25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Рамазан айында ауыз ашуға қатысты жағдайлар мен үкімдер

Рамазан айында ауыз ашуға қатысты жағдайлар мен үкімдер

Ораза

Бірінші: Шариғат тарапынан рұқсатсыз ашылған оразаның қазасымен қатар кәффаратын өтеуді парыз ететін жағдайлар

1. Рамазан айында арам екенін біле тұра күндіз жыныстық қатынасқа түсу, тіпті ешнәрсе бөлінбесе де. Мұндай жағдайда ер кісі сол күннің қазасын және күнәсін жуатын кәффарат өтейді. Әйел кісі күйеуі тарапынан мәжбүрленіп жасаса, сол күннің қазасын ғана өтейді. Алайда, жыныстық қатынасқа әйелі күйеуін мәжбүрлесе, кәффаратын өтеу екеуіне де – парыз.

2. Рамазан айында күндіз біле тұра ішіп-жеу, мейлі тамақ, мейлі дәрі қабылдасын. Шылымды тастай алмай жүрген кісінің біле тұра күндіз шылым шегіп қоюы да осыған кіреді.

Кәффарат өтеу міндетіне қажетті шарттар:

Ораза ұстаушының

- кәмелет жаста болуы;

- рамазан оразасына ниетті түнде жасауы; - сапарда немесе науқас болмауы;

- біреу тарапынан зорланып істемеуі;

- біле тұра істеуі;

- қателеспеген және ұмытпаған болуы.

 

Кәффарат өтеу жолы

Рамазан оразасының бір күнін немесе бірнеше күнін әдейі бұзған кісі бір ғана кәффарат өтейді. Кәффарат дегеніміз – шариғаттың мұсылманға қолданатын ескерту шарасы. Рамазан оразасын әдейі бұзған мұсылман қатесін төмендегідей тәртіпке сай жуады:

1. Денесінде айыбы жоқ, дені сау құл азат ету. Құлдың мұсылман болуы шарт емес. Азат ететін құлы болмаса, құлдың құнын төлейді.

2. Құл азат етуге немесе құнын төлеуге шамасы келмесе, екі ай бойы, яғни алпыс күн үзбей ораза ұстайды. Әйел кісі кәфаратын хайыз немесе нифас келген аралықта үзіп, сосын қайта жалғастырады.

3. Әлсіздік пен ауруға байланысты екі ай оразаға шамасы келмесе, алпыс міскінді тамақтандырады. Тамақтандыру екі мезгіл тамақты құрайды: әр міскіннің таңғы асы мен кешкі асын көтереді. Немесе әр міскінге түскі ас екі еселеніп беріледі. Сол секілді алпыс күн бойы бір міскінді тамақтандырса да болады. Өйткені ол бүгін тамақ ішкенімен, ертең қайта мұқтаж күйге айналады. Тамақтандыру дегенде – міскінді тойғызу көзделеді. Мұның көлемі: 1кг 375,5 г бидаймен (ұнмен) немесе 2кг 751г құрма не арпамен беріледі. Бұлардың орнына құны берілсе де болады.

Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын):: «Бір кісі Пайғамбарға келіп «Ей, Алланың елшісі, құрыдым!», – деді. Ол: «Сені не құртты?», – деп сұрады. Ол: «Рамазанда (күндіз) әйеліме жақындап қойдым», – деді. Ол: «Азат ететін құл таба аламысың?», – деді. Ол: «Жоқ», – деді. Ол : «Екі ай бойы үзбей ораза ұстай аламысың?», – деді. Ол: «Жоқ», – деді. Ол : «Алпыс міскінді тамақтандыратын нәрсе таба аламысың?», – деп сұрады. Ол: «Жоқ», – деді. Сосын Алланың елшісі біраз үндемей отырды. Сол уақытта оған біреу бір себет құрма әкелді. Пайғамбар  әлгі кісіге: «Мынаны садақа етіп тарат», – деді. Ол: «Бізден мұқтажырақ адам бар ма екен? Қаламыздың екі арасында орналасқан жұрттың ішінде бұл нәрсеге бізден мұқтажырақ отбасы жоқ шығар?», – деді. Мұны естіген Пайғамбар жымиып, тіпті күрек тістері көрінді. Сосын оған: «Бар да, осы құрмамен отбасыңды тамақтандыр», – деді деген.

Екінші: Шариғат тарапынан рұқсатсыз ашылған оразаның қазасын ғана өтеуді парыз ететін жағдайлар:

1. Тамаққа жатпайтын нәрсені әдейі қабылдаса. Мысалы, дәрі қабылдаса немесе бір дән, ұн, жемістің сүйегі, қағаз, мақта, тас, ұсақ темір, топырақ, былғары, тиын секілді заттарды аузына салып, жұтып қойса. Сол секілді құлағына, мұрнына, аузына, жыныс жолдарына дәрі тамызса, аузына түскен жаңбыр тамшысын, қар немесе бұршақты жұтып қойса, сол күнгі оразаның қазасын ғана өтейді.

2. Жыныстық қатынас болмағанымен, жұбайын құшақтап, сүйгендіктен немесе басқа жолдармен шәует бөлінсе.

3. Өзін-өзі құстырса. Немесе мәжбүрлі келген құсықты жұтып қойса.

4. Ұмытып тамақ жеген кісі үкімді білмегендіктен, оразасын бұзылған санап, тамақ жеуін жалғастырса.

5. Біреудің тарапынан тамақ ішуге немесе жұбайы тарапынан жыныстық қатынасқа мәжбүрленсе.

6. Аузымен немесе мұрнымен әдейі кез келген түтінді жұтса.

7. Таңғы уақытта ораза болып, күндіз сапарға аттанған кісі тамақ жеп қойса, немесе әйеліне жақындасса, сол күннің қазасын өтейді.

8. Таң әлі атпаған шығар деп бір нәрсе жеп-ішсе немесе әйеліне жақындасса, сосын өзіне таңның атып қойғаны анықталса, қазасын өтейді. Сол секілді күн батқан шығар деп, алайда күн әлі батпаған уақытта ауыз ашып қойған кісі де осылай істейді. Кім таң атпай тамақ жеп отырғанда немесе жұбайына жақындасып жатқанда таң ата бастағанын біліп бірден тоқтаса, оразасы дұрыс саналады.

9. Ораза болған кісі күндіз ауру сезсе, сосын тамақ ішпесем зиян бола ма деп қорыққандықтан аузын ашса, алайда ешқандай ауру жоқ екені анықталса, кейін сол күннің қазасын өтейді.

10. Тістің еті қанап, ол сілекейдің көп бөлігін құраса, сөйтіп оны жұтса, сол күнгі оразасы бұзылады. Сілекейдің аз ғана бөлігін құраса, сілекей үкімі жүреді.

Үшінші: Шариғат тарапынан ашуға рұқсат етілгенімен, оразаның қазасын өтеуді парыз ететін жағдайлар:

1. Сырқат. Рамазан айы туғанда нақты ауырған кісінің ораза ұстауы аурудың асқынуына, емнің кешігуіне кедергі болған жағдайда оған ораза ұстамауына болады. Оразаның ауруға зиянды екені не өзінің бұрынғы тәжірибесінен, не білікті мұсылман дәрігердің нұсқауымен анықталуы қажет. Ұстамаған күндерінің қазасын сауыққанда өтейді. Қатты науқас кісіге: «Ауырсам да ұстай беремін», – деп шешім жасамағаны жөн.

2. Сапар. Сапардың бейнесі намазды қысқартып оқуға рұқсат ететін болуы шарт. Бұл 85-90 км қашықтықпен жүзеге асады. Сондай-ақ сапарға шығатыны таң атпай белгілі болуы шарт. Жолаушы кісіге рамазан айында ауыз ашуына болады. Кейін қазасын өтейді. Алайда, ораза кісі сапарға таң атқан соң шешім қабылдаса, оған сол күнгі оразасын үзуіне болмайды. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Ал кім науқас не сапарда болса, санын басқа күндері толтырсын!», – деген. Сапарда ораза ұстау үкімі

Бізде, мәликилер мен шафиғилерде, сондай-ақ ханбалилердің бір пікірінде егер қиын болмаса, сапарда ораза ұстамағанға қарағанда ұстаған абзал. Ал қиын болса, ұстамағаны абзал. Бізде және шафиғилерде тіпті сүннет саналады. Бұндай көзқарасқа тоқтауларына негіз болған дәлелдер төменде келтіріледі:

Алла Тағаланың Құран Кәрімдегі: «Ораза ұстауларың өздеріңе жақсы, әрине, егер білетін болсаңдар?!», – деген сөзінің жалпылаушы мағынасы.

Ибн Аббас (Алла оған разы болсын): «Алланың елшісі сапарда ораза ұстаған және ұстамаған кездері де болған. Сапарда кім қаласа, ұстайтын, кім қаласа, ұстамайтын», – деп айтқан3.

Әбу ад-Дарда (Алла оған разы болсын): «Алла елшісімен бірге қатты ыстық күндері болған сапарларымыздың бірінде көргенім, күннің ыстық болғаны соншалықты, бәріміз ыстықты қайтару үшін қолымызды маңдайымызға қоятынбыз. Сонда арамызда Алла елшісі мен Абдулла ибн Раууахадан басқа ораза ұстаған ешкім болмаған еді», – деген.

Анас (Алла оған разы болсын): «Біз Пайғамбармен бірге сапарға шыққан кездерімізде арамызда ораза ұстаған кісі аузы ашық кісіні, ал аузы ашық кісі ораза ұстаған кісіні еш айыптамайтын», – деп айтқан.

3. Шайқас. Ораза кезінде шайқастың күндіз болатыны белгіленсе, онда әлсіреп қалмас үшін оразасын үзуіне рұқсат етіледі. Жәбир ибн Абдулла (Алла оған разы болсын): «Алланың елшісі жеңіс жылы рамазан айында Меккеге қарай аттанып, Куроо` әл-Ғамиим деген сайға келіп тоқтағанша аузы берік болды. Қасындағы адамдар да ораза ұстаған еді. Сол уақытта оған: «Расында, адамдарға сапарда ораза ұстау қиын болып тұр. Адамдар сіз не істер екен деп күтуде», – делінді. Пайғамбар екіндіден кейін бір тостаған су алдыртып, адамдардың көзінше оны ішіп алды», – деп риуаят еткен.

4. Жүкті немесе бала емізуші әйелге. Жүкті немесе бала емізуші әйел білікті мұсылман дәрігердің нұсқауымен немесе өмірдегі тәжірибесіне сай, өз денсаулығы не нәрсетесі үшін қорықса, ораза ұстамауына рұқсат етіледі. Алайда кейін қазасын өтеуі парыз. Анас ибн Мәлик (Алла оған разы болсын) Пайғамбардың: «Шындығында, үстем әрі ұлы Алла жолаушы үшін ораза мен жарты намазды түсірді. Сол секілді жүкті әйелдің және бала емізуші әйелдің мойнынан да оразаны түсірді», – деп айтқанын жеткізген.

5. Ауыр еңбектегі кісі. Қатты шөлдеуі немесе қатты қарны ашуы нәтижесінде көзі қарауытып, әлсіздік пайда болса, басы айналса, оразасын үзуіне болады. Негізінде, ауыр еңбектегі кісілерге кезекті демалыстарын рамазан айына жоспарлағандары жөн болады. Өйткені бұл айда мұсылман тек күндізгі оразамен ғана емес, сондай-ақ тарауық намазын атқарумен, Құран оқумен, тағы да басқа құлшылық түрлерімен шұғылданғаны абзал.

Ескерту: Бұл кісілердің бірі себебі тоқтаған бетте көз жұмса, қазасын өтеу мойнынан түседі. Алайда себеп тоқтаған соң қазасын өтеуге шамасы келетіндей бірнеше күн өткенде көз жұмған кісі үшін артында қалған мұрагер оның қарыз күндерінің есесін (пидия) төлейді. Парыздың есесін төлеу дегеніміз – жарты сағ ұнмен немесе бір сағ құрма, мейіз, арпа немесе оларды ақшалай беру жолымен міскінді тамақтандыру. Ақшалай беру абзал. Барлық қазаларының есесін бір ғана пақырға беруге де болады. Мұрагер кісі өзіне марқұм өсиет еткен мұраның үштен бірімен парыздың есесін төлейді. Төленетін ақшаның көлемі бұдан асса, асқан құнды төлеу міндет емес. Өсиет тастауға үлгермеген марқұм үшін мұрагердің өз малынан төлеген ақшасымен марқұмның мойнынан парыз түседі. Марқұм үшін оразасын немесе намазын атқарып қайтару дұрыс емес. Ибн Аббас (Алла оған разы болсын):  «Ешкім біреу үшін ораза ұстамайды және ешкім біреу үшін намаз оқымайды. Алайда әр күннің орнына бір мудд бидаймен пақырды тамақтандырса болады», – деп айтқан.

материал «Ораза энциклопедиясы» кітабынан алынды,

ummet.kz



Бөлісу: