25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Оны тарих мойындаған

Оны тарих мойындаған

Ұлы тұлғалар
Жарнама

Алуан қырлы гауһардай шапақ атып, әрқайсымыздың жан-жүрегімізде жақсылық, ізгілік нұрын сепкен Әлихан Бөкейханов тұлғасы – мәңгілік. Әлихан кезінде қазақ халкының көрнекті көшбасшысы, ғалым, кайраткер, ұлтазаттық қозғалысының көсемі, тұңғыш Абайтанушы, Абайды алғаш рет Ресейге, кейін Еуропа халқына танытқан жазушы, аудармашы, тұңғыш энциклопедист, сыншы.

Әлихан Бөкейханов – ХХ ғасырдың басындағы қазақтың ұлт-азаттық қозғалысының көсемі, Алаш партиясын құрушы Алашорда автономиясы үкіметінің тұңғыш төрағасы, халқымыздың әдебиеті мен мәдениетінің өркендеуіне үлкен үлес қосқан қаламгер, ғұлама ғалым.

Әлихан қыстағы Желтаудың оңтүстік-шығыс жағында, Қараүңгір деп аталатын жерде орналасқан. Онда биіктігі 5-6 метрдей Әлиханның қара тасы тұр. Бұл тастарды біреу әдейі қалап қойған сияқты. Үстіңгі тас қалпақтың маңдайы сияқты сәл шығып тұрса, бүйір жағынан қараса кеменің бас жағына ұқсайды. Сарыарқаның шоқтығы биік, Әлекеңнің кіндік қаны тамған өлкесі Желтаудың биігіне шыға қалсаңыз көз алдыңызға аты елге белгілі Бегазы қорығы, әріректе қазақтың ұсақ шоқысының ең биік нүктесі – Ақсораңды көресіз. Ал баурайында күндіз-түні тынбай сылдырап Жіңішке өзені ағып Тоқырауынға барып құяды. Жіңішке өзенінің айналасы уақытында ну тоғай болған жер дейді. Топырағы құнарлы, табиғаты бай. Осы далада 1866 жылы наурызда Әлекең дүниеге келген. Жастайынан білімге құштар болған оны әкесі Нұрмұхамед он бір жасында орысша үйренсін, оқысын деп Қарқаралы қаласындағы Қали Бекметовтің отбасына алып барады. Бала Әлихан бұл оқуды қанағат тұтпай қаладағы орысша-қазақша 3 жылдық мектеп-интернатқа, одан кейін 4 жылдық кәсіптік училищеге әкесімен келіспей оқуға түседі. Бұл әрекетін әкесі бір келгенде біліп, қарсылық жасамай, батасын береді. Училищені бітіргенде етікші кәсіби мамандығын алады.

1886 жылы Әлихан оқуды әрі қарай жалғастыру мақсатында Омбыдағы техникалық училищеге түседі. Оқуды жақсы оқып өзінің алғырлығы жағынан мұғалімдер қөзіне түседі. Училищеде оқып жүрген кезінің өзінде әртүрлі мәдени үйірмелерге қатысып, өзінің туған халқының ерекше мәдени әдет-ғұрыптары мен рухани байлығын, салт-дәстүрін, тұрмыс жағдайларымен шұғылданып, оны өзге ұлттардың жастарына таныстырып, насихаттауға тырысады. Сол кездің өзінде 18-ден астам материалды қазақ және орыс тілдерінде жарыққа шығарады. Ол қазақ ақындары Шортанбай, Шөже, Орынбай, Найман, Шернияз сияқты көптеген ақын өлеңдеріне ерекше мән беріп, жолдастарының арасында мақтан еткен.

Әлихан Бөкейханов 1890 жылы қыркүйекте Петербургке келіп, Орман шаруашылығы институтының экономика факультетіне қабылданды. Оқып жүріп саяси, қаржы, әдебиет және басқа да үйірмелерге белсене қатысып, осы уақытта Ресейдің алдыңғы қатарлы көптеген болашақ саяси қайраткерлерімен танысып, студенттердің революциялық ереуілдеріне қатысып, патша күзетінің қара тізімдеріне іліккен. 3-курста оқып жүріп Петербург университетінің заң факультетін бітірді.

Әлихан Бөкейханов ұлт-азаттық қозғалысының басшысы ғана емес, алты Алаштың пірі, рухани көсемі болды. «Оны тарих мойындаған», - дейді Дінмұхаммед Қонаев. Әлихан Бөкейханов және оның ұлы туралы Қонаевтың студент кезіндегі естелігінен үзінді келтіруді жөн көрдім.

Қазақтың көрнекті мемлекет қайраткері Смағұл Сәдуақасов дүниеден озған азалы күні Москвада тұратын және оқитын қазақ жастары Разгуляев зиратына марқұммен қоштасуға жиналған халық көп болғанын Дінмұхаммед Ахметұлы еске алады. Солардың арасынан бір топ адам оқшаулау тұрады. Келген адамдар топқа әдейілеп бұрылып қол алысып жатқандардың ішінде болғанын, сонда Әлиханды көргенін, оны оң жағынан қолтықтап Нығмет Нұрмақовтың тұрғанын, әкесінің иығына сүйеніп тұрған қызы Елизаветаны, оны қолтықтап Тұрар Рысқұловтың тұрғанын келтіреді естелігінде. Сондай-ақ, Тұрар Рысқұлов пен Нығмет Нұрмақовты ертеден білетінін келтіреді естелігінде Д.Қонаев.

Ортай АБДРАХМАНОВ

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің Құрметті қызметкері,

профессор

ortalyq.kz

Бөлісу: