кітабының талай бетін толтырған еді.  

Католиктік тәрбие алған баскетболшы алғаш Ислам діні туралы Вашингтонда ханафи мәзһабын ұстанушы джаз-барабаншы Хаммас Абдул Халистен естиді. Хақ діннің артықшылықтары жүрегін жылытқан Фердинанд көп ойланып жатпастан, бірден Ислам дінін қабылдап, тілін кәлимаға келтіреді. Алғашқы ұстазы оған “Әбдул-Кәрім” деген есім береді. Кейін спортшы арабшадан аударғанда “Құдайдың адал құлы” деген мағынаға келетін “Кәрім Әбду-Жаппар” есімін иеленеді. Баскетболшының мұсылман дініне өтуі оның жанкүйерлері үшін күтпеген жағдай болды. Спортшының өміріндегі күрт өзгерісті қалай атарын білмеген журналистер оған “революционер” деген есімді таңа бастады.

kareem_abdul_jabbar.jpg

Кәрімнің Ислам дініне келуіне Абдул Халис қана емес, адам құқығын қорғаушы афроамерикандық Малкольм Икстің де ықпалы зор болды. Ол дүниеге келген кезде Америкада қара нәсілділерді кемсіту, оларды қоғамнан бөлшектеу өршіп тұрған еді. Өзінің 1990 жылы жарық көрген “Кәрім” атты кітабында спортшы: “Малкольм Икс басқа адам болатын. Ол Меккеге қажылыққа барып қайтты. Ислам дінінің терісі қара адамдарды бөлмейтінін, барлық адамды тең көретінін жақсы түсінді. 1965 жылы оны өлтіріп кетті. Бірақ 1966 жылы Малкольм Икстің автобиографиялық кітабы жарық көрді. Мен ол кезде Калифорния университетінде бірінші курста оқитынмын. Кітап маған қатты әсер етті. Малкольм мен үшін адамдар арасындағы теңдікке жол ашты. Ол қара нәсілді адамдардың Ислам дініндегі мәртебесі жөнінде де айтқан еді” деп жазады. Кәрімнің Ислам дініне ойланбай кіруіне Макольм Икстің әсері болғаны сөзсіз еді.

Ислам дініндегі алғашқы ұстазы Абдул Халистен алған білімді ары қарай жетілдіру мақсатында Кәрім араб тілін үйренуге ден қойды. Сол арқылы Құранды түпнұсқадан оқи бастады. 1973 жылы Ислам негіздерін толық үйрену мақсатында Сауд Арабиясы мен Ливияға барып қайтты. Рас, Кәрім Әбду-Жаппар боксшы Мұхаммед Әлидей Ислам дінін қабылдағанын айтып, Вьетнамдағы соғысқа қарсы пікірін білдіріп, жаһанға жар салған жоқ, ол туралы сұхбаттар да бермеді. Бірақ жүрегіндегі Хақ дінге деген сүйіспеншілігі оны діни білімін жетілдіруге жетелеген еді.

Кәрім ханафи мәзһабын ұстанады, өзін сүнниттер қатарынан санайды.  Алланың құдіретіне, Мұхаммед (с.а.с.) оның елшісі екеніне, ал Құранның Жаратушы тарапынан түсірілген соңғы кітап екендігіне сенеді. 

материал «Әлем таныған мұсылмандар» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: