26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Діннің мінезі - ұят

Мақалалар
Жарнама

Барлық мадақ бүкіл әлемнің раббысы Аллаға тән! Біз Оны мақтап-мадақтаймыз, Одан жәрдем және кешірім сұраймыз, сондай-ақ өз жанымыздың жамандығы мен қате іс-амалдарымыздан Алладан пана тілейміз. Ешқандай серігі болмаған Алладан басқа тәңір жоқ екендігіне және Мұхаммед (ﷺ)  Оның құлы әрі елшісі екендігіне куәлік береміз.

Бүгінгі жұма намазға арқау болатын тақырып – Пайғамбарымыздың () бойына біткен көркем мінездің бірі – ұялу.

«Ұяты бардың иманы бар» деген осы бір ауыз сөзде қаншама сыр жатыр десеңізші. Мұсылман болып туатын әр пенденің жүрегіне иненің жасуындай ұяттың сәулесін құйса, тәкаппарлық, мейірімсіздік, қатігездік атаулы жанымызға жат болар еді-ау.

Ұялу мен ұятқа байланысты Пайғамбарымыздың (ﷺ) қалдырған өсиет хадистері жетерлік. Төменде сол маржан  сөздердің мысал келтірелік.

Пайғамбарымыздың (ﷺ)   хадисінде:

 قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ : " إِنّ لِكُلِّ دِينٍ خُلُقًا , وَخُلُقُ الإِسْلامِ الْحَيَاءُ َ.

«Әрбір діннің өзіне тән мінез-құлқы бар, Ислам дінінің мінезі – ұялу»  делінген. Бұл жерде «ұят» сөзі адамның айыпты істерді істеуден бас тартуы, ондай істерге қатысты жиренішті сезімде болуы дегенді білдіреді. Сондықтан ар-ұят – адамдардың кішіпейілдік сияқты асыл мінезге бойсұнып, тәкаппарлықтан бойды аулақ ұстауды да аңғартады. Демек,  ұятсыздық – арға кірбің түсіретін кесел іспеттес.  Одан ерте бастан арылмаса, адам теріс жолға түсіп, өзінің өміріне де қылау түсіруі мүмкін.

Пайғамбарымыздың (ﷺ)  көркем мінезі жайлы келтірген хадистерінде адамда ар-ұяттың болуы иманның кемел  екендігін көрсететіндігін айтады. Бұл турасында:

الحياء شعبة من الإيمان

«Ұят – иманның бір тармағы»,

الحياء لا ياتي إلا بخير

«Ұялу- жақсылықтан басқа нәрсе әкелмейді», -  деп риуаят етіледі.

Ендеше, жақсы мінез, көркем тәрбие, адамның ұятты, сыпайы болуының астарында дініміздің алтын арқау негізі жатқанын көреміз.

Пайғамбарымыз (ﷺ): «Әрбір сәби дүниеге келген кезде таза фитрамен келеді – дейді.  (тап-таза иманмен, күнәсіз пәк күйінде дүниеге келеді). Тағы бір хадисінде: «Ұят пен иман бір-бірінен ажырамайтын нәрсе. Егер біреуі көтерілсе екіншісі артынан қоса кетеді, (Егер адамның бойынан иман кетсе артынан ұят та қоса кетеді)  – деген. Бабаларымыздың: «Ұяты бардың иманы бар» – дегені осы хадистердің  негізінде туындаса керек.

Пайғамбарымыз (ﷺ): «Ұят ол барлық жақсылық» – деген. Ибн Омардан (р.а.) жеткізілген хадисте: «Бір күні Алла Елшісі (ﷺ)  бауырына ұят туралы насихат айтып тұрған бір ансардың қасынан өтеді. Сонда Пайғамбарымыз (ﷺ)   «Оған тиіспе, шындығында ұят – иманнан» – деген екен.

Алланың Елшісі (ﷺ)  ұятқа қалай қараған және қалай тәрбиелеген болса, өзі де сондай ұялшақ болған екен. Бірде Пайғамбарымыз (ﷺ)  балағын тізесінен жоғары көтеріп дәрет алып отырған кезде қасына келген Абу Бәкір (р.а.)  мен Омар (р.а.)  алдында балағын түсірмеген. Ал Осман (р.а.) кірген кезде балақтарын түсірген. Себебін сұраған кезде: «Періштелер ұялған адамнан мен қалайша ұялмайын» – деген екен.

Ал енді Құран қиссаларына үңілсек Адам ата Алла Тағала жәннатта «жеме» - деп тиым салған жемісті жеп қойған кезде ұятты жерлері ашылып қалады. Сол кезде жүгіріп бара жатқанда, біздерге ғибрат мақсатында көместі білуші  Алла Тағала:  –Қайда жүгіріп бара жатырсың – дейді. Сонда Адам ата (ғ.с.): –Иә, Раббым, сенен ұялып тұрмын, – деген. Істеген ісіне және денесінің ашылғанына ұялған. Бұл ұят адамзаттың атасынан бері келе жатқан қасиет. Адам ата (ғ.с.)  тыйым салынған жемісті жеген кезде, істеген ісіне өкініп, Алладан ұялған. Сол себепті күнә жасаған  адам Аллаға қарсы шығып қойғанына ұялу керек. Өйткені Алла Тағала ұйықтамайды, қалғымайды және көместі білуші. Ол бізді әрдайым көріп тұрады. Ол тіпті қап-қараңғы түнде  қара тас үстіндегі қара құмырсқаны да көреді.  Сондай ақ жүрегімізді, көзіміздің қарауға болмайтын нәрселерге қарап қиянат жасағандарымызды да көреді.

«Қасас» сүресінде Шұғайып (ғ.с.) пайғамбардың қыздары жайлы баян етілген аяттар бар. Мұса (ғ.с.) пайғамбар Мысырдан шығып, Мәдиан деген қалаға келеді. Бір құдықтың жанында ағаштың көлеңкесінде дем алып отырғанда, көз тастам жерде қой баққан екі қыздың құдыққа жақындай алмай тұрғанын көреді. Оларға барып жағдайларын сұраса,  құдықтың басында әлдебір адамдар малдарын суарып, су алып жатқандықтан, екі қыз құдыққа жақындай алмай тұрғаны және әкелерінің қарт адам екені анықталады. Олар Мұсаға (ғ.с.): «Мына адамдардың бәрі кеткенін күтіп тұрмыз, сосын біз суарамыз» - дейді. («Қасас» сүресі, 25-аят) Сол кезде Мұса (ғ.с.) пайғамбар мен сендерге онда суарып берейін деп, өзінің күштілігінің арқасында қойларын суарып беріп шығарып салады. Біраз уақыттан кейін екі қыздың біреуі Мұса ( ғ.с.) отырған жерге келеді. Алла Тағала сол қыздың ұятын былай  сипаттайды.

فجاءته إحداهما تمشي على استحياء قالت إن أبي يدعوك ليجزيك أجر ما سقيت لنا فلما جاءه وقص عليه القصص قال لا تخف نجوت من القوم الظالمين 

«Сонда екі қыздың бірі ұяла келіп: «Әкем, малымызды суарып бергенің үшін ақыңды төлемекке шақырып жатыр», - деді», - деген. («Жүсіп» сүресі,   33-аят)

Бізге Алла Тағала  бұл қыздың ұяла келген жүрісін сипаттап, әрі мұнда ойланған адамға үлкен ғибрат бар екенін жеткізеді. Тәпсіршілер  Мұсаның  (ғ.с.) келісуі істеген жақсылығына ақы алу үшін емес, әкесі жүре алмайтын үлкен ақсақал екенін біліп, оның сөзін жерге тастамау үшін барған – дейді.  Екеуі енді қалай жүргеніне тоқталсақ  Мұса (ғ.с.) алдында, қыз артында. Мұса (ғ.с.)  : «Егер оң жаққа бұрылу керек болса оң жаққа, сол жаққа бұрылу керек болса сол жаққа тас лақтыр» – дейді. Осылайша, Алладан ұялған күйде, екеуі бір-бірінің ар-намысын сақтаған бойда барған екен. Мұндай оқиғалар біз үшін үлкен  ғибрат болары сөзсіз.

Бірде Мұса (ғ.с.) – : Иә, Раббым мен Сенен бұл дүниенің қажеттерін, яғни кішкентай не үлкен, нәрселерді сұраудан ұяламын- деген кезде Алла Тағала: «Менен бұл дүниенің қажеттіліктерін кішкентай, үлкендіктеріне қарамастан сұраудан ұялма, қойыңның шөбіне дейін менен сұра» – деген.

Бұл сөздерден  кез келген қажеттілікті Алла Тағаладан ғана сұрасақ жақсы көреді. Керісінше, одан сұрамай қойса ашуланатынын білуіміз керек. Алла Тағала адамдардан сұрағанды емес, өзінен сұрағандарды жақсы көреді. «Алладан сұрағанның бүйірі, адамнан сұрағанның көзі шығады» -деген нақыл осындайдан қалса керек.

Тағы бір мысал Алла Тағала 12-ші сүренің басынан аяғына дейін толықтай  пайғамбардың өмірін бейнелеген. Құран аяттары Жүсіп Пайғамбардың (ғ.с.) өмірін бейнелей келе өзін құлдықтан сатып алған қожайынның әйелі есіктердің бәрін жауып, жамандыққа шақырғандығын баяндайды. Оқиға орнына келген қожайынға әйелі шағымданып, Жүсіпке (ғ.с.)  жала жабады. Сол арада Алланың әмірімен жас сәбидің тіл қатып төрелік ету нәтижесінен әйелі кінәлі екендігі анықталады. Жала жабушы әйел сонда да  қоймайтынын  білген  Жүсіп (ғ.с.) пайғамбар: «Иә, Раббым мына әйелдердің мені шақырған жаман істерінен гөрі маған абақты сүйкімдірек» – дейді. («Қасас» сүресі,  23-аят) Әйелден тек абақтыда ғана құтыла алатынына көзі жетіп, Алла Тағаладан дұға етіп, дұғасына жауап алады. Осы оқиғадан  Жүсіп (ғ.с.)  пайғамбардың Алланың назарын сезінген  үлкен ұят иесі екенін аңғарамыз.

Бізге тәрбие  мәселесінде үлгі етеріміз әрине Пайғамбар (ﷺ). Ол (ﷺ) Зейнеп (р.а.) анамыздың  үйінде болған  кезде, сахабалар келіп тамақ ішіп, кейбірі кетпей ұзақ отырып алған екен. Пайғамбар (ﷺ) ыңғайсызданады. Бірақ ештеңе  айта алмайды. Сөйтіп сахабалар ұзақ отырып алу себебінен Алла Тағала «Ахзаб» сүресінің бірнеше аятын түсіреді.

ا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا لَا تَدْخُلُوا بُيُوتَ النَّبِيِّ إِلَّا أَن يُؤْذَنَ لَكُمْ إِلَىٰ طَعَامٍ غَيْرَ نَاظِرِينَ إِنَاهُ وَلَٰكِنْ إِذَا دُعِيتُمْ فَادْخُلُوا فَإِذَا طَعِمْتُمْ فَانتَشِرُوا وَلَا مُسْتَأْنِسِينَ لِحَدِيثٍ ۚ إِنَّ ذَٰلِكُمْ كَانَ يُؤْذِي النَّبِيَّ فَيَسْتَحْيِي مِنكُمْ ۖ وَاللَّهُ لَا يَسْتَحْيِي مِنَ الْحَقِّ

«Әй мүміндер! Пайғамбардың ()  үйлеріне сендерге рұқсат етілмейінше кірмеңдер де, тамақтың дайын болуын күтпеңдер. Бірақ қашан шақырылсаңдар, кіріңдер де тамақтанғаннан кейін дереу тарқаңдар, сөзге айналмаңдар. Расында бұларың Пайғамбарды ()  қыңжылтады әрі ол сендерден ұялады. Бірақ Алла шындық айтудан ұялмайды... » - дейді. («Ахзаб» сүресі,   53-аят)

Осыдан  біз де қонаққа барған кезде кешікпей, келгеннен кейін үй иесі отыр деген жерге отыруымыз керек. Себебі, ол сіздің қай жерде отырғаныңыз дұрыс екенін білуші. Бір үйге келген кезде де есік қаққаннан кейін арқамызды есікке беріп, бір мезет күтуіміз абзал. Жауап болмаса екінші рет, сәл кідірістен кейін үшінші рет есік қағамыз. Мүлдем жауап болмаса, жамандық ойламастан қайтуымыз керек.  Ішінен біреу жауап берсе, тек «мен» деп жауап бермей аты жөнімізді айтамыз. Себебі Алла Елшісі (ﷺ):

لا يقولن احدكم انا

«Ешқайсыларың «мен» демесін» -деген.

Аңсарлардың арасында бір ұялшақ кісі бар еді. Ұялшақтығы оған өзіне тиесіліні толық алуына кедергі жасайтын. Бір күні бауыры оның ұялшақтығын бетіне басып, бұл қылығы оған зиян келтіріп жатқанын ескертеді. Сонда олардың қасынан өтіп бара жатқан Пайғамбарымыз (ﷺ) насихат айтып тұрған кісіге бауырына тиіспеуді, оны өз жайына қалдыруды бұйырады. Оның сол табиғи мінез-құлқында қала беруін ұсынды. Содан кейін ол адамдарды ұяттылыққа ынталандыратын сөз айтты. Егер ұят адамның өзіне тиесіліні толық алуына кедергі жасайтын болса, бұл нәрсе оның сол тұрғыдағы сауапқа қол жеткізуіне апарады. Әсіресе, ол бас тартқан нәрсе шынымен де оған тиесілі болса оның сауабы арта түспек. 

Балаларымызды ұят деген ұғымның негізінде тәрбиелеуіміз және ұятсыздыққа алып баратын нәрселерден оларды сақтауымыз  діннің жолы. Қазір теледидарды баласы мен әкесі, қызы мен шешесі көре алмайтын жағдайлар кездеседі. Кішкентай балалардың  кейбір мультфильмдерінде ұятсыздықтың бары байқалады. Сол үшін осы бастан  келеңсіздіктің алды алынбаса арты ауыр болатыны анық. 

Ғалымдар адам бойындағы ұялуды екіге бөледі:

Біріншісі – ғаризи, яғни туа біткен ұялшақтық.  Басқаша айтқанда, кейіннен табылған игілікті қасиет емес, адамға әу бастан тән нәрсе. Мұндай ұятқа ие адам мінез-құлықтың ең жоғарғы көрінісіне дейін көтеріледі. Туғаннан ұятты адам күнәлі істерге бармайды, жиренішті нәрсеге жоламайды және өз мінез-құлқының жаман жақтарын көрсетпейді. Сондықтан да ұялу  жақсылықтардың бастауы, әрі иманның бір асыл арнасы болып саналады.

Сахабалар «Пайғамбарымыздың (ﷺ)  ұялшақтығы - шымылдық ішіндегі жас қыздай еді» деген. Омардың (р.а.) былай дегені риуаят етіледі: «Ұяты бар – бой тасалайды, бой тасалаушы – турашыл, ал турашыл ­– қауіп-қатерден аман болады».

Екіншісі-муктәсәб, яғни, кейін табылған, яғни Алланың  ұлылығын және өз құлдарына жақын екендігін, оларға назар салатынын және көздердің қиянатын, сондай-ақ жүректердегі жасырын сырларды білетінін түсіну нәтижесінде қалыптасатын ұялшақтық. Ұялудың мұндай түріне ие болуға әрекет жасаушы мұсылман – иманның биігіне жетеді және жүрек тазалығының жоғарғы сатыларына көтеріледі. Мұндай ұялу Алла Тағаланың жарылқауы мен жақсылығын көру және осы үшін Аллаға деген мұның алғысы мүлдем жеткіліксіз екендігін сезіну нәтижесінде пайда болуы мүмкін. 

Ұяттың  төмендегідей түрлері бар:

1. Адамның  өз-өзінен ұялуы.

Адам кейде бір нәрсе істеп қойып, өз-өзінен ұялып, ақиқаттың айнасына қарай алмай қалуы мүмкін. Кінәсін мойындай отырып, кең дүниенің ол адам үшін тарылғандығын сезінеді.

2. Маңайындағы адамдардан ұялу.

Бір адам жеке бір істі істей беруі мүмкін, бірақ адамдардың алдында ол істі істей алмайды, яғни, ұялады. Бір адамның алдында оған ұнамайтын нәрсені істеуден ұялу, уәдені орындамаудан ұялу, өтірік айтудан ұялу, бір затын рұқсатсыз алудан ұялу, бір адамның алдында өзінің ұятты жерлерін ашуы бұл да адамның адамнан ұялуына жатады. Күнәні адамдардың алдында істемеу ұялуға жатады.

3. Алла Тағаладан ұялу.

Яғни, адам Алланың оны күнә үстінде көруден ұялу. Міне ұялшақтықтың мұндай түрі адамды харам нәрсе істеуден тосатын болады. Қазақта Алладан қорықпағаннан қорық деген сөз бар. Алладан қорықпайтын, ұялмайтын адамнан сан түрлі қылықтар күтуге болады. Бірде  Әмір  ибн Қайс деген кісіден: «Сіз үйдің сыртындағы арыстандардан қорықпай,  далада қалай ұйықтайсыз деп сұрайды. Ол «Мен Алладан басқа біреуден қорқуға ұяламын»,– деген екен.

Абуль Хасан Аззаһид өз заманындағы  патша ибн Тулунға шындықты айтамын деп, оны ашуландырып алады. Ызаға булыққан патша, оны зынданға тастап: «Арыстандарды бірнеше күн аш ұстаңдар» деп бұйырады. Патшаларға ақыл айтам дегендердің соңы қандай болады екенін көрсеткісі келіп ибн Тулун әлгі адамды арыстанға талатқысы келеді. Арыстан болса қасына келіп, иіскелеп қана тұрады. Кейіннен ибн Тулун: «Арыстан қасыңа келген кезде нені ойлап тұрдың дегенде, ол: «Оның сілекейі таза ма, әлде нәжіс пе деп ойладым» депті. Осы әрекетімен  Алладан басқа біреуден қорқудан ұялған.    

Бір күні Ибн Айина деген ізгі адам Һишам Қағбаға кіріп, онда Сәлим бин Абдулланы кезіктіріп, менен қажетіңді сұра дегенде, ол: «Мен Алланың үйінде тұрып, Одан басқа біреуден сұрауға ұялам» деген екен. Сыртқа шыққасын енді қажетіңді сұра дегенде барып: «Дүние қажеттерінен бе, әлде ақирет қажеттерінен бе?» деп қарсы сауал жолдаған екен. Дүние қажеттерінен дегенде: «Мен дүниені, иелігінде болғаннан сұрамап едім, қалайша дүние иелігінде болмағаннан сұрайын» – деген екен.

Алладан қалай ұялуға болады деген сұраққа, Абдулла бин Аббас (р.а.) риуаят еткен хадисте:

استحيوا من الله حقّ الحياء, قلنا: يا رسول الله إنّا نستحي و الحمد لله قال: ليس ذاك, و لكنّ الاستحياء من الله حقّ الحياء أن تحفظ الرأس و ما وعى و البطن و ما حوى ولتذكر الموت و البلى و من أراد الآخرةَ ترك زينة الدنيا فمن فعل ذلك فقد استحيا من الله حقّ الحياء.

Пайғамбарымыз (ﷺ) : «Алла Тағаладан лайықты түрде ұялыңдар, деді. Біз: «Уа, Алла Елшісі (ﷺ), Расында, алхамдулилла, біз ұяламыз», дедік. Ол кісі (ﷺ): «Олай емес, Алладан лайықты түрде ұялу: басты және ондағы мүшелерді (ауыз, көз және құлақ) сақтау, іш және ондағыға (жыныс мүшесіне және асқазандағы тамаққа) сақ болу, өлімді және (тәніміздің) пәнилігін естен шығармау, кім ақиретті жақсы көрсе, дүниені тәрк етеді.  Кім осылай етсе, Алладан лайықты түрде ұялғаны»- деп жауап берді. (Имам Термизи)

1) Басты және ондағы нәрселерді сақтау (бастағы мүшелердің бәрін Алла Тағаланың тиым салған нәрселерінен сақтау. Бастағы нәрселерді Алланың жек көретін істерінен пайдаланудан және қолданудан  ұялу. Мысалы, көзді болмайтын нәрселерге жұмсау, қарау. Құлақ, тіл, ақыл т.б.)

2) Ішті және ондағысын сақтау. Яғни, адамның ішінде көзге көрінбейтін жүрек, бүйрек, өкпе, асқазан т.б. Осындай ағзаларды да сақтау. Жүректі жүрек ауыруларынан сақтау, күпірлік, екіжүзділік, тәкаппарлық, көре алмаушылық т.б. Адам өзінің өкпесін улауға ұялу керек. Мысалы темекімен. Сол сияқты адам асқазанына адал мен арамды айырмай, не ішіп не жеп жатқанына қарамастан, не болса соны ішіп жеу. Халал мен харамды айырмай жей беруден Алладан ұялу қажет.

3) Өлім мен сынақтарды ұмытпау. Алладан ұялудың бір көрінісі екен. Яғни, өлімнің келетінін, бұл дүниеде ешкім мәңгі жасамағандығын, барлық адамдар тек уақытша екендігін білу. Бабаларымыз бұл дүниені «Бес күндік» деп атаған. Абай атамыз бір сөзінде:

Адамзат бүгін адам, ертең топырақ,
Бүгінгі өмір жарқылдап алдар бірақ.
Ертең өзің қайдасың, білемісің?
Өлмек үшін туғансың, ойлан  шырақ!  - дейді. Яғни, жанның міндетті түрде шығатынын, сынақтардың болатынын, арғы дүниеде сұрақ-жауаптың бар екендігін ұмытпау керек.

4) Кімде-кім ақиретті қаласа, онда бұл дүниенің әшекейін тастайды. Әшекейді тастау дегеніміз, өзіне берген Алланың жақсылықтарына разы болу, сол жақсылықтарға қанағат ету, қызықпау, дүниені тапқан кезде тек адал жолмен табу  және де адал нәрселерге жұмсау. Мәңгіліктің рахатын, бұл дүниенің қысқа, жалған рахатынан артық көру.

Осылайша Пайғамбарымыз (ﷺ) Алладан шынайы ұялуды төрт  ауыз сөзбен жеткізген. 

Ұялу екі түрлі жағдайда дұрыс болмайды:

1. Уәжіп нәрсені істеуден қайтарса.

2. Харам нәрсеге апарса.

Сондықтан мұсылман адам ғибадат жасаудан  ұялмайтынын есте сақтаған жөн.

Омардың (р.а.)  былай дегені риуаят етіледі: «Ұяты бар – бой тасалайды, бой тасалаушы – турашыл болады, ал турашыл – қауіп-қатерден аман болады». 

Құрметті мұсылман бауырлар!  Жоғарыда айтқанымыздай әрбір діннің өзіне тән мінезі бар, Ислам дінінің мінезі–ұяу болса  бұл мінез мұсылманға тән сипат. Адам баласының нағыз адамшылығы оның ұятының өлшемінен көрінеді. Егіннің көктеуі үшін су  қандай маңызды болса, адам өмірінен ұяттың алатын орны да сондай болмақ.   Алла Тағала бәрімізге шынайы  ұяттың ақиқатын біліп, Алладан, періштелерден, адамдардан ұялуды нәсіп етсін. Әмин! 

Қанат ҚЫДЫРМИН
ҚМДБ-ның  Ақмола облысы бойынша өкілі

Бөлісу: