26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Төл тарихымыздың асыл аманаты

Төл тарихымыздың асыл аманаты

Мақалалар
Жарнама

«Алып анадан туады» дейді дана халқымыз. Адамзат үшін ежелден ананың қадір-қымбаты айырықша. Ата дінімізде аят, хадистер арқылы ана мәртебесін биік көтеріп, оның бағалануы мен құрметтелуі хақында адамзат баласына қайта-қайта ескертіп, бұл істің маңыздылығын, салмағын нықтай түседі.

Қасиетті кітабымыз Құранда Жаратушы Иеміз былай дейді:

 أَنِ ٱشْكُرْ لِي وَلِوَالِدَيْكَ ُ

«Маған және ата-анаңа шүкір ет!»[1];

وَقَضَىٰ رَبُّكَ أَلاَّ تَعْبُدُوۤاْ إِلاَّ إِيَّاهُ وَبِٱلْوَالِدَيْنِ إِحْسَاناً

 «Раббың Өзіне ғана құлшылық қылуларыңды және ата-анаға жақсылық қылуларыңды әмір етті»[2]. Ендеше, бұл екі аятта да Аллаға ғибадат жасау мен шүкіршілік етуден кейін бірден ата-анаға жақсылықты бұйыруы, оларға игілік жасап, құрмет етудің маңыздылығын бекіте түседі. Яғни, ата-анаға жақсылық жасау, оларға шүкіршілік етіп, ғиззат-құрмет көрсету Алла құзырында да елеулі істердің қатарында деген сөз.

Ал, «Құдай Тағаланың разылығы – ата-ананың ризашылығында, Құдай Тағаланың разы болмауы да – ата-ананың наразылығында», - деген хадистің мәніне бойлаған ұрпақ үшін зілмауыр салмақ пен өте қатаң ескерту жатқанын байқаймыз. Әсіресе, біздің ғасырымыз үшін бұл хадистің қажеттілігі айырықша.

Ал, Әбу Дәудте келген тағы бір хадисте Әбу Бәкірдің қызы Әсмә былай деген:

 قَدِمَتْ عليَّ أمِّي وهي مشركة في عَهْد رسول الله صلى الله عليه وسلم، فاستـفتيت رسولَ الله صلى الله عليه وسلم، قلت: ‘ قَدِمَتْ عليَّ أمِّي وهي رَاغِبة، أفأصلُ أمِّي ؟ ‘ قال: ‘ نعم، صِلي أمكِ ‘

«Иә, Расулалла! Менің анам мүшрік (Аллаға серік қосушы). Оған жақсылық жасауым қажет пе?», - деп сұраған адамға Пайғамбарымыз (ﷺ): «Иә, анаңа жақсылық жаса және оны құрметте!», - деді» (Әбу Дауд). Ендеше, бұл хадис бүгінгі таңда діни сеніміне байланысты анасының жасаған асын ішпей жүрген бауырларымыз үшін айырықша ескерту болмақ.

Енді бір хадисте Пайғамбарымыз (ﷺ) ананың ұрпақ үшін орыны қаншалықты биік екенін еcкертіп былай дейді: «Әйелін анасынан жоғары тұтқан адамға лағынет болсын! Оның парыз болған және басқа да ғибадаттары қабыл болмайды» (Шира). Аталған хадис кейбір бауырларымыздың жаңылысып жүрген мәселесіне осылайша нүкте қойып отыр. Яғни, бұл хадистен ұрпағы үшін ананың қадір-қымбатын ешкіммен айырбастауға болмайтынын аңғарамыз.

Басқа да хадистерде ананы құрметтейтін перзенттерді сүйіншілеп, олардың өмірі берекетті, ғұмыр жасы ұзақ, ризық-несібесі мол болатыны жайында баяндалады. Міне, бұл – осы дүниеде берілетін, ананың ризашылығын алудың иләһи сырлары.

Бұл құндылықтардың мәнін терең түсінген батыр бабаларымыз Отанды қорғау жолында жорыққа аттанар алдына атасынан кейін, анасының ақ батасын алып жолға шығуы бекер емес.

Естеліктерде Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың анасының ешқашан қарсы келмегені айтылса, Шәкәрім Құдайбердіұлы жайында анасының қандай мінезіне де балалық, перзенттік кішілік танытқаны, аналарына деген құрметінің ерекше болғаны баяндалады. Бірде бір мәселе жайында басқаның басуына көнбеген Торайғыр би бабамыз тек анасының бір ауыз сөзіне тоқтаған екен.  Міне, ананы құрметтеу – төл тарихымыздың қанымызға сіңген асыл аманаты.

Ал, ақын-жырауларымыз ананың ардақтылығы хақында өздерінің бай мұрасында жан-жақты толғап, өздерінің өмір тәжірибелерінен келер ұрпаққа нақыл сөз кестелерін ұсынады. Мәселен, Майлықожа бабамыз:

Аязды күні айналып,

Бұлтты күні бурылған;

Ыстық пенен суыққа

Перзент үшін ұрынған

Жас нәресте күніңде

Хабардар болған сырыңнан;

Дүниеде, шіркін, мейірбан

Мейіріңді сүтке қандырған,

Анаң өлмес болсайшы... - деп ананың баланың адам болуындағы орыны мен рөлін баяндайды. Шынында да, ұрпақ үшін «он ай бізді көтерген, аязды күнде айналып, бұлтты күнде толғанған, тар құрсағын кеңітіп, тас емшегін жібіткен» (Бұхар жырау) анадан асыл кім бар!

Ендеше, өміріміздің сәні мен көркі болған аналарымыз аман болғай!

Асқар Мұқанов

«Нұр Астана» мешітінің Бас имамы


[1] «Лұқман» сүресі, 14-аят

[2] «Исра» сүресі, 23-аят

Бөлісу: