01
Жұма,
Қараша

һижри

Намаздың сүннеттері (2)

Намаздың сүннеттері (2)

Бес парыз

 

  1. Рүкүғтен тұрып жатқан кезде, «Сәми’ Аллаһу лимән хамидаһ» деп, артынан «Раббәнә уә ләкәл-хамд» деу де – сүннет. Имам әуелгісін – жария, кейінгісін – құпия айтады. Пайғамбарымыз (ﷺ): «Имам Сәми’ Аллаһу лимән хамидаһ» деген кезде, сендер«Раббәнәә уә ләкәл-хамд» деңдер», – дейді[1].
  2. Рүкүғ пен сәжде тәсбихтары – сүннет. Пайғамбарымыз (ﷺ): «Кімде-кім рүкүғке барған кезде, үш рет «Субхана Раббиял-а’ла» десін. Бұл сан – тәсбихтың ең аз мөлшері» – деп айтқан[2].
  3. Рүкүғте ер кісілердің қолдары мен саусақтардың арасы ашық түрде тізелерге қойылуы – сүннет. Әйелдер тек қана қолдарын тізелерінің үстіне қоюмен шектеледі. Сонымен қатар ер кісілердің рүкүғте түрегеп тік тұрулары, бастарын арқасымен тең ұстап, одан жоғары көтермеулері де, төмен түсірмеулері де сүннет. Әйелдердің тізелері аздап бүгіледі.
  4. Қиямда (түрегеп тұрғанда) екі аяқ арасын иықтың көлеміндей ашық ұстау – сүннет.
  5. Сәждеге бара жатқанда алдымен тізелерді, одан кейін қолдарды, одан кейін маңдайды жерге тигізу.
  6. Сәжде отырыстары мен тәшәһһүд отырыстарында сол аяғын жерге жатқызып, оң аяғын тік ұстап, саусақтарын құбылаға қарату – сүннет. Әйелдер сол аяқтарын оң жағына жатқызып жерге отырады.
  7. Отырыстарда және сәжде арасындағы кідірме отырыстарда қолдарын тізеге жақын сандарының үстіне қою.
  8. Отырыстарда әт-тахиятты оқығанда «Ләә иләһә» деген кезде оң қолының сұқ саусағын көтеріп, «иллаллаһ» деп, қайта түсірілуі – сүннет. Сұқ саусақ көтерілгенде, қалған саусақтар бүгіледі. Бұл – Алладан басқа құдай жоқтығын қуаттаудың белгісі.
  9. Парыз намаздардың үшінші, төртінші рәкаттарында «Фатиха» оқу қуатты көзқарастарға қарай – сүннет.
  10. Парыз, уәжіп және мүәккәд сүннеттердің соңғы отырыстарында және бекітілмеген сүннет пен пәпіл намаздардың да әрбір отырыстарында әт-тахияттан кейін Пайғамбарымызға (ﷺ) салауат айту – сүннет.
  11. Сәлемнен бұрын дұға оқылуы – сүннет. Бұл дұғаға Құран мен Пайғамбарымыздың (ﷺ) сахих дұғаларының таңдалуы абзал.
  12. Намаз соңында алдымен – оңға, сонан соң – солға сәлем беру – сүннет.
  13. Намазда алдына қалтқы қою – сүннет. Яғни, ашық жерлерде намаз оқыған адам, алдынан басқалар өтпеу үшін алдына 60-70 сантиметрдей қалың немесе жіңішке ағаш немесе қазық, т.б. қадайды. Жамағатпен оқылатын намазда имамның алдына ғана қойылуы жеткілікті. Намаз оқыған кісі алдынан өтпекші болған адамға «Субханаллаһ» деп ескерте алады.

 _____________________

[1] Бухари, Азан, 52.

[2] Ибн Мажә, Иқамә, 20.

Бөлісу: