Сұрақ: Ислам діні жұқпалы дерттен қорғану туралы не айтады?
Жауап: Ислам діні бір қандай қауіп-қатер болмасын оның алдын алуға, онымен дер кезінде күресуге, індеттің таралмауына баса назар аударады. Хақ діннің үкімдерінің негізгі қорғайтын бес нәрсесі – дін, ақыл, мал-мүлік, ар-намыс пен ұрпақ және адам өмірі («Исра» сүресі, 33-аят) екені белгілі. Алла Тағала Құран Кәрімнің Худ, Мәрием, Нұр, Талақ, Бақара, Қассас, Зарият, Араф, Фатыр, Нахл, Исра, Тәкуир, Әнғам, Ниса сүрелерінде адамның денсаулығы мен өміріне қауіпті жәйттардан қорғану туралы жан-жақты баяндайды. Яғни, қасиетті Құрандағы ең маңызды нысанның бірі – адам, оның өмірі мен денсаулығы болып саналады.
Алла Елшісі (с.ғ.с) адам денсаулығын қорғауға қатысты көптеген өсиеттер айтқан. Әз пайғамбардың (с.ғ.с) денсаулыққа қатысты хадис шәріптерінің бір бөлігі адамның физикалық болмысын қуаттандыруға қатысты айтылса, келесі бір бөлігі белгілі бір дерттерден нақты қалай емделу керектігі турасында айтылған. Мысалы, Алла Елшісінің (с.ғ.с) жүгіру, суға жүзу, күреспен шұғылдану, атқа міну, хижама жасату, бал жеу, сүт ішу және өзгеде ризықтармен қоректенудің артықшылығы туралы айтқан хадис шәріптері жалпы адам баласының денсаулығын күтіп ұстауға қатысты айтылған еді. Ал, Алла Елшісі (с.ғ.с) өзінің хадис шәріптерінде ақыл-естің кемістігі, алапес, оба, безгек, көксау, қызылша, тіс ауру, бас ауруы және т.б. дерттерден емделудің нақты жолдарын көрсеткен. Мәселен, Алла Елшісі (с.ғ.с) безгек дертінен емделу жолы ретінде: «Таңғы намаздан кейін күн шыққанға дейінгі аралықта өзенге түссін. Судың ағысына қарсы тұрып былай деп дұға жасасын: «Алланың атымен, уа Аллам! Құлыңа шипа бер…» деп үш күн жасасын. Егер, үш күнде емделмесе, бес күн, жеті күн жасасын. Алланың рұқсатыме бұл дерт тоғыз күннен аспайды» (Тирмизи, Тибб: 33) дейді.
Алла Елшісі (с.ғ.с) дерттердің ішінде жұқпалы аурулардың алдын алуға баса назар аударған. Айталық, ардақты пайғамбар (с.ғ.с) оба ауруы туралы: «Бір жерден оба ауруы шыққанын білсеңіз, ол жерге бармаңыз. Отырған жеріңізден оба ауруы шықса, басқа жерге қозғалмаңыз», (Бұқари, Тибб: 30, Муслим, Сәлам: 92. Тирмизи, Жанайз: 66) – дейді. Бұл хадистен Алла Елшісінің (с.ғ.с) жұқпалы індеттің таралып кетпеуіне баса көңіл бөлгенін аңғарамыз. Яғни, адам көздеген мақсатыңа қол жеткізу үшін, пәлекеттен қорғану үшін алдымен қолынан келер бар әрекетін жасауы керек. Алла Елшісінің (с.ғ.с): «Әуелі түйені байлап, сосын тәуекел ет» (Тирмизи, Қияма: 60) деген хадисінің мәні де осында жатыр.
Алла Елшісі (с.ғ.с) 629 жылы Табук жорығына шығып, Сирия жеріне аяқ басып, іле-шала кері шегініп кетуіне осында оба ауруының шығуы себеп болған еді. Әзіреті Омардың (р.а) халифалығы кезінде Шам жорығында, ол жерден оба індетінің шыққанын естіп, кері шегінуі кезінде, Әбу Убайда (р.а): «Алланың тағдырынан қашамысың?» — деген еді. Сонда, Омар (р.а): «Иә, Алланың тағдырынан тағы да Алланың тағдырына қашып барамыз» (Бұқари, Тибб: 30) деген болатын. Демек, жұқпалы індеттен сақтану – мұсылманның асыл уәзипаларының бірі болып саналады.
Мұхан ИСАХАН
kazislam.kz