25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Екінші Мемдума мүшесі болған Тілеулі Аллабергенов кім?

Екінші Мемдума мүшесі болған Тілеулі Аллабергенов кім?

Ұлы тұлғалар
Жарнама

Бірінші орыс революциясының жемісі іспеттенген Ресей империясы Мемлекеттік думасының 1906 жылғы алғашқы шақырылымына Түркістан өлкесіндегі Сырдария облысынан депутаттар сайланбай қалды. Оған түрлі ахуал әсер етті.

Ең бастысы 1905 жылғы петиция науқаны кезінде ел тілегін тиісінше рәсімдеп, үкіметке жеткізу үшін көп әрекеттенген заңгер Серәлі Лапинді әкімшілік ұната қоймады. Ал жұртшылық оны империяның өкілдік мекемесіне депутат етуге қатты ұмтылған еді.

Бірақ биліктің қитұрқы әрекеттерінің салдарынан сайлау науқаны созбұйдаға салынып кетті де, Бірінші Думаның жұмысы тез доғарылғандықтан, мүлдем өтпей қалды. Есесіне өңірдің бас адамдары әкімшілік талаптарын ескере отырып, Мемлекеттік думаның екінші шақырылымына тиянақты дайындалды. Ақыры Сырдария облысының жергілікті халқы тұратын үйездер мен болыстардан белгіленген таңдап сайлаушылар (выборщиктер) мұсылмандардың Түркістан қаласындағы қасиетті де киелі орны Әзірет Сұлтанда бас қосты. Бұл 1907 жылғы 27 ақпан болатын.

Сайлаушылар алдында сөйлеген сөзінде имам облыс мұсылмандарының Мемлекеттік думада сырдариялықтар атынан өкілдік етуге лайық деп қалаған өзінің азаматын жіберуі үшін биыл беріліп отырған мүмкіндікті пайдалануға жиналып отырғанын естеріне салды. Содан кейін үміткерлердің кандидатуралары қарастырылды. Бәрі жасырын дауысқа салынды. Таңдап сайлаушылар өңірдегі қадірлі кісілердің бірі, 51 жасар (1856 жылы туған) Тілеулі Аллабергеновті 23 шар салып қолдады.

Сол кезгі дерек көздерінде оның құрметті ақсақал, мың бастан астам ірі қарасы бар мал өсіруші екені, сауатын үйінде ашып, бастауыш ұлттық мектепті, яғни медресені бітіргені, одан бастауыш орыс-тузем мектебінде оқығаны, орыс тілін тәп-тәуір білетіні, сайлау кезінде ешқандай партияда болмағаны айтылған. ІІ Мемдума мүшелерінің портреттері мен өмірбаяндары жарияланған анықтамалықта «саудагер» («торговец») деген анықтама келтірілген (М.Боиович, Члены Государственной думы (Портреты и биографии). Второй созыв. М., 1907. С. 502). Алайда оның ІІ Думаға сайлау жүргізілген науқанға дейінгі және әйгілі 1907 жылғы «3 маусым төңкерісінен» кейінгі өмірі мен қызметі жөнінде тұшымды мәліметтер әзірге кездеспей тұр.

Мемлекеттік думаның екінші шақырылымында қазақтардан Петербургтегі Таврия сарайында алты депутат жұмыс істеді. Олар Дала өлкесінен заңгер Бақытжан Қаратаев (Орал облысынан), діни қызметші Шәймерден Қосшығұлов (Ақмола облысынан), болыс басқарушысы Темірғали Нұрекенов (Семей облысынан), Астрахан губерниясының Ішкі Қазақ (Бөкей) Ордасынан шығыстанушы Бақтыгерей Құлманов және Түркістан өлкесінен мал өсіруші Тілеулі Аллабергенов (Сырдария облысынан) пен қатынас жолдары инженері Мұхамеджан Тынышбаев (Жетісу облысынан) еді. Заң шығарушы мекеме бірінші сессиясын да аяқтап үлгермегенмен, тым солшылдығы үшін өкіметке жақпай, патшаның 3 маусымдағы жаңа заңы шығып, тарқатылғанға дейін ІІ Мемдуманың осы алты мүшесі депутаттық міндетін абыроймен атқарды.

allabergen

ІІ Мемдумадағы мұсылман депутаттар: солдан оңға қарай Б.Қаратаев (Орал обл), М.Нұрбердыханов (Закаспий обл), А.Кариев (Ташкент қаласы), Т.Аллабергенов (Сырдария обл)

Тілеулі Аллабергенов өзге әріптестері тәрізді ІІ Думаның Мұсылмандар фракциясына жазылған. Мұсылмандар фракциясы Думада Польша депутаттарының «поляк колосы» («поляк үйірмесі» деген мағына беретін) деп аталатын тобы секілді ерекшеленіп, Ресей мұсылмандарының ортақ мүдделерін қорғауды көздеді, оларды біріктіретін орталық орган сипатты болды. Халыққа солай танылып келе жатқан империя мұсылмандығы кіндік маһкамасының бір мүшесі сырдариялық мал иеленуші Тілеулі Аллабергенұлы еді. Ол және оның әріптестері Мұсылмандар фракциясы мүшелері қатарында поляк, белорус, литва депутаттарымен бірге Таврия сарайы мәжіліс залының артқы жағындағы ортасына таяу қанатынан бөлінген орындарында қатар отырып, мінберден қозғалған өзекті тақырыптарға жіті зер салды. Думаның жалпы отырыстарынан босаған уақыттарында сол шақта жер-су дауына байланысты асқына бастаған қазақ мәселесін Бақытжан Қаратаевтың жетекшілігімен билікке жеткізіп, шешімін табуға тырысқандар қатарында Тілеулі Аллабергенұлы да жүрді. Ол өзге үзеңгілестерімен бірге Думадағы Сібір депутаттары тобына кірді.

Сібір парламенттік тобын құруға бастамашылық жасаған Омбы казак әскерінен сайланған депутат, Мемлекеттік думадағы Демократиялық реформалар партиясы фракциясының мүшесі Иннокентий Лаптев еді. Ол Омбы гимназиясынан кейін Мәскеудегі Лазаревтік шығыс тілдері институтын бітірген, Омбыда, Қарқаралыда, Саратов губерниясында, Павлодарда түрлі қызмет атқарған, қазақтың тілімен, тыныс-тіршілігімен біршама таныс адам болатын. Сондықтан сібірлік депутаттарды жеке топқа ұйыстыруға кіріскенінде ол қазақтарға ерекше көңіл бөлді. Мемдумадағы Сібірия тобының құрылтайшы жиналысы 1907 жылғы 20 наурызда өтті. Лаптев төрағасы болып сайланды. Топтың алғашқы он үш мүшесінің бесеуі қазақ депутаттары: ақмолалық Қосшығұлов, семейлік Нұрекенов, торғайлық Бірімжанов, оралдық Қаратаев және сырдариялық Аллабергенов еді. Сібірлік топ бірінші кезекте көтеруді көздеген шаруалар – Сібір аймағында земство енгізу тәртібін нақтылау, қоныс аударушылықты ұйымдастыру, переселендер мен жергілікті халықты жерге орналастыру, басқа да мәселелер қазақ тыныс-тіршілігі үшін де өзекті еді. Сол себепті басқа серіктерімен бірге Тілеулі Аллабергенұлы да сібірліктер тобының мәжілістеріне ынта қойып қатысып жүрді.

ІІ Думаның пленарлық отырыстарында екі қазақ депутатының сөйлеуіне мүмкіндік берілді. Темірғали Нұрекенов Ертіс бойында туындаған жұмыссыздық мәселесін көтерді. Ал Бақытжан Қаратаев үкіметтің орталық облыстардан шаруаларды ұлы далаға қоныс аударту арқылы ішкі Ресейдегі дағдарысты реттеуді, помещиктердің жағдайын жақсартуды көздеген, есесіне қазақтарды атамекенінен қуып, шұрайлы жер-суын тартып алып жатқан шараларын батыл әшкереледі. Сол сөздің артынша Мемдума тарқатып жіберілді. Жәй таратылып қана қойған жоқ, сайлау жайындағы жаңа заңымен Дала өлкесінен, Сібірден, Түркістан өлкесінен содан былай депутат сайланбайтын етті. ІІ Думаның өзге мүшелері секілді Тілеулі Аллабергенов те еліне оралды. Тек одан соң ел ішінде қандай жұмыс істегені, қоғамдық қызметтерге қатысқан-қатыспағаны әзірге зерттеушілер үшін беймәлім болып тұр.

Дегенмен өлкетанушылардың, жергілікті ізденімпаздар мен зерттеушілердің бұл ретте белгілі бір қол жеткізуі ықтимал жақсы мүмкіндігі бары анық. Өйткені сырдариялық Тілеулі Аллабергенұлы бүгінгі Түркістан облысының тумасы болуы ықтимал. Ізденушілерге осы бағытта жұмыс істеп көруге болатын секілді. Қазіргі облыс орталығы Түркістан қаласында 1953 жылы фельдшерлік мектеп ашылған болатын. Сол мектеп 1954 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Леңгір медицина училищесінің Түркістан филиалы аталып қайта құрылды. 1956 жылға дейін оның алғашқы директоры Балтабай Тілеуліұлы Аллабергенов болған екен. Филиал бүгінгі Түркістан медицина колледжінің ізашары болған. Қаладағы таңдаулы оқу орындарының бірі саналатын осы колледждің тарихында Леңгір медицина училищесі Түркістан филиалының басшысы жайында: «Балтабай Тілеуліұлы – 1906 жылы Сырдария облысынан ІІ (анықтамада VI деп қате жазылған) Ресей Мемлекеттік думасына депутат болып сайланған Түркістан интеллигентінің ұлы» деп жазылған. Демек жергілікті зерттеушілердің көмегімен ІІ Мемдума мүшесі Тілеулі Аллабергенұлының ұрпақтарын табу арқылы жаңа да қызықты деректерге қанығуымыз әбден мүмкін.

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ

«Мұнара» газеті, №17, 2020 жыл

Бөлісу: