25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Дана Абай – имани педагогиканың негізін салушылардың бірі – 1

Дана Абай – имани педагогиканың негізін салушылардың бірі – 1

Мақалалар
Жарнама

Дана   Абай – имани педагогиканың негізін салушылардың  бірі әрі бірегейі...

Адамның ішкі әлемінің рахаты мен тыныштығы, былайша айтқанда, жан сақтауы өте-мөте әділет сезіміне тәуелді. Соның айғағы – әділеттілікті жанындай көріп аңсамайтын адам, көксемейтін халық болмайды. Әділет – қиянаттың дұшпаны. Күллі көркем әдебиет классиктері шығармашылығының алтын өзегі – әділет пен қиянаттың мәңгі айқасы, бітіспес майданы. Көркем әдебиет ғана емес, күнделікті өмірдегі шындық өзегі де осы тартыс. Сонымен, әділет – жан сақтау құралының бірі, қастерлі категория. Бірақ әділеттілік туралы басқадай не білеміз, ол жайлы біліміміз толық па?

«Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген туындысында данышпан: 

Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй «бауырым» деп,

Және «Хақ жолы осы» деп әділетті, – дейді. Ал, 45-сөзін: «Құдай табарака уа тағаланың барлығының үлкен дәлелі – неше мың жылдан бері… һәм неше мың түрлі діннің бәрі де ғаделет, махаббат Құдайға лайықты дегендігі» деп бастайды. Сөйтіп, Абайдың ақтық өсиет-толғаулары қос феномен сезім: махаббат пен әділетке бағытталғанына көз жеткіземіз.

Маңызды ерекшелік – хакім Абай махаббат, ғаделетті қосақтап айтады. Мұның сыры неде?  Гәп мынада: махаббат – күллі әлемге нұрын, шуағын төккен қуат, ал әділет – тұтастай ғалам құбылыстарын реттеуші құдірет. Қос қуат, құдырет  қосылғанда ғарыштық күрделі қатынастар ғажайып үйлесімін табады. Міне хакім Абай махаббат, ғаделетке осы тұрғыдан келіп, жаңа аталған 45-ші қарасөзінде мынадай даналық тұжырымын жасайды: «Бұлардың (махаббат пен әділеттің) керек емес жері жоқ, кіріспейтұғын да жері жоқ. Ол – жаратқан Тәңірінің ісі». Осылайша Абай бізге он сегіз мың ғаламның махаббат-әділет заңымен басқарылып, реттелетінін ашықтап беріп отыр. Бұл, сөз жоқ, тек әлем ойы алыбының ғана сыбағасы. Махаббат – Жаратушының бір аспектісі екендігі, әрине, әлімсақтан мәлім. Барлық әлемдік діндер осыны діттейді, айталық, исламдық сопылық ағым «махаббат діні» делінеді. Ал, әділеттілік ше? Ол махаббатқа тете, теңдес бола тұрып, реттеушілік құдыреті басым.

Біле білсек, Абайдың: «Неше мың түрлі діннің бәрі де ғаделет, махаббат Құдайға лайықты деген» деп тұжыруы өз алдына жаңалық. Сахараойшылы бұл арада хақиқат заңды күллі қасиетті кітаптардан сүзіп алғанын сездіртіп отыр. Абайдың жаңағы әділет, махаббат түсініктерін бөлмей-жармай қолдану сырыкиелі кітаптар мазмұнында екенін көреміз. Абай өзінің «Ғақлиат−тасдиқат» деп аталатын 38−қарасөзінде: «Махаббат − әуелі адамның адамдығы, ғақыл, ғылым деген нәрселер бірлән», − деп жазады.

Махаббаттан бастау алатын адамның «адамдық жолы» яғни адамның адамгершілігі − ақыл мен ғылымға тікелей байланысты.Түп-тамыры арабтың «хәбба» −сүю деген сөзінен шыққан «махаббат» сөзін − Абай өз шығармашылығында молынан пайдаланып, «сүю», «мейірім», «сүйіспеншілік» мағыналарында қолданады. Абай өзінің дәл осы 38-қарасөзінде: «Талап, ұғым махаббаттан шығады», − дейді. Махаббат, ол− адамның өн-бойындағы мейірім мен сүйіспеншілік. Абайша пайымдасақ: ақыл мен ғылымнан бастау алған махаббат – адамгершілік негізі. Иә, махаббат!

Махаббат, ол – мейірім! Егер, ананың баласына деген мейірімге толы махаббаты болмаса, адамдар өмірді көкжиектен алаулап шығатын «қасиетіңнен айналайын» алтын күнді, отбасын, Отанын сүймесе, әке перзентін, перзент ата-анасын, адамдар бірін-бірі мейірімге толы, шынайы сезім − махаббатпен сүймесе, онда өмір сүріп керегі не? Адам өмірінің өзегіне айналған ең асыл қасиет, ол−махаббат! Сондықтан да хәкім Абай: «Махаббатсыз дүние−бос», −дейді. Қорыта айтқанда, махаббат, ғадалет категорияларын, бір жағынан, «Тәңірінің ісі» (Тәңірінің хикметі, заңы деген мағынаны да білдіреді) деп ғаламдық деңгейде бағамдау, екіншіден, олардың түп генезисімен ортақ. Сол сияқты планета жұртшылығын алаң еткен Батыс және Шығыс делінетін осы заманғы орасан үлкен өркениеттілік қарым-қатынас пен өзара ұғысу проблемалары да әділеттілік заңына тіреледі. Ол ол ма, күллі материалдық әлем Ньютон ашқан заңдармен реттелетіні сияқты күллі ғаламның тыныс-тіршілігі Абай ашқан әділет-махаббат заңымен реттеледі. Абайдың қоғамды тек тыныштық жағдайда, имандылық тәрбие негізінде ғана өзгерту қажеттігіне сенімі кәміл: «Берекеңді қашырма, Ел тыныш болса, жақсы сол» (1889) дейді. Сөйтіп, Абай терең ой еңбегіне, қоғамда әділетті орнықтырудың жолын, яғни әділеттілік ілімін іздестіруге кіріседі. Тың өрісте тапқаны – «Менсінбеуші ем наданды» (1891) деген өлеңінде өзі айтқандай, «адам түзелмей,заман түзелмейді» деген парадигма (мұны ойшылдың Шығыс жағалауына қайта өтуі делік) болды. Ол бойынша заманның түзелуі үшін әр адамның іштегі кірден тазаруы, рухы жетілуі мен иманы нығаюы шарт. Себебі, егер жеке тұлға «іштегі кірді қашырса», яғни әр адамның жан тәрбиесі жолға қойылса, мұндай тәрбие кемелдігінен бүкіл қоғамның кемелдігі құралмақ. Адамзат тыныштығы мен рухани жетілуінің  өзгедей амалы, жолы жоқ.

Осынау алыс мақсатты көздеген ойшыл ақынның 1891 жылдан былайғы өмірінде басты шығармашылық жұмысы – екі проза кітабы болғаны, оларға күш-қуатын сарқа жұмсағаны анық: бірі – 40 ғақлиядан тұратын «Ғақлия» атты (1891-97 жылдар арасында жазылды) кітабы, бірі – «Ғақлиат-тасдиқат» (қазіргіше 38-ші қарасөз) атты кітабы. Алдыңғысы – туған халқына жөн-жоба сілтеген арнау өсиеттері, ал 1898-1902 жылдар аралығында жазылған екіншісінің – берісі мұсылман әрісі күллі адамзатқа арналған даналық трактат екені талассыз.

Кітап «Ғақлия»-ның үшінші сөзінде ойшыл қойған кесек мәселелерден қазақ өмірі қайтсе түзеледі немесе қоғам қайтсе әділетті болады деген сұрақ жазбай танылады. Айнала дүниенің қиянатшыл болуы- әділеттің жоқтығынан. Сондықтан Абай: «Осы қазақ халқының осындай бұзықшылыққа тартып, жылдан жылға төмендеп бара жатқанын көрген соң менің ойыма келеді» дей отырып, бұзықты азайтып, әділді молайту хақында ой-пікірлерін ортаға салады.

90-шы жылдардың ортасы – Абайдың ақындық мектебі үшін ең жемісті кезең. Осы кездерде «Ұстаздық қылған жалықпас» деп өзі айтқандай, қасына талапты жастарды жиып, оларға өлең сөздерімен де, ауызша өсиет, ұзақ мәжілістерімен де үлгі-өнеге шашу сүйікті ісіне, дағдысына айналған болатын. Бұл туралы: «Абай ұстаз да, сөз ұғатын ынталы, талапты жастардың бәрі шәкірт» дейді Мұхаң.1894-95 жылдар шамасында жазылған«Әсемпаз болма әрнеге» деген өлеңінен осы кездің тынысы айқын сезіледі:

«Қайрат пен ақыл жол табар,

Қашқанға да қуғанға.

Әділет-шапқат кімде бар,

Сол жарасар туғанға.

Бастапқы екеу соңғысыз,

Біте қалса қазаққа.

Алдың – жалын, артың – мұз,

Барар едің қай жаққа?».

Абай өлеңде жай ғана әділет демеген, «әділет-шапқат» («шапағатты әділет» деген мағынада) тіркесін пайдаланған. Сөйтіп, адам рухын, жалпы болмысты басқарушы күш Тәңірінің әділет-махаббат заңы екеніне Абай алғаш рет меңзейді. Егер де жеке адам немесе бүкіл қоғам тек қайрат пен ақылдың тапқан жолына түсер болса – «алдың – жалын, артың – мұз». Ақынның «алдың-жалын» дегені ахирет – тозақ жалыны, ал «артың-мұз» дегені сүрген өмірің мағынасыз, баянсыз дән шықпайтын, дәнеңе өнбейтін тақыр деген мағынаны білдірсе керек-ті.  Демек, адамға бақыт қонуының    басты шарты, ойшылдың білуінше, әділет-шапқат иесі болу. Абай осы түбегейлі идеясын бірде ғақлия сөзіне, бірде өлеңіне өзек етіп, дамыта береді.

«Ауруды жаратқан – Құдай, ауыртқан Құдай емес, байлықты, кедейлікті жаратқан – Құдай, бай қылған, кедей қылған Құдай емес деп, нанып ұқсаң болар, әйтпесе жоқ» (28-сөз) дейді Абай. Бұл жерде де әділет-шапқатқа   меңзелгені сөзсіз. Осымен, данышпан Тәңірінің әділет заңын орындау я орындамау, яғни бақытқа жету-жетпеу әр пенденің өз ырқы екенін білдіреді. Әділеттік, арлылық, махаббат пен – Үй жолдасың қабірден әрі өткенде, –дей келе: Ғадәләт пен мархамат – көп азығы, Қайда көрсең, болып бақ соған көмек, – деп түйін түйеді Абай. Келер жолғы тағы бір әйгілі өлеңінде: Махаббат ғадауатпен майдандасқан, Қайран менің жүрегім мұз болмай ма? – депті.

Ақын жүрегі неліктен майдан алаңы, махаббат сезімі не үшін майдандасты? Әділет үшін. Мұны осы кездерде жазылған «Жүрегім менің – қырық жамау» өлеңінде: Жүрегім менің – қырық жамау, Қиянатшыл дүниеден, – деп ойшылдың өзі паш етеді («қиянатшыл» сөзі «әділетсіз» сөзіне синоним). Сонымен, Абайдың поэзиясында, әсіресе, кітап «Ғақлия» атты мұрасында«қалың елі, қазағын», өзге халықтар қатарына қосу, яғни «ел қылу» идеясы бүкіл қоғамда әділдікті орнықтыру  идеясымен қабыса табысқанына көз жеткіземіз.Бұл ерекшелікті ғұлама М.Әуезов бізге былайша білдіреді: «…Ылғи ғана таза адамшылық жолын үгіттейді. Әділдік, шыншылдық, махаббатты – бауырмалды арлылық, ойшылдық, сыншылдық сияқты адамды адам қылатын жан тәрбиесінің барлық негізін қолданады». Енді Абайдың екінші қолжазба кітабы – «Ғақлиат-тасдиқат» (қазіргіше 38-ші қарасөз) мазмұнына көшелік. Алдыңғы кезеңде, яғни өлеңдері мен «Ғақлия» кітабында қадау-қадау көрінген әділет-мархамат концепциясы 1898 жылдан беріде жүйелі ілімге айналуы, жаңа сатыға көтерілуі заңдылық.

Абайдың екінші кітабы – «Ғақлиат-тасдиқат» міне осының асқақ айғағы. Бұл даналық еңбек басты үш бөліктен тұрады: бірінші – Алланы тану (мұсылманша мағрифатулла), екінші әділет, махаббат Тәңірінің ісі, хикметі екенін дәйектеу (Абайдың өз сөзімен айтқанда: «Алла тағаланың пенделеріне салған жолы қайсы?» екенін білу), үшіншіадамның кәмалатқа жету шарттары немесе «ғадалетті адам» идеалын сомдау. Міне осы негізде дана Абайлың «әділет-махаббат педагогикасы» қалыптасқан болатын. Абайдың сүйіспеншілігі, махаббаты, адамға құштарлығы тек адаммен шектелмейді. Бұл сүйіспеншілік аспанға, Құдайға дейін тарайды және құдайдан тарайды. Құдайдың өзі адамзатты махаббатпен жаратқан соң адамның бұл дүниені, адамзатты «бауырым» деп танымауына шара жоқ. Адамның адамды бауырым деп тануы - әділет жолы. Әділетті таңдаған адам адамзатқа сүйіспенілікпен қарайды, сүйсіне қарайды. Сөйтіп, Абай сүйіспеншілікті адамгершілік деңгейіне көтереді, сезімді ақылмен ұштастырады. Әлем шындығындыа Құдайдың өзі жаратқан  махаббат бесігіне бөленіп, сүйіспеншілік жөргегіне оранып, әділеттің алақанында тербеліп тұр. Адам осы ұяда өсіп-өніп, толық адам болып жетілуге тиіс.  Социалистік педагогикада интернацоналист тәрбие деген бар. Ол, ұлы держевалық шовипист көзқарасты қаншама көлегейлеп жабуға ұмтылғанмен, адамдардың діни, нәсілдік ерекшеліктерінің тігісін жатқызып, өзара ынтымак бірлікке шамасынша жанталасып кіріскенімен нәтиже шығара алмады.  Осы бір қиюы қашқан ұран мен насихатты атамыз; «адамзаттың бәріп сүй бауырым»- деп қана өте терең мағынада,сырлы сөзбен сабақтаған.

Абай педагогикасы тәрбиелеу ілімінің әрі  тереңі, әрі тұнығы. «Адам баласынан махшарда сұрау алатұғын қылып жаратқандығында һәм ғаделет, һәм махаббат бар» дейді Абай трактаттың мағрифатулла бөлігін аяқтаған тұсында. Осыдан соң, ғұлама Алла тағаланың адам баласының пайдасына жасаған несібе, нығметтерін түгелдей тізбелеп айтып: «Бұл хикметтерінің һәммасында мархамат һәм ғаделет заһир тұр екен» деп түйін түйеді. Он сегіз мың ғаламның бір тәртіпке бағынып, аса күрделі зор тетік сияқты таңғажайып үйлесімділікпен жұмыс жасауы енді түсінікті: Құдай ісінің бәрі мархамат - ғаделеттің көрінісі екен. Әрі қарай Абай ғаламдық көріністерден адам баласының іс-әрекеттері қалайша мархамат-ғаделетті болмақ деген мәселеге ауысады.«Енді белгілі, иман құр инанышпенен болмайды, ғаделет уә рафғатпенен болады, – дейді данышпан. – Ғамалус-салих (жақсы істер) ғаделетті мархаматты болмақ. Күллі тәнмен қылған құлшылықтарың ешбір ғаделетті мархаматты бермейді. Көзің күнде көреді намаз оқушы, ораза тұтушылардың не хәлетте екендіктерін, оған дәлел керек емес». Демек, иман шын болудың  маңызды шарты –көпке пайдасы тиетін ізгілікті істер – ғамалус-салихтерді атқару, қысқасы, «мархамат-ғаделетті иманның шартынан хисап қылу»Алла тағаланың пендесіне салған жолы қайсы?» деген бүкіләлемдік сұраққа ұлы Абайдың берер жауабы міне осы. Біз,Ұлы дала төсінде, Тұран топырағында туған күллі ойшылдардың әділет-махаббат педагогикасын Имани педагогика деп жүрміз.

Қобдабай  Қабдыразақұлы  

Бөлісу: