Әбу Ханифа Құран Кәрім мен пайғамбар сүннетінен кейін қияс (салыстыру тәсілі) және райды (негізгі дәлелдерді басшылыққа ала отырып ақылға жүгіну тәсілі) үкім шығаруда негізгі өлшемдердің бірі ретінде қолданған. Ғұламаның бұл ижтиһад ету тәсілін жете түсінбеген кейбір ғалымдар оны тұрпайы деп санады.
Сондай-ақ, Әбу Ханифа Исламның көрнекті мүжтаһид ғалымы бола тұра үкім шығуда «Истихсан» және «урфты» (әдеп-ғұрыптарды) дәлел ретінде қолданысқа түсіруі ғалымдардың таңданыстарын мұнан да күшейте түсті. Әбу Ханифа ешбір өлшемді Құран мен пайғамбар сүннетінен жоғары қоймаған. Ол өзіне пікірі қайшы ғалымдарға: Кімде-кім бізді Құран мен сүннет тәлімдерінен қиясты жоғары қояды деп айыптаса, Алланың атымен ант етемін, ол өтірікші әрі жала жабушы.
Құран мен хадис тұрған жерде қай ғалым қиясқа жүгінбек?! Біз қиясқа салу тәсілін өте қажет жағдайда ғана қолданамыз. Бір мәселені анықтауда Құран мен хадистен дәлел табылмағанда ғана, аталмыш мәселені дәлелі бар мәселемен салыстыра отырып шешеміз.
Біз алдымен дәлелді Құраннан, сосын Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетінен іздейміз. Олардан таба алмаған жағдайда сахабалар сөзіне тоқталамыз. Бұл сұрақты сахабалар да талқыламаған болса, онда мәселені айқындау мақсатында екі мәселенің ортақ жерін тауып, бір үкімді келесі бір мәселеге салыстыра отырып, үкім шығарамыз, – деп жауап берген. Әбу Ханифа қайтыс болғаннан кейін ислам ғұламалары және олардың көшбасшысы Имам Шафиғи қиясты Имам Ағзам пікірі негізінде дамыта отырып, оған: оқиғаның шешімі Құран Кәрім және Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетінде, сондай-ақ ижмағда да анықталмаған жағдайда шариғатта үкімі анық мәселеге ұқсас үкімі жоқ мәселені салыстыра отырып үкім шығаруды – қияс дейміз, – деп анықтама берген.
Ұстаз Әбу Заһра Әбу Ханифаның ижтиһадын және хадистерді зерттеуде ұстанған бағытын, өзі өмір сүрген ортада көптеп қияс етуге және соның қорытындысына қарап бірнеше бөлімдерге бөлуге себеп болғанын: Әбу Ханифаның ілім аясы ауқымды болғандықтан күнделікті кездесіп отырған мәселелерді талдаумен шектелмеді. Бәлкім, ол келешекте күн тәртібіне қойылуы мүмкін және күтіліп отырған мәселелерді де өз назарынан тыс қалдырмады, – деп түсіндірген.
Әбу Ханифаның шәкірті имам Әбу Юсуф өз ұстазы жайлы: Хадисті және ондағы фиқһқа қатысты жәйттерді талдап беруде ұстазым Әбу Ханифадан білімдірек кісіні көрмедім, – дейді. Әбу Ханифа мазһабының болмысы мен мазмұны адамдарға жеңілдік жасап беру сияқты ұлы мақсатта өз орнын тапқан. Ол кісі ешқашан кісілерге қиыншылық пен машақатты қаламады. Мейлі, ғибадат немесе, тұрмыстық қарым-қатынас мәселесі болсын Әбу Ханифаның еңбегі үнемі жұртшылық назарында болды. Мәселен, Әбу Ханифа киімдегі нәжісті гүл немесе жүзім суымен тазалауға рұқсат деді. Сондай- ақ, түнде құбыланы таба алмай намаз оқыған кісі таң атқан соң бұрыс бағытқа қарап құлшылық еткенін білсе де ғибадаты дұрыс болатындығын баса айтқан. Сонымен қатар ол зекет мәселесінің де мұсылмандарға оңай болуын қалаған.
Алтын мен күміс зекеті мәселесінде кедей-кепшіктердің мүддесін қорғаған. Қарыз мөлшері мал-мүлкіне пара-пар болып табылған кісіге зекет уәжіп еместігін айтқан. Неке мәселесінде Әбу Ханифа бойжеткен қыздың тұрмысқа шығуы толығымен өз қалауынша болатынын және оның шешімін аға-інісі, тіпті, ата-анасы да бұзуға құқықтары жоқтығын көрсеткен.
Тұрмысқа шыққалы тұрған қыздың өз неке рәсіміне қатысуына болатындығы, некеде бір ер кісі және екі әйелдің куәлігі қабыл болатындығы және әкесі зорлықпен ұзатып жатқан қыз күйеуге шыққысы келмесе немесе жігітті ұнатпаса мұндай неке шариғатқа сай еместігін нақты айтқан.
Әбу Ханифаның және бір артықшылығы экономикалық мәселелерді шешудегі ерекше зеректігі. Оның бұл қасиеті экономикаға қатысты ижтиһаттарында тайға таңба басқандай көзге көрініп тұрады. Қараусыз жерлерді құнарландырып, егістік алқабы етуге шамасы жететін диқандарға жерді жеке меншік етіп беру, егістің басында өнімі жиналмай тұрып-ақ тұтынушыға сатуға рұқсат беру, жетімдердің дәулетін көбейту мақсатында қаржыны сауда-саттыққа салып пайдалануға рұқсат беру жайлы Әбу Ханифаның ижтиһадтары жоғарыда айтылған пікірімізге дәлел.
материал «Ұлық имам – Имам Ағзам Әбу Ханифа» кітабынан алынды,
ummet.kz