25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Жолым байланып тұр, қалай ашам?

Жолым байланып тұр, қалай ашам?

Сұрақ-Жауап

Ассалаумағаләйкүм!

Сұрайын дегенім, ешбір жолым болмай жүр. Жұмысымда да қиындықтар басталып кетті. Соның салдарынан ба, денсаулығым да сыр бере бастады. Үй ішінде де ұрыс-жанжал. Жолымды қалай ашамын. Тәуіптерге күнә болады деп баруға қорқамын.

Уағаләйкүм ассаләм!

Ең әуелі, өмірдегі қиындықтарға – қиындық деп қарауды доғару керек. Қиындықтарды – мүмкіндіктер деп қабылдаңыз. Өмірдегі келесі белеске өту кезеңі деп біліңіз. Рухани және тұрмыстық тұрғыдан өрлеуге, дамуға берілген мүмкіндік екенін ұмытпаңыз.

Алла Тағала күміс есікті жапса, алтын есікті ашады деген нақыл сөз бар. Ал, енді ауыртпалық жеңілдеп, ісіңіз оңғарылуы үшін мынадай амалдарды істеуге кеңес береміз:

  1. Истиғфар.Истифғар – біліп-білмей жасаған қате-күнәлар үшін Алла Тағаладан кешірім сұрап, тәубе ету. Истиғфар жөнінде, Ибн Аббас (р.а.): «Кімде-кім истиғфар айтуды әдетке айналдырса, Алла Тағала оған тығырықтан шығатын жолды көрсетеді, уайым-қайғысынан кейін қуаныш береді және ойламаған жерден ризық-несібесін береді[1]», - деген риуаят жеткізген. Истиғфарды әдетке айналдыру дегеніміз ең аз дегенде күндіз жүз рет, кешкі уақытта жүз рет айтқан жөн[2]. Истиғфардың көптеген нұсқалары бар. Мысалы, қысқа да нұсқа түрі: «Астағфируллаһ ал-Ъазымал ләзи лә иләһә иллә Һуал Хайюл Қойюм уә әтубу иләһ[3]». Мағынасы: «Өзінен басқа Құдай жоқ Ұлық Алладан жарылқау тілеп, Оған тәубе етемін. Ол – Хай, Мәңгі Тірі және Қаюм, барша тіршілікті бақылаушы Алла».
  1. Салауат.Салауат – Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) арналған дұға. Салауат дұға-тілектің қабыл болуына бірден бір себепші дұға. Фудәлә бин Убайд (р.а.) риуаяты: «Пайғамбар (с.ғ.с.) салауат айтпай дұға жасап отырған кісінің дауысын естіде де: Мынау асығыстық жасауда, - деп оны шақырып алды. Соңыра: Сендер дұға жасайтын болсаңдар, әуелі Алла Тағалаға мақтау айтудан бастаңдар, сосын салауат айтыңдар, содан кейін қалаған (тілектеріңді айтып) дұға жасаңдар[4]», - деді. Убай бин Кағб (р.а.) риуаяты «Мен: Уа, Алла Елшісі! Сізге көп салауат айтамын. Дұғамда қанша рет салауат айтайын, - деп сұрадым. Пайғамбар (с.ғ.с.): Қалауыңша, - деді.

-Төрттен бірін бе?

-Қалауыңша, арттырсаң саған жақсы болады.

-Дұғамның жартысын ба?

-Қалауыңша, арттырсаң саған жақсы болады.

-Үштен екісін бе?

- Қалауыңша, арттырсаң саған жақсы болады.

-Онда, дұғамды толығымен салауат етейін бе?

-Олай болса, уайым-қайғыңа қарсы жетерлік етесің және қате-күнәң кешіріледі[5]», - деді. Бұл хадисте, салауат айту қиыншылықтың жеңілдеуіне, шаруаның оңалуына үлкен септігі тиетіндігі айтылуда.

  1. Садақа.Хадисте: «Таң атқанда екі періште жерге түсіп, бірі: Уа, Алла, берушіге берекет бер! – деп, ал екіншісі: Уа, Алла, қолы тарға таршылық бер! - деп дұға етеді[6]», - делінген. Имам Муслим мен Бұхариде: «Садақамен мал-дүние кемімейді», - деген хадис айтылған.

 Руслан Қамбар


[1] Әбу Дауд, Насаи

[2] Жамиъ Усул фи ахадис расул, 5-6 бөлім, 150-бет

[3]Әбу Дауд, Тирмизи

[4]Тирмизи

[5]Тирмизи, Ахмед, Ибн Шайбә, Байһақи

[6]Бұхари, Муслим

Бөлісу: