06
Сәрсенбі,
Қараша

һижри

Жәннатта қалауымыздың бəрі орындала ма?

Жәннатта қалауымыздың бəрі орындала ма?

Ислам тарихы

Кейде қалауымыз орындалмай жатса əлдекімге не бір затқа кейіп жататынымыз бар. Егер Жәннатта ешкім еш нəрсеге ренжімейтін болса, демек, қалауымыздың бəрі орындалады деп айтуымызға негіз бар.

«Онда олар не тілесе, соның бəрі алдарынан табылады һəм онда мəңгі- бақи мекендейді. Міне, бұл Раббыңның Өз мойнына алған хақ уағдасы» («Фурқан» сүресі, 16-аят).

«Алтын табақтар мен (бал татыған алуан түрлі сусындарға толы) қадақтар тасыған жұмақ қызметшілері оларды айналсоқтап, сый-құрмет көрсетеді. Онда көңіл соғатын һəм көздің жауын алатын нəрселердің бəрі бар. Сендер онда мəңгі-бақи қаласыңдар» («Зухруф» сүресі, 71-аят).

«Онда олардың қалаған нəрселерінің бəрі бар. Сондай-ақ құзырымызда одан да көп сый-сияпат бар» («Қаф» сүресі, 35-аят).

Құс сияқты ұшқысы келгендер ұшып, атқа мінгісі келетіндер мініп, балық аулағысы келетіндер балығын ұстап, гүл өсіргісі келгендер гүлдерін өсіріп, бəрі қалаған нəрсесіне оңай қол жеткізе алады. Алайда ешкім ол жақта шаршамайды.

Осы өмірде жасағымыз келіп, бірақ қол жетпеген барлық нəрсеге жұмақта жетеміз деп үміттенемін. Себебі бір кездері сондай тізім жасаған болатынмын. Кейін өзіме, əуелі Жәннат маған нəсіп болсын, қалғаны біртіндеп бұйырып қалар деп басу айттым. Егер не жазғаным қызық болса, саған оның бірнешеуін айтып бере аламын. Мысалы, мен осы жасқа келгенше, ешқашан атқа мініп көрмедім. Үнемі армандап жүретінмін. Кең жазық далада тұлпарға мініп шапқаннан артық не арман бар?! Бұл арманым осы өмірде орындалмайтын секілді. Сол себепті егер Жұмаққа барсам, ең алдымен атқа мінер едім. Кім білсін, мүмкін Жәннаттағы тұлпарлар мүлдем басқа шығар?!

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) заманында Алла елшісіне бір сахаба келіп:
– Уа, Алланың елшісі! Мен аттарды қатты жақсы көремін. Жәннатта аттар бола ма?! – деді. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с):
– Жәннатқа кіргенде алдыңнан қос қанатты сəйгүлік шығады. Оған мінгенде, қалаған жеріңе құстай ұшып бара аласың, – деп жауап берді.

«Біз игілікке жаны құштар ізгі жандарды, міне, осылай бағалап, сый- сияпатқа бөлейміз» («Мурсəлəт» сүресі, 44-аят).

материал «Жәннат туралы білгім келеді» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: