Бір күні Әбу Бәкір (р.а.) сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қасында отырды.
Бір уақытта ұрынарға қара таппаған қара ниетті біреу аузы көбіктеніп Әбу Бәкірге тіл тигізіп, былапыт сөздер айта бастады. Пайғамбарымыз әлгі кісі Әбу Бәкірге қанша жаман сөздер айтқанына қарамастан ләм-мим деп тіл қатпай ара-кідік күлімсіреп қойып отыра берді. Әлгінің әдепсіздігі мен былапыт сөздері әбден шегіне жетті-ау дегенде ашуы алқымына тығылған Әбу Бәкір де бір-екі ауыз сөз қайтарды.
Осы сәт манадан бері жақ ашпаған Пайғамбарымыз дереу сыртқа шығып кетті. Іле-шала орнынан тұрып, пайғамбарымызды қуып жеткен Әбу Бәкір:
– Уа, Алла Тағаланың ардақты елшісі! – деді, – Бағанадан бері жаңағының әдепсіздігі мен айтқан қаншама былапыт сөздерін ести тұра үндемей, мен бір-екі сөз қайтарғанға не себепті орныңыздан тұрып кеттіңіз?, – деп сұрады.
Сонда адамзаттың ардақтысы Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) оған:
– Ей, адалдығымен айдай әлемді тәнті еткен дос! Әлгі ұятсыз, әдепсіз неме саған тіл тигізе бастағанда Алла Тағала аспаннан бір періште түсірді... Ол періште сені қорғап, жаңағы байғұстың тілін өзі-ақ байламақ еді. Алайда сол арада сен де ашуға мініп қарсы сөз айтқандықтан, періште лезде ғайып болды да орнына Ібіліс келді. Алланың қарғысына ұшыраған Ібіліс тұрған жерде Алланың алғысынан үміт күткен менің бірге тұруым мүмкін емес. Орнымнан тұрып кеткен себебім сол, – деп жауап берген еді.
Бұл оқиғадан үлкен сабақ алған Әбу Бәкір (р.а.) бұдан былай біреуге сөз айтуға қатты мән беретін болды. Тіпті жөн-жосықсыз сөйлемеу үшін аузына тас салып жүретінді шығарды. Айтар сөзін әбден ойланып, елеп-екшеп барып қана айтатын еді.
Аузына салып жүретін тасты сөйлер алдында ғана алатын. Жай кезде ылғи да Жаратқанға жалбарынып, күбірлеп мадақ айтатын. Ешкімге де жақсы-жаманнан сөз айтпайтын болды. Өте бір керекті кезде ғана аз сөзбен көкейіндегі ойдың түйінін жеткізетін.
материал «Тағылым тамшылары» кітабынан алынды,
ummet.kz