25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Имамға кешігіп ұйыған адам намазын қалай жалғастырады?

Имамға кешігіп ұйыған адам намазын қалай жалғастырады?

Сұрақ-Жауап

Ассаламуғалайкум, имам намаз бастап кеткенен кейін келіп ұйып жатады. Сонда намазды қалай оқиды? Кешігіп қалған рәкағаттар қалай толықтанады? (Аршын)

Уағалайкуммассалам, Аршын баурым. Өте орынды сұрақ.

Имамға намаздың ортасында немесе аяғында, мысалы, бір, екі яки үш рәкаттан кейін ұйыған адамға «мәсбуқ» делінеді.

Мәсбуқ имамға жария оқылған намазда үлгерсе, «субханака» дұғасын оқымастан имамға құлақ асады. Сосын үлгермей қалған рәкаттарын жалғастыру үшін тұрған уақытта субханака дұғасын оқиды.

Таң намазының екінші рәкатына үлгерген жағдайда...

Имамға таң намазының екінші рәкатында үлгерген адам ифтитах (намазға бастау) тәкбірін алғаннан кейін ары қарай имамды тыңдайды. Соңғы отырыста тек қана «әт-тәхият» дұғасын оқиды. Имам екі жаққа сәлем бергеннен кейін дереу тұрып, үлгермей қалған бірінші рәкатын жалғастырады. «Субханака» дұғасы мен «ә’узу мен бисмиллаһты», сосын «Фатиха» мен қосымша сүрені оқығаннан кейін рүкүғ, сәжде, соңғы отырыс жасап, намазын аяқтайды.

Ақшам намазының екінші рәкатына үлгерген жағдайда...

Имамға ақшам намазының екінші рәкатында ұйыған адам үлгермей қалған бірінші рәкатын тура таң намазының екінші рәкатына үлгерген адам сияқты оқиды.

Ақшам намазының соңғы рәкатына үлгерген жағдайда...

Ақшам намазының соңғы рәкатына үлгерген адам ифтитах (намазға бастау) тәкбірін алғаннан кейін «субханака» дұғасын оқып, ары қарай сол рәкатты имаммен бірге тәмамдайды. Имам сәлем бергеннен кейін тұрып «субханака» дұғасы мен «ә’узу мен бисмиллаһты» сосын «Фатиха» мен қосымша сүре оқып, рүкүғ және сәжде жасап отырады. Бұл отырыста тек қана әт-тахият дұғасын оқып, қайта тұрады. Бисмиллаһтан кейін «Фатиха» және қосымша сүре оқып, рүкүғ және сәжде жасағаннан кейін соңғы отырысқа отырады. Бұл жерде «әт-тәхият», «салауат», «раббанә әтина» дұғаларын толық оқып, сәлем беріп, намазын аяқтайды. Ақшам намазының екінші рәкатына үлгерген адам үш рет тәшәһһүдке отырады. Бірақ екінші рәкаттың соңында қателесіп, отырмай қалса, сәһу сәждесі қажет емес.

Төрт рәкатты намаздың соңғы рәкатына үлгерген жағдайда...

Төрт рәкатты намаздың төртінші рәкатында имамға ұйыған адам имам екі жаққа сәлем бергеннен кейін тұрып, «субханака» дұғасы мен «ә’узу мен бисмиллаһты» және «Фатиха» мен қосымша сүре оқып, рүкүғ және сәжде жасап отырады. Бұл отырыста тек қана «әт-тахият» дұғасын оқып, қайта тұрады. «Бисмиллаһтан» кейін «Фатиха» және қосымша сүре оқып, рүкүғ, сәждеге барып соңғы рәкатқа тұрады. Бисмиллаһтан кейін тек қана «Фатиха» сүресін оқып, рүкүғ, сәждеге барып, соңғы отырысқа отырып, «әт-тәхият», «салауат», «раббанә әтина» дұғаларын толық оқып, сәлем беріп, намазын аяқтайды.

Төрт рәкатты намаздың үшінші рәкатына үлгерген жағдайда...

Төрт рәкатты намаздың үшінші рәкатында имамға ұйыған адам имам соңғы отырысқа отырған уақытта тек қана «әт-тәхият» дұғасын оқиды. Имам сәлем бергеннен кейін тұрып, «субханака» дұғасы мен «ә’узу мен бисмиллаһты» және «Фатиха» мен қосымша сүре оқып, рүкүғ, сәжде жасап қайта тұрады. Бисмиллаһтан кейін «Фатиха» және қосымша сүре оқып, рүкүғ, сәждеге барып, соңғы отырысқа отырып, «әт-тәхият», «салауат», «раббана әтина» дұғаларын толық оқып, сәлем беріп, намазын аяқтайды.

Төрт рәкатты намаздың екінші рәкатына үлгерген жағдайда...

Төрт рәкатты намаздың екінші рәкатында имамға ұйыған адам, имам соңғы отырысқа отырған уақытта тек қана әт-тәхият дұғасын оқиды. Имам сәлем бергеннен кейін тұрып, «субханака» дұғасы мен «а’узу мен бисмиллаһты» және «Фатиха» мен қосымша сүре оқып, рүкүғ, сәжде жасап, соңғы отырысқа отырады. Бұл жерде «әт-тәхият», «салауат», «раббана әтина» дұғаларын толық оқып, сәлем беріп, намазын аяқтайды. Имамға рүкүғда үлгерген адам сол рәкатқа үлгерген саналады. Имамға сәжде немесе отырыста үлгерген адам дереу ифтитах (намазға бастау) тәкбірін алып, имамға ұйиды.

Жауап «Ислам ғылымхалы» кітабы негізінде дайындалды

Бөлісу: