Керала штатында ағаш қолөнеріндегі ерекше үлгісімен, көне архитектурасымен танымал Коттаяма қаласындағы (Үндістан) мың жылдық тарихы бар Джума Масджид тұңғыш рет мұсылман әйелдеріне есік ашты, деп жазады rediff.com.
Әйелдер қауымы ежелгі ғибадатхананың ерекше сәулетімен танысу үшін 24 сәуір күні мешітке кіруге мүмкіндік алды.
Мыңдаған мұсылман қыз-келіншектері, туристер осы күні Керала штатының әр аймақтарынан ағылып келді. Әкімшілік қоғам тарапынан туындаған талаптарға байланысты осындай шешім қабылдаған.
«Бұл мың жылдық тарихы бар мешіт. Осы уақытқа дейін әйелдердің кіруіне тыйым салынып келді. Енді мешіттің кеңесу комитеті әйелдерге 24 сәуір мен 8 мамыр аралығында мешітпен танысуына рұқсат ету туралы шешім шығарды» дейді комитет төрағасы Наваб Мулладом.
Айта кетер жайт, мешітке кіру құлшылық үшін емес, тек экскурсия мақсатында танысуға арналады. Бұл кезде ерлер мешітті босатуы керек болады.
Джума Масджидтің тарихы пайғамбар өсиетін Керала штатына таратқан Мәлик ибн Динар дәуірінен басталады.
ummet.kz-ақпарат