Алыс жолға шыққан (шамамен 90 шақырым) жолаушыға Рамазан айында ораза тұтпауға рұқсат етіледі[1].
Алла Тағала Құранда былай дейді: «Сонда сендерден кім ауру немесе жолаушы болса, басқа күндерде өтесін»[2].
Егер жолаушы сәресін ішіп, таң атқаннан кейін жолға шықса, онда сол күннің оразасын бұзуға болмайды. Өйткені ол оразасын тұрғылықты кезінде бастап қойған. Оны өз еркімен бұза алмайды. Егер жолға шықпай жатып аузын ашса, оразаның қазасымен қоса кәффаратын өтейді. Ал сапарда аузын ашып қойған жағдайда тек оразаның қазасын өтейді[3]. Сол үшін ораза ұстауға әрекетін жасамай таң атпай жатып жолға шығу керек.
Егер жолаушы сапардан үйіне күннің жартысынан бұрын (яғни бесіннен шамамен бір немесе бір жарым сағат аралықта) қайтып, оразаға (еш нәрсе жемеген болса) ниет етсе, оразасы дұрыс болады. Ал бесіннен кейінгі уақыт аралығында келсе, онда адамдардың айыптауынан аулақ болу үшін күн батқанша еш нәрсе жемейді. Себебі айып тағылатын нәрседен аулақ болу, сақтану – уәжіп[4]. Рамазан айынан кейін сол күннің қазасын өтейді.
Ораза ұстау жолаушыға қиындық тудырмаса, ораза тұтқаны абзал. Алла Тағала жоғарыдағы аяттың жалғасында былай дейді: «Білсеңдер сендер үшін ораза ұстауларың абзал»[5].
Сапарда рұқсатты пайдаланып аузын ашқаны үшін сауапқа ие болады. Ал оразаны ұстаса, одан көбірек сауапқа кенеледі. Егер ораза ұстауы өзіне немесе жолсерігіне қиындық тудырса (яғни жолсеріктерінің ауыздары ашық болып, бірге ішіп-жесе) аузын ашуы абзал[6].
[1] «Фәтху әл-қадир», 2/356.
[2] «Бақара» сүресі, 184-аят.
[3] Абдулхамид Махмуд Туһмаз, «әл-фиқһ әл-ханафи фи сәубиһи әл-жәдид», 1/437.
[4] «Әл-Ихтияр», 1/421.
[5] «Бақара» сүресі,184-аят.
[6] «Радду әл-мухтар», 3/406.
материал «Рамазан оразасына қатысты пәтуалар» кітабынан алынды,
ummet.kz