Сыныпта иләһи кітаптар жайлы өтіп жатқан кезім еді. Менің сүйікті шәкірттерім дәрісті әдеттегідей ерекше ықыласпен мұқият тыңдап отырған болатын. Ерекше бір ынтамен сауалдарын қойды.
Бақыт мынадай сұрақ қойды:
– Ағай, қасиетті кітабымыз неліктен жиырма үш жылдық ұзақ мерзім ішінде түсті?
– Жарайсың, Бақыт. Бұл – өте жақсы сұрақ.
Ең соңғы әрі ең қасиетті кітап болып саналатын Құран кәрімнің әрбір жағдайы ғажап әрі мәнге толы. Оның жиырма үші жыл ішінде түсуінің өзінде үлкен мән жатыр. Мұның негізгі себептерін былайша тізіп айтамыз:
1. Құранның аят-аят, сүре-сүре болып түсуі һәм жазылуы жеңілдік үшін. Пайғамбарымыз түскен аяттарды сол заманның мүмкіндіктеріне қарай жазушыларына жаздыратын. Бұл жазушылардың саны қырық болатын. Алла елшісі жүрегі мен жадына сақтаған аяттарды оларға оқып беретін. Олар естігендерін айна-қатесіз жазып шығатын. Содан кейін жазғандарын Расулаллаға тексертетін. Сөйтіп Құранның Алладан келген күйінде дұрыс жазылуы қамтамасыз етілетін. Егер де Құран сүре-сүре болып емес, бірбүтін күйінде келер болса, онда оны жазу ісі қиындық туғызатын еді.
2. Пайғамбарымыз Құранды Алладан келген қалпында сақтау үшін оны жаздырып қана қоймай, жаттатуды да қажет деп тапты. Құранның бөлекбөлек болып келуі оны жаттауды да жеңілдетті. Егер бір бүтін күйінде түссе, оны жаттау қиынға соғар еді.
3. Пайғамбарымызға әр уақытта қойылған сұрақтарға Алла тағала Құран аяттары арқылы жауап беріп отырған. Сол арқылы адамдарға және олардың қойған сұрақтарына маңыз берген.
4. Сонымен қатар Құран тәрбие мен білімнің бастауы болып табылады. Адамдарды тәрбиелеудің жолы демде жүзеге аспайды. Ол – әсте-әсте болатын дүние. Адамдардың теріс әдеттерінен арылып, қисық мінездерін тастауына біршама уақыт қажет болады. Мәселен, бұған шариғаттың араққа тыйым салуы жақсы мысал болады. Ішімдік мәселесіне қатысты түскен алғашқы аятта оның зиянының көбірек екендігі айтылған. Ал екінші аят мас күйде намазға жақындамауды бұйырады. Одан кейін түскен үшінші аятта ішімдікке үзілді-кесілді тыйым салады. Мұны «тәдриж тәсілі» деп атайды, яғни үкімді бірден емес, бірте-бірте күшейту дегенді білдіреді. Бұл тәсілдің нәтижесі тамаша болғанын біз жақсы білеміз. Соңғы тыйымнан кейін Мәдина көшелерінде шараптың суша аққандығы тарих кітаптарында айтылады. Себебі, қала тұрғындары үйлерінде сақтаған ыдыс толы шараптарын далаға шығарып төккен болатын.
5. Құран Исламның негіздерін белгілі бір тәртіппен белгілеген және Меккеде түскен алғашқы аяттар арқылы алдымен сенімді түзеткен. Ең алдымен Алланың бар және бір екендігі. Құран түскен алғашқы жылдарда сенімдерін күшейте түскен мұсылмандар кейіннен бұйырылған құлшылықтарды оңай атқарып кете барды. Яғни, олар психологиялық тұрғыдан бұған дайын болды.
6. Құранның Пайғамбарымыздан сұралған сұрақтарға жауап беруі, Расулалланың шын мәніндегі құдайдың елшісі екендігін нақтылай түсті. Себебі, Пайғамбарымыздан сұралған сұраққа Алла тағала артынша Өзі жауап берді. Расулалла білмеген мәселеге Алланың жауап беруі тыңдаушыларға Құранның шын мәнінде Жаратушының сөзі екендігін ұқтыра түсті.
Кейде тосыннан болған жағдайлардың шешімін Ұлы Жаратушы аят түсіру арқылы білдіріп отырды. Әлбетте, әрқандай уақытта орын алған оқиғалардың шешімін айту үшін Құранның бір бүтін болып емес, бірте-бірте түсуі табиғи қажеттілік болса керек.
Алайда жиырма үш жылдай ұзақ мерзімде түскен Құран бір бүтін һәм біртұтас күйде түскен секілді әсер береді. Бір кітап күйіне келтірілген Құранның аяттары мінсіз үйлесімнің мысалын көрсетеді, бірбіріне еш қайшы келмейді. Аяттар мен сүрелер арасында керемет байланыс һәм үйлесімділік көрініп тұрады.
материал «Тәрбие сағатынан естеліктер» кітабынан алынды,
ummet.kz