25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Адамның білімі аз болса да, оны мына төрт нəрсе жоғары көтереді

Ғибратнама
Жарнама

Адамның адамнан дәреже тұрғысынан озуы дегеніміз ‒ биік мәнсап, дүниенің көптігі, тегімен мақтану, дандайсу емес. Сондай-ақ, дәреже  ‒ билік не патшалық та емес. Ал адамның білімі аз болса да, оны мына төрт нəрсе жоғары көтереді:

Қарапайымдылық

Қарапайым адам өзінің қабілеттері мен қасиеттерін дұрыс бағалайды, әрі мұндай адам атаққұмарлықтан аулақ. Көкірек көтеріп, менменсіп бөсудің орнына, қарапайым адам өзінің шектеулі мүмкіндігін әрқашан дұрыс бағалай біледі. Біз қарапайымдылықтың озық үлгісін жақсы мінез атаулының жалғыз қожайыны болған Алла Елшісінен (ﷺ) үйренеміз. Пайғамбарымыз (ﷺ) өте кішіпейіл еді. Атақ-абырой мен мал-дүниеге, мансапқа қызықпайтын. Раббысының алдында өзін құлша ұстап, мүміндерге кішіпейілділік көрсететін, ауру-сырқаулардың көңілін сұрайтын, жоқ-жітіктерге барып халін біліп, оларға қарайласатын, бақытсыздыққа ұшырағандарды жұбататын, адам таңдамайтын, кедейлермен бірге отыруға арланбайтын, балалармен ойнайтын, әйелдерімен қалжыңдасатын, топыраққа отырып, тақыр жерге жататын, адамдардан ерекшеленбеуге тырысатын. Ол: «Шын мәнінде, мен құл ғанамын, құл қалай тамақтанса, солай тамақтанамын, құл қалай отырса, солай отырамын», – деген («Мусаннаф Абдур-Раззақ» (10/415), Ибн Сағдтың «әт-Табақат әл-кубра» кітабы (1/371).

Көркем мінезді болу

Мінез – адамның сыртқы тұлғасын да, ішкі жан дүниесін де көріктендіріп, жұпар шашып тұратын әтір іспеттес. Қазақ «Түсі игіден түңілме» деген. Көркем мінез иесінің бұл өмірден де, мәңгілік өмірден де алатын үлесі орасан зор. Сондықтан «Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім» деп Абай атамыз айтқандай, жақсылыққа асық болмағы да, я болмаса, түкке тұрмас жасық болмағы да – адамның өзінен. Пайғамбарымыз (ﷺ) соншалықты көркем мінез иесі бола тұра: «Аллауһмма ахсин хулуқи кәма ахсанта халқи» «Алла Тағалам, жаратылысымды әдемі қылып жаратқаныңдай, мінезімді де көркем ет», − деп үнемі Алла Тағаладан жалбарына сұраған. Көркем мінез – дінімізбен қоса екі дүниеде де бақытқа бастайтын бірден-бір жол. Егер біз асыл дініміз ұсынған көркем мінез үлгілерін дәріптеп, иманымыздың кәмілдігін Пайғамбарымыз бен сахабалар секілді іспен көрсете білсек және оны өмірлік дәстүрге айналдыра алсақ, төрткүл дүниенің түкпіріне тарыдай шашылған адамзат баласының Исламға деген махаббаты да арта түспек.

►Жомарттық

Бұл қасиет иесінің абыройын көтерумен қатар, адамдардың оған деген махаббатын, құрметін арттырады. Дана халқымыздың: «Жаны жомарт жігіттің дәрежесі баймен тең», ‒ дегеніндей, шынында да үлкен тұлғалар осы қасиетке және сол қасиетті бойға сіңіруге талпынатын және жомарттықты бойға сіңіруді өзгелерге де өсиет ететін болған. Жомарттық – мұқтаж жандарға қолындағы мүмкіндігіне қарай, рұқсат етілген шеңберде тек Алланың разылығын ғана ойлап, ешқандай алғыс немесе мақтау күтпестен риясыз жәрдем беруді білдіретін жоғары адамдық қасиет.  Исламды ең бірінші болып қабылдаған Хадиша анамыз Меккенің аса бай адамдарының бірі болатын. Пайғамбарымыздың (ﷺ) адал серігі, мұсылмандардың сүйікті анасы бар дәулетін Алла мен елшісі үшін жұмсап түгесті. Ислам жолында барын жұмсағандығы сонша, дүниеден озар кезінде, тіпті, өзін орайтын кебін сатып алатындай да ақшасы қалмады. Жомарттық – рух байлығы. Ол адамды мұқтаж жандарға беруге, жақсылық жасауға жетелейді. Мұндай рухқа ие болған кісі ешкімнің мәжбүрлеуінсіз жақсылық жасауды көңілі үнемі қалап, жеке және қоғамдық салада қажет нәрселерге тегіс қолұшын береді. Ондай жандар «Ризық беруші – Алла» түсінігі бойынша амал еткендіктен жүректері пәк әрі көңілдері бай болады. 

► Ұстамдылық

Ұстамдылық – даналықтың  бір тірегі. Алла Тағала Құранның бірнеше аятында осы сипаттың өзіне тән екендігін айтқан: «Ақиқатында, екі топ бетпе-бет келген күні сендерден артқа бұрылғандарды, кейбір істеп өткендері (күнәлары) себебінен шайтан сүріндірген еді. Алла оларды кешірді. Сөзсіз, Алла – өте Кешірімді, аса Ұстамды» («Әли Имран» сүресі, 155-аят). Ұстамдылықтың анықтамасы ‒ ашудың тасыған кезінде өзін қадағалап, ұстау, шектен шықпау. Байсалды адам өзінің ашуын парасаттылығымен басады және ұстамдылығымен тоқтатады.  Егер адамның бойынан байсалдылық табылса, оны жақсы көрушілер көбейеді және жек көрушілер азаяда, әрі оның дәрежесі биіктеп, құрметі артады.

ummet.kz

Бөлісу: