25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Құрандағы ең ұлы сүре

Құрандағы ең ұлы сүре

Мақалалар
Жарнама

Құран адамзат баласына түсірілген соңғы кітап екендігі белгілі. Құран сөздері Ұлы жаратушының құлдарына деген мейірімі мен шарапаты. Ондағы әрбір аят түгілі әрбір сөзіне дейін қасиет тұнған. Сыры қалың, құпиясы мол. Ол тек ашық баяндаулар мен қиссалардан тұрмайды, ішкі иірімі терең, түсінуге пайым-парасатты қажет ететін кітап.

Құранды жіктеуге, бөлімдерге бөлуге болмайды. Себебі, ол тұтас бір жүйе. Ондағы әрбір аят өзіндік ерекшелікке ие. Оларды мынау ұлы, мынау мынадан жоғары деп қарапайым адамдар, яғни біздер айта алмаймыз. Тек Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с)-ның айтқан кейбір хадистерін басшылыққа аламыз. Құран Кәрім ғылым жағынан, моральдық, адамгершілік қасиеттер жағынан да қазынаға толы.

Осыған байланысты Құранды арнайы зерттеп білу, Алла тарапынан берілген сүрелер мен аяттардың мағынасын ұғынып санаға құю үлкен ыждағаттылықты талап етеді. Сондықтан, 14 ғасыр бойы Құран Кәрімді қай жағынан қарап зерттесе де өзектілігін жоғалтқан емес. Құранның негізгі мағынасын түсіну үшін ондағы әрбір сүренің, аяттың бір-бірімен байланысын анықтауды басты назарға алған жөн. Себебі, бір сүре екінші сүремен немесе бір аят екінші аятпен байланысын анықтау арқылы олардың арасындағы негізгі мағына айқындала түседі.

Фатиха сүресі Меккеде нәзіл болған, 7 аяттан тұрады. Бұл Фатиха сүресінің бірнеше атауы бар солардың бірі «Фатиха», яғни ашушы дегенді білдіреді. Өйткені Құран Кәрім Фатиха  сүресімен ашылады. Фатиха сүресі ең ұлы сүре. Бұл сүреде бірнеше риуаяттар бар. Имам Ахмад ибн Ханбәл риуаят еткен хадисте: «Убай ибн Каъб» Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) алдында «Фатиха» сүресін оқыды. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Алланың атымен ант етемін тауратта да, інжілде де және забурда да , бұған ұқсасы түсірілмеген, тек Құранда ғана бұл суре келген», - дейді.

Сондай ұлы сүрелердің бірі – «Кітаптың анасы» болған «Фатиха» сүресі. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Қайыры ең көп болған сүре – Фатиха, ол – барлық дертке дауа», - деген. (Байһақи) Себебі, біріншіден қасиетті кітапты ашқанда бірден көзге түсетіні Фатиха сүресі. Екіншден, Құранда барлығы 114 сүре болса, ғалымдар қалған 113 сүрені сол «Фатиха» сүресінің тәпсірі, түсіндірмесі іспетті деп бағалаған. «Фатиханың» тағы бір ерекше қасиеті ол әрбір мұсылман күнделікті бес уақыт намазында бұл сүрені 32 рет қайталанғанымен адамды еш жалықтырмауында, керісінше бұл сүре оқыған сайын рухани күш беріп отырады. Сондай-ақ, «Фатиха»-ның барлық құндылықтың өзегі, барлық дерттің шипасы, барлық қайғыны жоятын, барлық мақсатқа жеткізетін, барлық жамандықты тосатын қасиеттері бар. Оның қасиеті ұшан теңіз. Біз бір мақаламен қасиетті сүренің қадірін айтып тауыса алмаймыз.

Ғалымдар «Фатиха» сүресінің мазмұнын үшке бөліп қарастыруға болады деп көрсеткен. Алғашқы үш аят – Алла Тағаланы тану, ортаңғы аят – Алла Тағалаға құлшылық ету, соңғы үш аят – нәтижесі – дейді Құран тәпсірінің білгірлері. Фатиханың қасиетінің ұшан-теңіз екендігін, оған «Құранның анасы» деп баға берілуінің де себебі осында болса керек. Жоғарыда да айттық, Құранның барлық сүре, аяттары, үтір, нүктесіне дейін қасиетті. Тек ондағы сырлар оларды бір-бірінен өзгешелеп, қасиетін бөлектеп тұратындығы ғана.

Қазақ халқы да ежелден осы сүренің Алла тарапынан жіберілген қасиетті кітап Құранның беташар сүресі екендігін жақсы білген. «Бисміллә басы Әлхам-ды» - деп келетін өлең жолы міне осы Фатиха сүресінің Құрандағы бірінші сүре екенін меңзейді. Ендеше қасиетті Құранның басы мен аяғын тұтас қамтыған қастерлі сүрені үнемі айту оның шарапатын әрбір жақын адамыңа жеткізу мұсылман әдебі болып табылады.

Хадиршаев Салман

«Нұр Астана» мешітінің ұстазы, қари.

Бөлісу: