Имам әл-Бұхари біздің жыл санауымыз бойынша, 810 жылы, шәууал айының 11-жұлдызында жұма күні дүниеге келген. Толық аты-жөні – Мұхаммед ибн Исмаил ибн Ибраһим ибн Мұғира ибн Бардизбаһ әл-Бұхари әл-Жуғфи. Лақап есімі - Әбу Абдуллаһ. Әкесінен ерте айырылған оған діни тәрбиені Бұхара мешіттерінің бірінде имам болған атасы береді. Сонымен қатар, әл-Бұхаридың анасы да өте тақуа, діндар жан болыпты.
Бала күнінде әл-Бұхаридың көзі көрмей, соқыр болып қалады. Сонда анасы күні-түні Құдайға жалбарынып, баласына жанарын қайтаруды сұрайды екен. Күндердің күнінде анасының түсіне Ибраһим пайғамбар (ғ.с.) кіріп: “Көп жалбарынуың себепті Алла балаңның көз жанарын қайтарды”, - деп аян береді. Міне, содан бері абзал ана Жаратушысына деген ризалықпен баласына тек діни білім үйрете береді.
Ислам әлемінде араб ұлтынан шықпаса да, күллі мұсылман қауымы мойындаған ғалымдар баршылық. Солардың ішінде хадис жинап, әйгілі «Сахих әл-Бұхари» кітабын жинақтап жазып шыққан Имам әл-Бұхаридың орны ерекше.
Имам әл-Бұхари бар өмірін білім мен құлшылыққа арнады. Өзінің бір жазбасында ғалым: “Мен еш уақытта ешкімнен бір дирһам құнындай нәрсе сатып алған емеспін және ешкімге бір дирһам құнындай нәрсе сатқан емеспін”, - деп жиі айтатын. Тіпті нанның өзін оған біреулер әкеліп беріп отырған екен. Осы деректің өзі ғалымның ілімнен басқа еш нәрсеге алаңдамағанын көрсетеді.
Ол аса білімділігімен қатар, жомарттығы, тақуалығымен де көзге түскен. Ислам әлеміндегі білімнің орнын әрқашан көтермелеп отырған. Бірде жергілікті әмір сарайға келіп, баласына білім үйретуін сұрағанда: “Білім іздеуші білім иесіне өзі келуі тиіс”, - деп бас тартқан. Осыған ұқсас деректі Бәкір ибн Мунир келтіреді: “Бір күні Бұхараның әмірі Халид ибн Ахмад әз-Зухали имам Мұхаммед ибн Исмаил әл-Бұхариға: “Маған “әл-Жамиғ”, “әт-Тарих” және басқа да кітаптарыңды алып кел, не жазғаныңды өз аузыңнан естиін” деп сәлем жолдап, кісі жібереді. Сонда әл-Бұхари оған жіберген адам арқылы: “Ақиқатында, мен білімді адамдардың есігіне апарып қорламаймын, егер білімнен әлденеге мұқтаж болсаң, онда мешітіме немесе үйіме өзің кел” деп жауап қайтарады”. Тағы бір деректерде, әмір оған өз балаларына ғана білім үйретуді бұйырады. Имам одан да бас тартып: “Мен хадис тыңдауға біреулерді қатыстырып, екінші біреулерді қатыстырмай қоя алмаймын”, - деп жауап береді.
Сөйткен ғалым түнін құлшылыққа арнады, күндізінде ораза тұтып, өзгелерге білім үйретті, көп Құран оқыды. Рамазанның алғашқы түні кіре салысымен әл-Бұхаридың жолдастары оның үйіне жиналып, бірге намаз оқиды екен. Имам әр рәкағатта Құраннан 20 аяттан оқып, толық хатым еткенше құлшылығын жалғастырады екен. Ал бір жолы, намаз үстінде аяғын әбден ара шақса да, құлшылығын тоқтатпаған. Тек намаз біткен соң, айналасындағылар Имамның аяғының күп болып ісіп кеткенін, 17 жерінен ара шаққанын көреді.
Намаздарына берік, құлшылықтарына адал ғұламалар! Сендерден кейін бұл ауыр жауапкершілікті біздер арқалай алар ма екенбіз?!
материал «Әлем таныған мұсылмандар» кітабынан алынды,
ummet.kz