26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Намаз оқуға тыйым салынатын уақыттар

Намаз оқуға тыйым салынатын уақыттар

Намаз

Пайғамбарымыздың хадистерінде намаз оқуға тыйым салынатын уақыттар саны үш мерзім етіп белгіленген. Олар:

1. Күннің шығып бастауы мен бір не екі найзаның деңгейіне көтерілу аралығындағы мерзім.

2. Күн тас төбеде тұрақтауы мен еңкеюі арасындағы мерзім.

3. Күннің батып бастауы мен ұясына толық бату аралығындағы мерзім.

Тыйым салынуына қатысты дәлел: `Уқба ибн `Аамир (Алла оған разы болсын): «Алланың елшісі үш мерзімде: шығып келе жатқан күн көтерілмейінше, тас төбеде тұрақтаған еңкеймейінше, батып бара жатқан күн ғайып болмайынша намаз оқуымызға және мәйіттерімізді жерлеуімізге тыйым салды!», – деген.

Себептері: `Амру ибн `Абаса ас-Суламиден (Алла оған разы болсын): Ол: «Ей, Алланың елшісі! Түннің дұға жауабына ең лайықты мерзімі қайсы?», – деп сұрадым деген. Пайғамбар : «Ол – түннің соңғы бөлігінің іші. Қалағаныңша намаз оқи бер! Расында, бұл мерзімде намазға періштелердің куә болуы мен оның амалға жазылуы таң намазын оқып аяқтағаныңша жалғасады. Сосын күн шыққанша және ол бір не екі найзаға көтерлімейінше намазды тоқтат! Өйткені бұл – күн шайтанның екі мүйізі арасынан көтерілетін және кәпірлердің күнге табынатын мерзімі. Сосын қалағаныңша намаз оқи бер! Расында, бұл мерзімде намазға періштелердің куә болуы мен оның амалға жазылуы найза өз көлеңкесін түзу ұстағанша, яғни күн тас төбеге орныққанша жалғасады. Сосын намазды тоқтат! Өйткені бұл мерзімде жаһаннам жалындап, оның есіктері ашылады. Қашан күн тас төбеден еңкейсе, қалағаныңша намаз оқи бер! Расында, бұл мерзімде намазға періштелердің куә болуы мен оның амалға жазылуы екіндіні оқып аяқтағаныңша жалғасады. Сосын күн батқанша намазды тоқтат! Өйткені бұл – күн шайтанның екі мүйізі арасынан бататын және кәпірлердің күнге табынатын мерзімі», – деді деген.

Хадистерден тарайтын үкімдер:

Бұл хадистерде намаз сөзі парызды да уәжіпті де нәпілдіді де жалпылаушы мағынада айтылған.

Бұл үш мерзімде парыз бен уәжіп намаздарын оқуға және олардың қазасын өтеуге мүлде тыйым салынады. Парыз не уәжіп намазы осы үш мерзімнен сәл алдын басталып, сосын намазда тұрғанда тыйым салынған мерзім кірсе, бірден намазы бұзылады. Имам Әбу Ханифа мен Мұхаммедтің көзқарастарында таң намазын оқып тұрғанда күн шықса, намаз жарамсыз саналады. Ал Әбу Юсуптың көзқарасында бұндай намаз бір ғана себеппен жарамды саналады. Оның көзқарасындағы себеп: «Біз мүлде оқусыз тастап қоя ма деп, жалқау адамдарды бұдан қайтармаймыз», – деген.

Бұл үш мерзімде жасалған тиләуат сәждесі, оқылған жаназа намазы, нәзір намаздары мәкрүһ үкімін сақтауына қарамастан, жарамды саналады. Бұл үш мерзімде нәпіл намаздарын оқу мәкрүһ саналады. Таң намазының алдында бекітілген сүннетінен басқа нәпіл оқу мәкрүһ саналады. Хафсо анамыз (Алла оған разы болсын): «Алланың елшісі таң атқанда жеңіл екі рәкағат сүннеттен басқа нәрсе оқымаушы еді», – деп айтқан. Таң намазының парызынан кейін күн шыққанша.

Бұл мерзімде нәпіл оқу не өткізіп алынған нәпілдің қазасын өтеу, тіпті таң намазының парызынан бөлек өткізіп алынған екі рәкағат сүннетін өтеу де – мәкрүһ. Өйткені оған арналған уақыт – азан мен қамат аралығындағы мерзім.

Таң намазының екі рәкағат сүннеті осы уақытта атқарылуымен ғана күшін сақтайды. Пайғамбар ешқашан таң намазының сүннетін парыздан бөлек қаза етпеген. Омар (Алла оған разы болсын) Пайғамбардың: «Таң намазынан кейін күн шықпайынша оқылатын намаз жоқ! Екінді намазынан кейін күн батпайынша оқылатын намазы жоқ!», – деп айтқанын жеткізген. Таң намазының парызынан кейін кім өткізіп алған екі рәкағат сүннетін оқыса, намазы мәкрүһ уақытта оқылған нәпілге айналады да таң намазының екі рәкағат сүннеті деген күшін жоғалтады. Өйткені оның негізгі уақыты – азан мен қамат арасындағы мерзім. Екіндіден кейін күн батқанша. Бұл мерзімде тіпті бесіннің парызынан бөлек өткізіп алынған екі рәкағат сүннетін өтеу де – мәкрүһ. Умму Саламадан (Алла оған разы болсын): Алла елшісі екіндіні оқыған соң менің үйіме келіп бірден екі рәкағат намаз оқыған еді. Мен: «Ей, Алланың елшісі! Сіз бір намаз оқыдыңыз. Ондай намазды бұрын оқымаушы едіңіз?», – деп сұрадым. Ол: «Маған адамдарға үлестірілетін зекет малы әкелініп, бесіннен кейін оқиытын екі рәкағаттан алаңдап қалдым. Сөйтіп сол екеуін оқыған едім», – деп жауап берді. Мен: «Ей, Алланың елшісі! Біз де екі рәкағатты өткізіп алсақ, қазасын өтеуіміз керек пе?», – деп сұрадым. Ол: «Жоқ!», – деді деп айтқаны риуат етілген. Күн батып бара жатқанда сол күннің кешіккен екіндісін оқып тұрған кісінің намазы тыйым салыну үкіміне қарамастан, жарамды саналады.

Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын) Алла елшісінің: «Кім күн батпай тұрып екіндінің бір рәкағатына үлгерсе, онда екіндіге үлгерді», – деп айтқанын жеткізген. Сонымен қатар Буройда (Алла оған разы болсын) Пайғамбардың: «Кім екінді намазын атқарусыз қалдырса, амалы жойылады», – деп айтқанын риуаят еткен. Бізде және мәликилерде ақшамның азаны мен қаматы арасында нәпіл оқу мустахаб емес. Бұл уақыт өз алдына мәкрүһ емес, бірақ ақшамды әуелгі уақытынан кешіктіру мәкрүһ. Сондай-ақ Алла елшісінің ақшам алдында өзі бастап екі рәкағат оқығаны туралы не соған қызықтырғаны туралы кесімді хабар жоқ. Ақшам алдындағы екі рәкағатқа қатысты кейбір хадистер: Анас ибн Мәлик (Алла оған разы болсын): «Азаншы азан шақырған соң Пайғамбардың сахабаларынан бірқатар адамдар ұстындарға қарай ұмтылып, Пайғамбар шыққанша намаз оқушы еді. Олар ақшамның алдында да дәл осылай намаз оқыған. Азан мен қаматтың арасында еш үзіліс болмаған», – деп айтқан. Тағы бір риуаятта: «Екеуінің арасында азғана үзіліс болған», – делінген.

Абдуллаһ әл-Музании (Алла оған разы болсын) Пайғамбардың: «Ақшамның алдында намаз оқи беріңдер», – деді. Үшінші мәртеде адамдардың оны сүннет етіп алуларын ұнатпай: «Кім қаласа», – деді деп айтқан. Анас ибн Мәлик (Алла оған разы болсын): «Алла елшісі заманында ақшам алдында екі рәкағат оқығанмын», – деді. Мен: «Алла елшісі бұл істеріңді көрді ме?», – деп сұрадым. Ол: «Иә! Бізге оны бұйырмады да тыймады да», – деді деген.

Тооус «Ибн Омардан (Алла оған разы болсын) ақшам алдындағы екі рәкағат туралы сұралғанда ол: «Алла елшісі заманында ол екеуін оқыған ешкімді көрмедім», – деді деп риуаят еткен. Жәбир (Алла оған разы болсын): «Алла елшісінің әйелдерінен: «Алла елшісінің ақшам алдында екі рәкағат оқығанын көрдіңдер ме?», – деп сұраған едік. Олар: «Жоқ! Тек Умму Салама: «Пайғамбар менің қасымда оны бір ғана мәрте оқыған. Мен одан: «Бұл қандай намаз?», – деп сұрағанымда ол: «Екіндінің алдында екі рәкағат оқуымды ұмытып, соны қазір оқыдым», – деп жауап берді дегенін риуаят еткен.

Хадистердің нәтижесі: Ибн Баттол «Шарх Сахих әл-Бухари» (3/175) кітабында «Алдымызда өткен буындар ақшам алдында нәпіл оқу үкіміне қатысты қайшылыққа түскен. Олардың бір тобы мубах деп таныса, басқалары мәкрүһ деп есептеген. Убайй ибн Ка`б, Абдрахман ибн `Ауф және Са`д ибн Әби Уаққоостардың оны оқығандары туралы риуаяттар жеткен. Хасан мен Ибн Сирин де оны атқарған. Сондай-ақ бұл – имам Ахмад пен Исхақтың көзқарастары. Ибраһим ан-Нахоо`и: «Бұл екі рәкағатты Әбу Бәкір, Омар және Османдар оқымаған», – деген.

Тағы бір сөзінде: «Алла елшісінің Куфада орныққан Әли, Ибн Масғуд, Хузайфа, Аммар және Әбу Масғуд деген сахабаларды көрген табиғиндер маған олардың ешбіреуінің ақшам алдында екі рәкағат оқымағаны туралы хабар еткен», – деп айтқан. Бұл сондай-ақ Әбу Ханифаның, Мәликтің және Шафиғидің көзқарастары», – деген.

Жұма күні имам мінбеге шыққаннан парызды аяқтағанша. Бізде және мәликилерде жұма және айт күндері имам құтпа айтқанда қандай болмасын нәпіл, тіпті мешітке сәлем намазын атқару мәкрүһ саналады. Құтпаны тыңдау – парыз, ал мешітке сәлем намазы – нәпіл. Мешітке сәлем намазы үшін құтпаны тыңдаусыз қалдыруға, тіпті біреуді жақсылыққа бұйыру мақсатында азғантай сәт алаңдауға рұқсат етілмейді. Сондықтан имам мінбеге шыққан кезде намаз да, сөз де тоқтайды. Бұл уақытта мешітке кірген кісі намаз оқымай, тыныш отыра қалады. Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын) жеткен Алла елшісінің: «Жұма күні имам құтба айтып тұрғанда қасыңдағы кісіге: «Сөйлемей, тыныш отыр!», – десең, бос сөз айтқан болдың», – деп айтқанын риуаят еткен. Абдулла ибн `Амру (Алла оған разы болсын):  «Жұмаға үш түрлі кісі қатысады. Біреуі жұмаға қатысады және онда бос сөз айтады. Бұның алған үлесі осы болады. Келесі кісі жұмаға қатысады және дұға жасап отырады. Алла оның дұғасына қаласа, жауап береді, қаласа, жауап бермейді. Тағы бір кісі жұмаға тыныш және үндемей қатысады, мұсылманның мойнынан аттамайды, ешкімді ренжітпейді. Оның жұмасы келесі жұмаға дейін және тағы үш күн артығымен кәфарат болып жазылады. Өйткені Алла Тағала: «Кім жақсылық істесе, оған тағы сондай оны бар», – деп айтқан дегенін риуаят еткен. Абдулла ибн Буср (Алла оған разы болсын): «Пайғамбар жұма күні құтпа айтып тұрған еді. Бір кісі келді де адамдардың үстілерінен аттай берді. Сонда Пайғамбар оған: «Отырсаңшы, мазаладың ғой», – деді деп айтқан.

Қамат айтылған кезде. Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын) Алла елшісінің: «Намазға қамат айтылған кезде парыздан басқасы оқылмайды», – дегенін риуаят еткен. Бұл уақытта таң намазы сүннетін оқып үлгермеген кісі оны қаза қылмас үшін, әрине, егер жамағатқа үлгеретінін білсе, тездетіп оқуына болады. Әйтпесе бірден парызға ілеседі. Өйткені таң намазының екі рәкағат сүннеті бекітілген сүннеттердің ішіндегі ең беделдісі саналады. Сол үшін ғана, сондай-ақ парызға үлгеру шартымен рұқсат етіледі. Айша анамыз (Алла оған разы болсын) Алла елшісінің: «Таң намазының екі рәкағат сүннеті дүниеден әрі ондағы нәрселерден артық», – деп айтқанын жеткізген.

Айт намазынан алдын. Бұл мерзімде мейлі үйде, мейлі мешітте болсын, имамға да ерушіге де нәпіл оқу – мәкрүһ. Сондай-ақ айт намазы аяқталғанда мешітте нәпіл оқу үкімі де – мәкрүһ. Ал үйге оралғанда екі рәкағат нәпіл оқу – мустахаб. Әбу Сағиид әл-Хұдри (Алла оған разы болсын): «Алла елшісі айт намазының алдында ешқандай намаз оқымаушы еді. Ал үйіне оралғанда екі рәкағат намаз оқитын», – деген.

Арафа мен Мүздәлифада қажы кісі қосып оқитын екі парыздың арасында. Жағфар ибн Мұхаммед әкесінен (Алла оған разы болсын): «Пайғамбар Арафада бір азанмен және екі қаматпен бесін мен екіндіні қосып атқарғанда екеуінің арасында нәпіл оқымаған. Және Мүздәлифада бір азанмен және екі қаматпен ақшам мен құптанды қосып атқарғанда екеуінің арасында да нәпіл оқымаған», – деп жеткізген.

материал «Фиқһ іліміне кіріспе» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: