25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Бір рет жуса дәрет толық санала ма?

Бір рет жуса дәрет толық санала ма?

Сұрақ-Жауап

Ассаләмүғаләйкум!

Жалпы дәрет алғанда үш рет жуу қандай амал? Басқа және мойынға мәсіх тартуда да үш рет болуы керек пе? Наурызбай

Уағаләйкүмүссәләм!

Дәрет алғанда ауыз-мұрынды үш рет шаю, бет-жүз бен қол-аяқты үш рет жуу – сүннет амал. Бас пен құлаққа келсек мәсіх бір рет тартылады. Бұл да сүннет.

Фиқһ кітаптарында Әбу Хаяттың: «Мен Әлидің (р.а.) қос қолын білезікке дейін тазалап жуып, сосын үш рет ауыз шайғанын, үш рет мұрын шайғанын, үш рет бетін жуғанын, үш рет қолын шынтағымен қоса жуғанын, басына бір рет масіх тартқанын және екі аяғын тобығымен бірге үш рет жуғанын, соңынан түрегеп тұрып қалған дәрет суынан ішіп, «Мен сендерге Алла Елшісінің (с.ғ.с.) қалай дәрет алғанын көрсеткім келді» дегенін көзіммен көрдім[1]», – деген риуаяты бар.

Ескере кететін жайт, су тапшы болған жағдайда дене мүшелерін бір рет жууға рұқсат етіледі. Бұған негіз ретінде Әбу Һурайрадан (р.а.): «Пайғамбар (с.ғ.с.) дәрет алып дене-мүшелерін бір-бір реттен жуды да: «Бұл Алла Тағала қабыл ететін дәрет», – деді. Сосын екі-екі реттен жуып: «Бұл Алла тағала сауабын екі есе ететін дәрет», – деді. Соңыра үш-үш реттен жуып дәрет алды да: «Міне, бұл менің дәретім және менен алдын өткен пайғамбарлар дәреті»,– деді[2]»,– деген риуаят бар.

Руслан ҚАМБАР


[1] Әдиллат әл-ханафиа мин ахадис ән-набауиа ъала масаил әл-фиқһиа, 32-бет

[2]  Әл-Лубәб, 17-бет

Бөлісу: