Құран Кәрімде: «Сондай жаман ісі өзіне әдемі көрсетіліп, оны жақсы көрген біреу (жақсымен тең бе?) Алла қалағанын адастырып, қалағанын тура жолға салады»1, – делінген. Тәпсірші ғалымдардың айтуы бойынша, бұл аят Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) заманында яһудилерге қатысты түсірілген.
Басқа ғалымдар тобы бұл аятта насаралар2 немесе отқа табынушылар туралы айтылған дейді. Ал енді тағы бір мәліметтерге сүйенетін болсақ, жоғарыдағы аят Құрайыш тайпасынан кәпір болғандар немесе Харижиттерге3 қатысты түсірілген делінеді. Осы аяттың аясында ұғынатын басты мәселе – адамдардың арасында кейбірі бар, істеген ісі негізінде дұрыс емес, бірақ өз-өзіне дұрыс көрінуі мүмкін. Алла Елшісі (с.ғ.с.) хадисте: «Әр адам өзінің пікіріне (таңырқап) риза болып, соны ғана дұрыс санаса (басқамен санаспайтын болса), сонда өз-өзіңе абай бол (сондай болудан сақтан!)»4, – деген.
Қандай да бір кісінің өз пікірін ғана дұрыс деп ойлап, өзгенің ой-пікірін, істеген амалын қабылдамау – өмірде жиі кездесетін жағдай. Ондай адам шайтанның уәсуәсімен5 өзінің айтқан сөздеріне және іс-әрекеттеріне қатысты бір сәт болса да күмән келтірмейді. Соның әсерінен ол өзгенің бәрін өзіне дұшпан етеді. Негізінде, бұл анық шайтанның айласы. Шайтан адамның ойына діни мәселелерге қатысты әсіресе көп әр түрлі күмәнді ой салады. Тарихта өткен ислам ғұламалар, тақуа6 тұлғалар діни сұрақтарға қатысты шешім қабылдаудан бұрын, өзінің ой-өрісіне ғана сүйеніп қалмай, міндетті түрде өзгелермен пікір алмасатын болған. Шафиғи мәзһабының негізін салған ғалым Имам әш-Шафиғи өз сөздерінің бірінде: «Біздің айтқанымыз қателікті арқалаған дұрыс сөз. Бізден өзгенікі туралықты арқалаған қате сөз», – деген. Имам Шафиғидің сөзінен алатынымыз, өзіміздікі қаншалықты дұрыс болып бізге көрінсе де, қате болуы мүмкін, басқаның айтқаны қате болып көрінгенімен, түбінде соныкі дұрыс болу ықтималы бар дегенді білдіреді.
Алла Елшісінен: «Тәкаппарлық дегеніміз – ақиқатты қабылдамау және адамдарды менсінбеу»7, – деп айтқан хадис бар. Тәкаппарлық ол – үлкен күнәлардың бірі. Алланың әмірімен Ібіліс шайтан тәкаппарлығы себебінен жәннаттан қуылып, қиямет күніне дейін лағынет етілген. Кімнің жүрегінде мысқалдай болсын тәкаппарлық бар болатын болса, ондай адам жәннатқа кіре алмайтындығын Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар ескертіп өткен. Сондықтан, кейде қоғамдағы кейбір жекелеген адамдардың үнемі тек өзінің айтқанын, істеген ісін дұрыс деп ойлайтындары, шариғатта құпталмайтын әрекет болып есептеледі.
Дегенмен, егер кімде-кім өзінің айтқан сөзіне, істеген ісіне сенімді болса, нақты дәлелдері бар болса, ол өзінің сөздері мен әрекеттерін қорғап шығуға толық құқылы. Өзгемен шектен тыс талас-тартысқа бармай, аса сабырлықпен, байыппен пікір алмасқаны абзал. Сондай жаман ісі өзіне әдемі көрсетіліп, оны жақсы көрген біреу жақсымен тең бола алмайтыны ақиқат. Әр адам өзінің сөздері мен істерін әділдік таразысынан өзі таразылау қажет. Егер басқаның пікірі мен амалы дұрыс екендігі айқын болатын болса, тәкаппарлыққа бармай, өз қателігін мойындап, ақиқатты қабылдаған жөн.
Дайындаған: Берікбол Мергенбайұлы
1 «Фатыр» сүресі, 8-аят.
2 Насара (назреяндар, христиандар) – Құран мен ислам әдебиетіндегі христиандардың әдеттегі атауы.
3 Ислами түсінік тұрғысынан алғанда «харижиттер» Ислам тарихындағы алғашқы адасқан ағым. Олар өздерінен басқа мұсылманды кәпір, мүшрик санап ондайларды өлтіруді, әйел, бала-шағасын құлдыққа алуды халал санап, шариғат шегінен шыққан адақан ағым.
4 Ибн Мәжә; Алла Елшісінің (с.ғ.с.) Әбу Сәғләбәға айтқан өсиет сөздері.
5 «Уәсуәс – шайтанның азғыруы, арандатуы, адастыруы, күмән тудыруы, әр түрлі жаман ой салуы.
6 «Тақуа» – Алладан шынайы қорқу.
7 Мүслим.